Bugin
Әркім өзінің ұлттық экономикасын қорғағысы келеді
Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы бері ішкі сауда мен тауар айналымында кінәрат көбейді. Ортақ жүйелі нарық қалыптаспай жатқаны белгілі. Қазақстан да біршама зиян шегуде. Бұған қарсы қазақ үкіметі не істемек?
Одақтың биылғы төрағалығы Қазақстанға өтті. Бұл жолы Қазақстан қипалақтай бірден іске кірісті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "ең алдымен ортақ сауда нарығын құруға кедергі келтіретін барьерларды алып тастау керек" деді.
"Импорт айналым, нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық бағдарламалар Одақтың құқықтық нормасымен сай келуі керек", - деді Тоқаев.
Ал ақпанда Алматыда өткен ЕЭО Үкіметаралық кеңесінде ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова "одақ елдері өз мүддесін ғана қорғап, өзгені ойлмайды" деп мәлімдеді.
"Өкінішке қарай, ЕЭО елдері бір-бірін дос, серіктес деп қабылдамай, бәсекелес, бақталас санайды. Қазақстан бұдан өзін қорғауы үшін сауда-саттық заңнамасына өзгерістер енгізді. 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Енді Қазақстан үкіметі бізге кедергі келтірген серіктес елдерге жауап қайтаратын болады", - деді Күшікбаева.
Вице-министрдің айтуынша, ЕЭО елдері арасында сауда-саттық айналымы тең емес, бірінде көп, бірінде аз. Мәселен, одақ аясындағы сауда айналымының 90%-ы – Ресей тауарлары екен. Қалғаны – одақ елдерінікі. Яғни, Ресей ірі тауар серіктесі ретінде көп шектеу мен кедергі жасайды. Бұл басқа елдің экономикасы мен интеграциясына соққы боп тиюде.
"Мәселен, ЕЭО елдерінің өзара тауар айналымы – 15 пайыз ғана. Ал Еуроодақтікі – 62,5%, Солтүстік Америка еркін сауда одағынікі – 49,3%", - деп дерек келтірді Күшікова.
Қазір ЕЭО елдері арасында 59 кедергі бар. Ең көп кедергі Қазақстанға түсіп тұр. Оныкі – 47 кедергі, Белоруссиянікі – 46, Армения мен Қырғызстан – 43, Ресей – 44.
Одақ елдері кедергінің жаман екенін бір адамдай түсініп отыр. Алайда шешуге келгенде келісе алмайды? Неге. Себебі – әркім өзінің ұлттық экономикасын қорғағысы келеді.
Мәселен, 2020 жылы Ресей Қазақстанның төрт облысынан томат пен бұрышты сатып алуға шектеу қойды. Өйткені вирус болуы мүмкін деген күдік болса керек. Алайда тексергенмен іштеңе табылмады. Мұны ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов "ЕЭО елдерінің карантиндік шарасына сәйкес бұлай жасауға болмайды" деп мәлімдеді.
"Бірыңғай экономикалық одақ серіктес-елдердің барлығына пайдалы болуы тиіс. Ұлттық экономика мен мүддені қорғаштауға болмайды", - деп түсіндірді Сұлтанов.
Дегенмен Қазақстан да қалыс қалмады. 2018 жылы металл қалдықтарын көлікпен, 2020 жылы теміржолмен тасымалдауға тыйым салды. Содан Ресейдің металлургтер зардап шекті. Осы үшін ЕЭО комиссиясы Қазақстанды қатты сынады.
Сондықтан Қазақстан билігі ЕЭО аясындағы кедергілер шешу мен шектеулерді алып тастау үшін комиссия құрамындағы мамандарды ауыстыру керек деп ойлайды.
"2012 жылы серіктес-елдің бәрі ұлттық экономикасының тізгінін ЕЭО комиссиясының қолына берді. Оған сенді. Сондықтан ЕЭО-ның одан әрі қызмет етуі мен құзіреттілігі комиссия мүшесінде мамандардың біліктілігі мен кәсібилігіне байланысты. Сондықтан қазақстан тарапы комиссияға кадр тағайындаудың тәртібін өзгертуді ұсынады", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.