МӘДЕНИЕТ
Мағжан өлеңдерінің оқушының сезімін де, ойын да тәрбиелейтін өзгеше артық күші бар
Ақындық қасиет екі адамның бірінде кездеспейтін ғажайып асыл таланттылық. Ақындар өздері өмір сүрген ортаның тірі пішінді бейнесі әрі шежіресі. Олардың жазып қалдырған туындыларынан өз халқымыздың сол дәуірдегі өмірінің көрінісін, адами мұраттардың қалай қалыптасқандығын, жалпы тарихи-әлеуметтік жағдайдың қалай өрбігендігін, халықтың мәдени, рухани өсуінің, сөз өнерінің даму өресін көруімізге болады.
Суреткерлік шеберлік өмір айдынының әр алуан толқынын ойлы сөзбен өріп, образдар арқылы бере білумен қатар адам жанының эстетикалық (әсемдікке баулушы) тәрбиешісі.
М.Жұмабаев поэзиясы – қазақ поэзиясындағы ерен құбылыс. Ұлы Абайдың ақындыққа, сөз өнеріне қойған талаптарының биігіне шығып, толық жауап бере білген ХХ ғасырдың алғашқы кезеңіндегі айтулы ақындарымыздың бірі. Бүгінде оның поэзиясы жан-жақты зерттелуде, алайда оның ақындық ерекшелігі, қазақ поэзиясына қосқан үлесі толық ашыла қойды деуге болмайды.
Ана тіліміздің керемет сөз байлығын мейлінше еркін пайдаланған ақынның ақындық мәдениеті, суреткерлік шеберлігі әлі талайды тамсандырары сөзсіз.
Егер де ана тіліміздің белсенділік деңгейін көтереміз десек, тілдік шеберлігі мол, көркемдігі күшті туындылар мен олардың авторларының шығармалары, өмір жолы кең көлемде талданып, шығармаларының тақырыптық, идеялық, көркемдік ерекшеліктері туралы үнемі зерттеу жұмыстары жүргізіліп, жалпы жұртқа жарияланып, қажетті жағдайда шет ел тілдеріне де аударылып отырылуы тиіс.
М.Жұмабаев поэзиясы шет ел тілдеріне өз мәнінде аударылса, өзінің көркемдігімен талайды таң қалдырары сөзсіз. Бұл болашақтың жұмысы болып қалар.
Халқымыздың маңдайына біткен жарық жұлдыз, әдебиетіміздің алып тұлғасы, Абай поэзиясынан “ақындықтың әбілхаят суын” (М.Әуезов) қана ішіп, қазақ поэзиясына жарқын да нәзік, сыршыл да сұлу әуезе әкелген сезімтал да сыршыл ақын - М.Жұмабаевтың бар туындысы халқына арналған.
Алдыңғы толқын ағалар Ахмет, Міржақып секілді Мағжанға да замана желі жайлы тимеді. Сол кездегі озбыр саясаттың тақпаған кінәсі болмады. Бірақ, мұның бәрі ақынның елім, жерім, қазағым деп соққан жүрегіне, асау арманына тұсау бола алмады.
Жүрегін жалын атқызған әрбір құбылысқа, селт еткізген нәзік сезімге Мағжан сұлу да сырлы сөздерін арнады. Мағжанның асыл қазынасын, рухани байлығын танып білу, оны талдай отырып, келешек ұрпаққа сол қалпы нәзіктігімен, сыршылдығымен жеткізу біздің міндетіміз.
Өмірдің қанша теперішін басынан өткеріп, сан қилы соқпағына түссе де бар білгенін, бар түсінгенін сол жолдың қилы кезеңін ақырғы досы - жырымен өрнектеген суреткер. Бұған ақын шығармашылығымен тереңірек танысқан сайын көз жеткізіп, ақындық талантын еріксіз мойындайсың. Оның өмір ағыны, заман қабағы, халық тағдыры жайлы сан алуан ойлары, толғанысы мен тебіреністері жырларының өне бойынан айқын көрінеді.
Мағжан қазақ поэзиясын сыршылдыққа бұрды. Адамның ішкі жан әсерлерін қызықтады. Жан әлеміндегі сиқырлы көріністерді, өзгерістерді, мың сан қылт еткен құбылыстарды суреттеу үшін, жүрекке жетер оралымды, бейнелі тіл таба білді.
Өзінің шығармашылықпен өрілген азаматтық, ақындық жолында ақын құдіретті шындық жолынан, халқына деген кіршіксіз махаббатынан айнымады. Осындай адалдығы үшін де, азаматтығы үшін де халқы оны ғасыр жаласы-”халық жауы” деген қасиетсіз атақтан ақтап алды. Ұрпағына өнеге қылып оқытуда әрі Мағжандай жыр сұңқарларының ғажайып өрнегі сурекерлік шеберлігі арқылы өз ұрпағының саналы, көзі ашық, сөз қадірін түсінерліктей болып өсуіне қамқорлық жасап келеді.
Ана тіліміздің қасиетті құндылығын, икемділігі мен нақыштылығын, сөздік қорының қисапсыз байлығы туралы білгісі келген жанға Мағжан поэзиясы таптырмас мектеп, адастырмас бағдаршамдай.