Bugin

Міржақып Дулатұлының “Біздің мақсат” мақаласын талдау

“Серке” газеті қазақ баспасөзінің тарихында ойып алар орны бар, өз кезеңінің көкейкесті мәселелерін көтере білген ерекше басылым. Кемені қалай атасаң солай жүзеді демекші, басылымның “Серке” аталуының өзінде терең мән мағына жатыр. Осы газеттің атауына қатысты Шаһмардан Қосшығұлов өз жазбаларында: “Серке ол боранда қой бастайтын көсем мағынасында қолданылады”, - деп газеттің негізгі мақсаты халықты қараңғылық шырмауынан шығарып, дұрыс жолға жетелеу екендігін атап өтеді. Сол себепті газеттің “Серке” деп аталуының өзі біраз жайды аңғартады.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

“Серке” газетінің 2 нөмері жарық көргеннен кейін, патша өкіметі тарапынан жабылып қалғаны бәрімізге аян. Газеттің осындай қысқа уақыт арасында шығып, тоқтап қалуына қандай жағдайлар түрткі болды. Әрине, патша үкіметі “Қазақ халқын үкіметке қарсы үгіттейтін материалдар жариялады”, - деп жалтарылды. Ал қазіргі күні газеттің жабылуына түрткі болған негізгі себеп Міржақып Дулатовтың басылым бетіне жариялаған “Біздің мақсат” атты мақаласы есебінен деген деректер бар.

Осы деректерге сүйеніп Міржақып Дулатұлың газетте жарық көрген “Біздің мақсат” атты мақаласын оқып шықтым. Шыныменен, мақаланы оқи отырып “Серке” газетінің жабылуына түрткі болатындай туынды екеніне көзім жетті. Мақалада Міржақып Дулатұлы сол жылдардағы патша самодержавасының бұқара халықты отарлау мақсатында жүргізген сұрапыл саясатын ашық сынап, теріс әрекеттерін әшкерелеп жазған. Яғни отаршыл Pесейдің халықтан ақшалай салық жинап, маңдай терімен тапқан қаражатын бейберекет шашуын, билік басына ойы таяз, халықтың жан айқайына құлақ аспайтын надан кісілерді отырғызу арқылы елдің мүшкіл жағдайын одан әрмен ауырлатуын, елім, жерім деп шындықты шырылдай жазған азаматтарымыздың бірін түрмеге, бірін елінен жыраққа сандалтып жібергенін һәм шетсіз, шексіз бабамыздан мұра болған жерімізді күшпен тартып алып, орыстың қайдағы бір мужыктарына беруін, бір сөзбен айқанда, қазақ жерін түгелімен бағындыру мақсатында жүргізген іс-әрекеттерін жайып салды.

Қанша патша өкіметі өз түпкі мақсатын жасырып жалтарыса да, бұл сол кездегі өзгермеген ақиқат, еліміз Ресейдің боданы болды. Орыс патшаларының айтқан сөзі біз ұшін закон болған кез. Ол сөзді тыңдай да, одан аттап кете де алмадық, себебі бағынбаушылық өліммен теңестірілді. Халықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауды көздеген Ресей самодержавасы өз мақсатына жету үшін барлық әрекеттен тайсалмады. Түрлі жарлықтар, манифестер жариялап, халықтың аяқ-қолына кісен салды, айтылған, берілген уәделері іссіз қалды. Әрине, орыстардың қара ниетін халық түсінгенімен ашық қарсылық білдіре алмады, тек елі үшін отқа да күйіп, суға да батып, өз жанын кеудесінен суырып беруге дайын қайсар азаматтарымыз халық жаршысы деген ауыр да қауіпті міндетті арқалап, қаламымен әділетсіздікке қарсы шықты.

Міржақып Дулатұлы өз мақаласында ұстанған саясатын, қалам тартудағы бағытын ашық әрі нақты көрсетті. Яғни мақаланы жазудағы негізгі мақсаты патша өкіметіне оның озбыр әрі әділетсіз саясатына қарсы тұру. Менің ойымша, ақынды ең қынжылтқан оқиғалардың бірі ол - басшылардың халық мүддесімен санаспауы. Мысалы, «Искра» газетінің бір нөмерінде Ташкент темір жолшыларының еңбегі еш, ақылары құнсыз, аштық, жоқшылық қысқаны жайлы жан түршігерлік корреспонденция жарияланған. Осындай озбырлыққа, әділетсіздікке қарсы жұмысшылар өз күйініштерін білдіру үшін бірнеше шақырым жерді кешіп, өкіметтің табалдырығын қаққанда сөздері, мүдделері еш еленбеді, тіпті оны тыңдап жарытпады. Міне, ақынды ең қынжылтқан мәселелердің бірі осы. Қарап тұрсақ, айтқан сөзіңді аңдап сөйлейтін заманда Міржақып Дулатұлының осындай ой-пікір білдіруі, әділеттілікті ту етіп көтеруі нағыз отанының жанашыр екендігінің дәлелі.

Осы мақаладан кейін, қазіргі біздің тәуелсіз елімізде сөз бостандығы қаншалықты бар деген сұрақ туындайды. Әрине, бүгінгі қоғамда сөз бостандығы бар, халық өз мүдделерін, құқығын қорғап, саясаттың, мемлекет тарапынан атқарылып жатқан іс-әрекеттің дұрыс-бұрысын еркін жеткізе алады. Алайда, біздің ойымша, қазіргі кезде пікірлердің, сыни көзқарастардың да өз шектеулері, айтылмауы тиіс тиым салынған жақтары бар. Пікір білдірілгеннің өзінде, сол ойға құлақ асатындар да, құлақ аспайтындар да бар. Мысалғы, белгілі бір өңір халықтары өз күйініштерін білдіріп:“Біз қанша айтсақ та біздің мүдделеріміз еленбеді” немесе “Қашанға осындай немқұрайлыққа төзе береміз», - деген сөздерді естіп жатамыз. Мейлі ол тұрғын үй мәселесі болсын, мейлі тұрмыстық жағдай болсын бәрібір айтылған сөз айтылған жерінде қалып жатыр. Елімізде сөз бостандығы, ой бостандығы болғаныменен сол пікірлерге, сан түрлі көзқарастарға құлақ асып, сөзімен емес ісімен дәлелдейтін тұлғаларымыз санаулы ғана.