МӘДЕНИЕТ
«Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті неге айтысқанын білесіз бе?
Қалың қазақ еліне көздің ағы мен қарасындай қатар қызмет еткен бұл екі басылымды бір-біріне қарсы қойып қарастыруға болмайды. Кейбір мəселелерде екеуінде пікір алалығы кездеспей қалмаған. Бірақ, ол мақсат бөтендігінен емес, соған жетуде ұстанған жолдарының əртүрлілігінен туындап отырған. Бұл турасында кезінде көрнекті қалам қайраткері Б. Майлиннің «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 138-санында жарияланған мақаласында: «Бұл екеуінің кейбір пікірлерінің біріне-бірі қиғаштығы, ол туралы бірсыпыра сөздің болып өткендігі оқушыларға белгілі. Бірақ ол тақырыпта араларында дұшпандық жоқ. Себебі екеуінің де түп мақсаттары бір еді», – деп жазуы сөзімізді тірілте түседі.
Бір кереметі, араларында қанша талас-тартыс болғанына қарамастан, бұл екі басылымның бірінің сөзін екіншісі сөйлеп, бірін-бірі қолдап отырғаны көңіл аудартпай қоймайды. Бұдан оларды шығарушылардың жеке бас қамынан бұрын ұлт мақсатын биік қоя білген азаматтық болмыстарын жете тани түскендей боласыз. Оған бір ғана мысал, «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 148-санында «Айқап» тоқталуы» деген мақала жарияланған. Онда «қазақтың айналдырған жалғыз журналының бірнеше жыл шығып тұрып, ересек болған соң тоқталып қалғанына» қапалы екендіктерін білдіре отырып, «Қазақ» басқармасы «Айқапта» жарияланған журналды шығарушылардың оқырмандарына соңғы арнауын газеттерінде көшіріп басуды өздерінің азаматтық борыштары санайды. Ал «айқаптықтар» болса, өз кезектерінде журналдың қаражат тапшылығынан жабылатындығына өкініштерін білдіре келіп, газет төңірегіндегілерге мынадай тілек-баталарын береді: «Журналды шығарғандағы мақсатымыз халыққа жол көрсетпек еді. Газеташылық, журналшылдық қазақ жігіттерінің қолынан келетін жұмыс екендігін сыпат етпек еді. Біз бұл мақсатымызға жеттік. Ендігі жұмыс оқыған жастардың мойнында».
Негізге ала отырсақ, «Айқап» отаршылдық қысымдағы қазақтың ұлттық санасын оятуға ықпал етіп, халқымыздың саяси және рухани ілгерілеу жолында мейлінше қажетті ділгір мәселелерді өткір көтерді. «Қазақтың» басты бағыты ағартушылық мәселені қамтыды.
Сонымен, «Айқап» пен «Қазақ» не себепті айтысқан? Ол үш түрлі мәселе бойынша өрбіген. Атап айтқанда, жерге орналастыру, съезд шақыру және әліпби түзу жөнінде екі басылым басшылығы бір пікірге келе алмаған. Ол – тарихи шындық. Оны газет-журнал тігінділерінің материалдары да растайды.
Ендігі кезекте, дәлел ретінде келтірсем, «Айқап» журналы мақаласының бір санында “Біз көшпеліліктен бас тартып, отырықшы ел болуымыз керек. Отырықшы болған ел білім алуға мүмкіндік алады, егін егіп, басқа да шаруалармен айналыса алады” деп өз ұсыныстарын ашық түрде жариялаған болатын. Кейіннен «Қазақ» газеті қазаққа 15 десятинадан жер беріліп, отырықшы ел қылудың артында Ресей мемлекетінің құйтұрқы әрекеттерінің жатқандығын баса айтты. Олар қазақ жер беру мәселесін емес, өз пайдаларына көбірек қалдыру жағын ойластырып отырғандығын да алға тартты. Міне, дәл осы ұстанымдары «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының арасында келіспеушілік отын тұтатуға себеп болды.
Отырықшылық заманауи мәдениет, өркениетті тудырғаны рас. Осы тұста «қазақты отырықшы қыламыз» деп ұран салған М. Сералинге қосыла кеткің келеді. Алайда, «Қазақ» жазғандай, әр қазаққа 15 десятина жерден тисе аз қазаққа ұлан-ғайыр даламыз түгелдей тиесілі болмай шығар еді, жерімізден айырылып қалу қаупі тұр еді. Сол уақыттағы көзқараспен өлшесеңіз, «Қазақтың» қаупі де орынды. Сондықтан, екеуінің де пікірі қазаққа қарсы емес, екеуі де ұлттың ертеңі үшін арпалысып жүрген азаматтардың шырылы. Съезді өткізу керек деген «Айқапқа» «Қазақ» газеті бүкіл қазақты бір жерге жинап, елдің мәселесін сөз етуге де әлі ертерек дейді. Бұндай басқосу өткізуге патша өкіметінің рұқсат беруі неғайбыл дейді және осы күдігі расқа айналады. Мұның бәрі «Қазақ» газетінің басындағы А. Байтұрсынов, М. Дулатов сынды азаматтардың саясат мәселесіндегі көрегенділігін көрсетеді.