Қоғам

Инстаграмнан Esentai-ға дейін: SHY қалай құрылды?

WhatsApp-та ашылған бренд киімге өмірлік кепілдік береді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

SHY – Қазақстандағы тек оверсайз киімге негізделген алғашқы бренд. Оның негізін салушылар –Димаш, Сұлтан, Ұлан. Үшеуі де 21 жаста, 4-курс студенттері. Инстаграм арқылы ғана танылып, Есентайды бағындырған жас кәсіпкерлер жетістігінің сыры неде? Отандық брендтің кәсібін дөңгелетіп отырған Димаш пен Сұлтан Bugin.kz тілшісіне ағынан жарылды.

Бастау – істің жартысы

Димаш: Кішкентай кезімде футболист болуды армандадым. Бірақ көріп тұрғаныңыздай, ол тек бала арман болып қалды. Ал бизнеске бозбала шағымнан қызыға бастадым. Forbes сияқты журналдарды, мықты кәсіпкерлердің өмір жолын көп оқитынмын. Уақыт өте келе бұл қызығушылық кәсібіме, табыс көзіне айналды.

1 курс. Желтоқсан айы. Жүре бермей, бір іс бастау керек екенін түсіндім. Сұлтан мен Ұланға хабарласып: «Бизнес бастау керек. Қолғап сатамыз дедім». Олар да келісе кетті. Сонымен аты шулы «Алиэкспресстен» 100$-ға (35000 тг) қысқы, сенсорлы экранға да қолдана беретін қолғаптар алдық. Алғаш рет Инстаграм желісінде парақша ашып, тауарымызды сата бастадық. Кірісіміз шығысымыздан 3 есе үлкен соммада қайтты.

Кейіннен тура жарты жылдан соң жаңа істі қолға алдық. Елімізде латын қарпіне көшу мәселесі өршіп тұрған кез еді. Сәтті пайдаланып, латын қарпімен жазылған қазақтың көркем сөздерін футболкіге түсірдік. Әлі есімде, Алматының атақты «Барахолкасынан» 1200 теңгеге футболка алып, 5000-ға сатқанбыз. Сол кезде алғаш рет танымал блогермен «бартерға» жұмыс жасадық. Сондағысы ол сөздің мағынасын біріміз де білмейміз ғой...

Түйін: Ең бастысы – бастау. Табысқа жетер жол өздігінен емес, жүргенде ғана пайда болады.

Кеңес: Тауардың өз бағасынан кем дегенде 3 есе көп пайда көруіңіз керек. Сонда ғана мінсіз бизнес пайда болады. Егер бірге бір қоятын болсаңыз, тек 20% пайда көре аласыз. Бүкіл әлемдік бренд қолданатын теңдік осы. 

SHY «WhatsApp» арқылы құрылды

Сұлтан: Бір күні үшеуміз WhatsApp желісінде видеоқоңыраумен сөйлесіп отырдық. Димаш – далада, Ұлан – әскерде, Сұлтан – Уфада. Ұзаққа созылған әңгіме арасында Димашқа жаңа бизнес- идея келді. Ол – қазақстандық эксклюзивті киім брендін жасау. Бірақ бұл жолы «Барахолкадан» сатып алып емес, өзіміз сапалы киім жасап шығарамыз деп шештік. Арада үш ай өтіп, Алматыда бас қостық. Барлық істі талқыладық. Қызықтың көкесі сол кезде басталды.

Түйін: Белгілі бір істі бастау үшін арақашықтық та, басқа да дүниелер маңызды емес. Бастысы – қалау.

Nike-тан «ұялшаққа» дейін…

Белгілі бір брендке атау берерде, бірінші мағынасы, кейін соған қарай атауы құрастырылады. Мысалы әлемдік бренд Nike-ты алайық. Оның негізін салушылар брендке ат қояр алдын өздеріне «Бұл өнімді шығарудағы мақсатымыз қандай?» деп сұрақ қойды. Олар тауарын жоғары бағалап, бренд атын грек құдайы «Ника»-ға арнап қояды. Демек, бұл брендтің киімін киген адам өзін құдайдай сезінсін дегені шығар. Ал бізде бәрі керісінше болды. Алдымен атауын қойып, кейін мағынасын таптық. Брендімізді «SHY» деп атадық. Алғаш естігенде қазақтың қою қара шәйі елестейді. Бірақ «SHY» ағылшын тілінен аударғанда «ұялшақ» деген мағынаны білдіреді. Ал біздің ұстаным «Don’t be SHY» болды. Яғни керісінше ұялшақ болмау. Өзіңді қалай бар, солай қабылдау.

