Білім және ғылым
Соғыстан кейінгі жылдары бүкіл халық өз шаруашылығын қалпына келтірумен айналыса бастады
1945 жылы «Республикалык, өлкелік және облыстық газеттердің сапасын арттыру және көлемін ұлғайту туралы» қаулының қабылдануы баспасөзді дамытуға ықпалын тигізді. Соғыстан кейінгі жылдары республика газеттерінің мазмұны өзгерді. Олар жергілікті өмірді жан-жақты жазатын болды. Экономика мен мәдениет мәселелеріне баса назар аударылды. Газет беттерінде очерк пен фельетон, баспасөз жанрлары жиі көрінді. Сөйтіп баспасөз өзінің жұмысын бейбіт дәуірге бейімдеп қайта құра бастады. Баспасөздің өмірге бейімделуімен бірге, қазақ публицистикасы да орнын таба білді. Соғыстан кейінгі бесжылдықтарда Қазақстан ауыл шаруашылығы жаңа табыстарға жетті. Республиканың көптеген колхоздары дәнді, техникалық және басқа дақылдардан жоғары өнім жинап алды. 1949 жылы егіншілікті шұғыл өркендетудің және колхоздарды ұйымдық-шаруашылық жағынан онан әрі нығайту жылы болды. Партия, совет ұйымдары барлық егіс көлемінен жоғары өнім алу жолында басталған социалистік жарысқа басшылық етті. Бұл кезде баспасөз де ұйымдастырушылық роль атқарды [1].
«Елімізде астық өндіруді одан әрі арттыру туралы, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» шешімі бүкіл елімізде, әсіресе Қазақстанда ауыл шаруашылығы проблемаларын алға нысаналы мақсат етіп қоюға толық жағдай жасады. Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында совет баспасөзі партияның ауыл шаруашылығын онан әрі өркендету жөніндегі тарихи шешімдерін табысты насихаттады.
Әр нәрсенің қайшылығы, қарама-қарсы жақтары болады. Тың игеру туралы талдай, бағалай айтар болсақ, оның пайдасы мен зиянын Камал Смайыловтың «Жолданбаған 27 хат» кітабындағы Ғалым Мэхлистің Тың игеруге байланысты Сүлейменовқа жолдаған хатынан байқай аламыз: «Сонымен тыңның алғаны мен бергенін нақтылы есептеп, салыстырып шығайықшы. Біз өнебойы тыңның бергенін баса, бадырайта айтамыз. Ал, оның қанша алғаннын, ол берген астықтың қаншаға түскенін біз толық ашық айтпаймыз. Сол тың игерілгелі 36 жыдың ішінде одан 700 миллион тонна астық алған екенбіз. Рас, оңайға, арзанға түсті дедік. Соның қосымша, қосалқы шығындарын, жалпы сол тың аймағына түгел жұмсалған қаржыны есептесек, қаншаға барар еді? Сонымен, енді біртіндеп жылма-жыл сол егінге деп жыртылған тың жерлерге тимей, тусыратып жайылым-шабындыққа айналдыра беру, қайтара бастау керек. Басқа амал ,ақыл жоқ. Қаншама еңбек, тұқымдық дән бекерге зая кетіп жатыр. Қанша зиян шығады жыл сайын. Енді соңы тоқтату керек. Мойнына масыл алатын мемлекет енді жоқ» - осы үзіндіден тың игерушілерге адам мекендемеген құла түзге бара жатқандары, олардың иесіз жатқан иен даланы тұңғыш игеруші болатындықтары туралы қазақ халқының ұлттық намысын қорлайтын теріс түсінік бергенін аңғаруға болады. Яғни, тың игеру науқанында республиканың ұлттық-демографиялық ерекшеліктері ескерілмегенін нақты дәлел. Сол кездегі идеология жағдайында оны ескеру мүмкін емес еді. Демографиялық ахуалдың орыс тілді тұрғындардың пайдасына шешілуі қазақ тілі мен мәдениетін ауыр жағдайға ұшыратты. Қазақша тілдік орта тарылды. Қазақша аудандық, облыстық газеттер жабыла бастады. Газеттердің, кітаптардың таралымы азайды. Ақпараттың өзге түрлерінде де жағдай осыған ұқсас болды. Қазақ мектептерінің саны күрт кеміді. Қоғамдық орындарда, экономикалық айналыста, іс жүргізуде орыс тілінің үстемдігі арта берді. Мұның соңы қазақ тілі мен мәдениетінің келешегінің көмескіленуіне әкеліп соқтырды[2].
Қорыта келгенде, тың игеру кезінде қаншама қиын жағдайлар болса да, ондаған мың адамдар орден, медаль және бағалы сыйлықтар алып жатты. Солай болса да, оларға көрсетілген құрмет мамандардың тұрақтауын қамтамасыз ете алмады. Өйткені, олар өндірген материалдық игіліктерге мемлекет тарапынан берілген баға сай емес еді. Ауыл шаруашылығы өндірісі мен халық санының өсуінен тұрғын үй салу қарқыны мен мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету ісі айтарлықтай артта қалды. Бұл жағдай тың игерген облыстардың бәріне тән еді. Сондай-ақ, еңбекші бұқараның ерен ерлігі нәтижесінде Қазақстанда астық өндірудің көлемі артты. Тың игеру экономиканың өзге салаларының дамуына да оңды ықпал етті.
Пайдаланылған әдебиеттер:
[1] stud24.ru
[2] Камал Смайылов «Жолданбаған 27 хат» кітабы «Тың игеру» (98-105 б)