Әкеге құрмет - на bugin.kz
Sabina Lessova - на bugin.kz Sabina Lessova

Ерке бүгін терезеден көз алмады

Ерке бүгін терезеден көз алмады. Ой теңізінің толқынында кемесін игере алмай отырғандығы көрініп тұр. Не ойласа да оның өмірінің бір қиын кезеңі болғаны сөзсіз. 

Бүгінгі күннің өзі жасын ойнақшып, ақ жаңбырын төгіп тұрған мұңлы аспан құлазыған даламен бір үйлесім тауып өткен күндерді еске салып- ақ тұрды, көзіне мөлдір моншақ ілгізді. Қолында қағаз бен қалам. «Армандар орындалады» деген тақырыпта мақала жазуға отырғалы біраз уақыт та сырғып өте шықты. Қалай бастарын, неден бастарын білмеген кезде ол осылай табиғатпен үнсіз сырласушы еді. Бүгінде сол он бесінші жатақхана терезесінен көрікті Алматының көркем табиғатына көз жіберіп, жаңбырдан таса іздеген тиіндерге қараған қалпында әлі отыр.

Жатақханаға келгелі көп дос таппаса да, өзімен сырласып, мұңдаса алатын құрбы таба білді. Онымен күні қызықты өтетін. Аты на заты сай Ақниет есімді болашақ журналистте Еркенің туып- өскен жері Жуалыдан болатын. Бәлкім сондықтан болар екеуінің сөзі жарасып- ақ кетті. Ниеті ақ, жүрегі таза аңқылдап қалған құрбысы Еркенің аузынан майдан қыл суырғандай етіп еппен ғана сөз шығарып алды:

-Мен әкемді сондай құрмет тұтамын,- деп бастады Ерке.- Неге екенін білемісің? Ол менің өмірімнің ең қараңғы мезетінде де мені жылтыраған кішкентай ғана сәулеге қарай жетелеп, сөніп бара жатқан шырақты өзі үрлеп жақты. Айналамды жарық еткені соншалық алып күн де осы уақытқа дейін сондай жарықты сыйлай алмаған. Күннің сәулесі айналадағы болып жатқандарды ғана көрсетсе, әкем жаққан шырық болашағымды көрсетті. Білесің бе?!- деп бір күрсініп алды да,- Мен Ұлттық Біріңғай тестілеуден 34 балл ғана жинадым. Иә, 140- тың 34- ті ғана. Бірақ менің ешуақытта сағым сынбады. Себебі мені әкем қолдады. Ол балдың ештеңені де шепейтінін жақсы білді. Сол күндер, тестілеуден кейінгі күндерді айтам, менің уайым мен қайғыға белшемнен бата түскен кезім еді. Бірақ оң қолымнан- әкем, сол қолымнан- анам ұстап қалды,олар мені батырмады, шығарып алды. Олар менің ең улкен, ең адал, жанашыр, қамқор достарым. Мен олармен ашық болдым. Сырласа білдім. Ойыммен бөлістім. Бірге армандадық. Бірге жоспар құрдық.

-Енді неге көңілсізсің?- деп Ақниет мән- жайды білуге асыққанда Ерке сол қалпымен әңгімесін жалғады:

-Әкем- асқар тауым. Бұл сөзім тегін емес. Мені талай дауылдан алып қалды. Суықта жауратпай қорған бола білді. Мектеп кезінде жүргенімізде бұл теңеудің соншалықты құдіретті екенін сезіне қоймаппыз- ау. Менің апамды білесің ғой?! Тұмаркүл апамды айтам. Мені әлі күнге дейін кішкентай баладай мәпелеп, жылы сөзін аямайды- ау. Мен ауылға бара қалсам, тыққан- пыққан тәтті- дәмдісін алдыма тосып бәйек болып жүреді. Анашым әкемнен кем қолдаған емес. Ойланшы, он бір жыл үздік оқып, қызыл аттестатқа ұсынылмағаныма ашуланса да менің бабымнан бағым оза алмай 34 балл алған кезімде де бір ауыз артық сөз айтпаған қандай кемеңгер еді. Өзі ұстаз болғаннан соң ба білмеймін, әйтеуір мені қолынан келгенше қанаттандырды. «Оң қанатым- әкемде, сол қанатым- анашым» деп бекер айтылмаған екен. Екеуінің қолдауының арқасында қанаттанғаным сондай, жолда кездескен құйындарға мойымай Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттер қатарына келіп бір- ақ қондым. Тіл шыға бастағаннан өнер жолына қызығып, «ақын болам, суретші болам» деп жүріп, ес тоқтата бастаған сәтте журналист мамандығына қызығып, өзімнің журналист болғанымды, ұлттық университетте оқығанымды қиялдаушы едім. Бүгінде арманым орындалды,- деп Ақниетті қатты құшақтап, жеңілдеп қалғандай болды.

- Сенің әкең кім болып жұмыс істейді?- деген сауал да жауапсыз қалмады.

- Менің әкем елдің адамы. Тек атамның ғана емес, халықтың баласы. Әкем мен анам апамдай елге елеулі, қадірлі болғаны үшін, өмірлерінде үнемі алғыс алғаны үшін, жомарт та қарапайым болғаны үшін, өнерді бар құндылық атаулыдан биік қойғаны үшін, оқысын деп білім жолына түсіргені үшін, бес баланы бағып- қағып адам еткені үшін алғысым шексіз. Басымды иемін. Олар үшін тау көтерсем де аздық етеді. Өмірімде жасайтын әрбір ізгі ісім солардың қуанышы үшін болмақ. Гүлтас апам айтқандай халқымның бетіне тура қарайтындай өмір сүріп, әкемнің артқан үмітін ақтау үшін күш салатын боламын,- дей бергенінде :

-Сағындың ба?- деген ыстық сұрақ өзін де еріксіз жымитып, көзіне жас алдырды.

- Қатты. Жандарында жүргенде шынында да бағаламай, бала шақтан болашаққа аттанып кеткеннен соң ғана қадірлерін түсінеді екенбіз- ау. Алтын ұядан кеткенше асығып, соңғы қоңырау күні болғанша тағатсызданып, соңғы вальсті билеген кезде де ештеңені ұғына қоймаппыз ғой. Тіпті, менің « Енді қоңырау соғылмайды бізге» деп шырқап тұрып, қолымдғы күлгін шарды зеңгір көкке жалғыз өзін жібере салғанда да құрғыр жүрегім дымды да сезбеген екен- ау. Енді сол әнді қайта тыңдасам жүрегімнің алтын бесігіме, алтын ұяма қарай алып- ұшқан дүрсілін сезсең ғой шіркін. Қасиетті Күреңбеліме жеткенше асықтырып қояр емес.

Құлшынысым қара ағаштай қураған сәттерде, сүрініп кетіп түңілген сәттерімде, айналамды қараңғылық басқандай жалғызсырағанымда әкеме қарай зымыраған қоңырау мен сол қоңырау артыннан естілген қуатты дауыс мені алдымнан бір бақыт күтіп тұрғандай әсерде қалдырады. Үмітімді өшірмейді. Арманым үшін аянбай еңбек етуіме ұмтылдырады. Айтқым келгені сол уақыттарда бір сәттік қиындықтарға бола арманымнан бас тартпағаныма қуанамын. Әйтпегенде қазір ҚазҰУ студенті болып отырар ма едім.

Осындай керемет әңгімені телефон қоңырауы бұзып жіберді. Ол- Еркенің әкесі еді. Мұңға батқан жүзі демде бал- бұл жайнап қоя берді.

0 Пікір Кіру