Карантин кедергі емес

Ағашты отырғызуға ең қолайлы 2 мезгіл бар: 10 жыл бұрын және бүгін. Сондықтан қолдан келіп тұрған істі, кейінге қалдырмауды жөн көрдік. Карантинге қарамастан, кәсіп бастауға нық шешім қабылдадық. Одан бөлек біздің тұтынушыларымыздың ақшасыз қалуы мүмкін емес еді.

Түйін: Бизнесте жеңіліс деген ұғым жоқ. Пайда екі түрлі формада келеді. Алға басса – ақша, кері тартса – ақшаға сатып алынған тәжірибе.

Неге тек қана оверсайз?

Оверсайз – әлем бойынша трендке айналған стиль. Шет мемлекеттерде ең сәнді киімнің барлығы осы үлгіде жасалады. Одан бөлек бұл киім түрі адамға сенімділік, өзгешелік және ең бастысы жайлылық сыйлайды. Біз оверсайзды Қазақстанға алып келіп, дамытып жатырмыз деп нақты айта аламыз. Бұл сән адамдарға сенімділікпен қоса өзгешелік бергенін қалаймын.

Түйін: Киім – сені өзгелерге танытатын құрал.

Өмірлік кепілдік

Біздің киім өте сапалы материалдан жасалады. Сол себепті бағасы салыстырмалы түрде қымбат. Біз әр тұтынушыға өмірлік кепілдік бере аламыз. Тіпті 50 жылдан кейін біздің киімнің сапасы сын көтермесе, қайта ауыстырып алсаңыз болады. Оның үстіне Zara, H&M сынды брендтердің киімінен кем емес. Сапасы жағынан асып түседі десек те қателеспейміз.

Esentai Mall-ға апарар жол

«Қайырлы таң, Димаш! Capital Partners компаниясы SHY брендімен жұмыс істегісі келеді. Esentai Mall сауда орталығы сіздерге орын бөлуге дайын...»

Біз білетін Есентай Молл Capital Partners компаниясына тиесілі. Жоғарыда көріп тұрғаныңыздай, осындай алпауыт компания серіктес болуға шақырды. Бірақ қалайша? Компания басшылары орын ұсынғысы келген 10 брендтің қатарынан біз де табылдық. Сайыста жобамыз үздік атанып, SHY үшін Есентай есігін айқара ашты. Осылайша ойламаған жерден еліміздегі ең беделді сауда кешенінде алғаш оффлайн сата бастадық.

 

Түйін: Мүмкін емес ештеңе жоқ.

Дүкенсіз киім сату мүмкін бе?

Біздің оффлайн дүкеніміз жоқ. Тек қана онлайн жұмыс істейміз. Ал дүкен ашу ойда болғанымен, әлі нақты шешім қабылдамадық. Мысалы физика мен математикада қолданатындай, бизнесте де «гипотеза» ұғымы бар. Ол – белгілі бір істі бастамас бұрын оның өнімділігін болжау, зерттеу. Осыған сүйене отырып, оффлайн мен онлайнның айырмашылығын сездік. Қазақтың санасына  «киім сатсаң, дүкенің болу керек» деген стереотип сіңген. Алайда онлайнның қаншалықты тиімді екенін білмейміз. Әлемдік Amazon, Lamoda, Wildberries компаниялары онлайн-дүкендер желісімен миллиардтап табыс тауып жатыр. Неге бізге де жасап көрмеске?

Instagram жоғалса, SHY да жоқ...

Біздегі ең бағалы зат – 8 символдық (@shy.wear) инста-парақша. Желі жоғалса, бренд те жоғалады. SHY-дың сайты да жоқ, киім сататын орны да жоқ. Жалғыз сату платформасы – инстаграм. Ал жарнама көзі – атақты блогерлермен бірлескен жұмыс.

Қазақстанда бизнес ашудың артықшылықтары?

Қазақстанда кәсіп ашудың кемшілігі жоқ. Тек қана артықшылықтар. Ал бәсекелестік мүлдем кездеспейді. Нарық бос. Мәселен, Қазақстан экономикасы салыстырмалы түрде Америкадан 25 жылға, ал Ресейден 5-7 жылға кеш дамиды. Біз бәсекенің қайнап тұрған отаны Америка емеспіз. Кәсібіңді дөңгелеткің келсе, бүгіннен баста.

Сұқбаттасқан: Ақбота Нысанбаева