Саясат
«Тыңдаушы мен айтушы бәрі надан»
Елбасымыз «Болашаққа бағдар - рухани жаңғыру» атты жолдауында, ұлттық код деген ұғымға екпін қойып, тоқтап кеткен болатын. Ұлттық кодымызды жаңғыртайық деп «Туған жер», «100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық» секілді бағдарламалар жүргізіліп жатқанмен, ұлттық кодымыздың бастауы бесікте екенін ұмыт қалдырудамыз.
Ұлттық код дегеніміз не? Ол - біздің қаншама жыл бойы қанымызға сіңген ата- бабамыздың білегінің күшімен қорғалып бізге аман жеткен тіліміз бен дініміз, діліміз бен салтымыз, қазақтың бар болмысы, қасиеті мен қайсар мінезі. Осы бір геніміздің бір бөлігінде ұйықтап бара жатқан кодты ояту үшін айтушы мен тыңдаушыны қалыптастыруымыз керек.
Бауырына баласын басқан кезде адам баласа еміреніп, жан- жануар мекіреніп жатпаушы ма еді? Сол еміренгенде шығатын дыбыстың өзі баланы қалай жұбатады десеңізші. Шын ықыласымен, жүрегімен айтылған бесік жырын тыңдаған баланың ақ парақтай таза кодында әуен, әуез тұрады. Сол әуез кейін баланың шығарған дыбысы, күлкісі, тіпті айтар сөзінің басы болады. Қаншама жыл аштықта өлмей, соғыста жоғалып кетпей, ақтабан шұбырынды да шашылып кетпей әлі күнге бойымызда әйтеуір бір жасушамызда сақталып қалды. Ендігі міндет соны ояту болмақ. Алайда қазіргі аналар бесік жырын біледі дегенге күмәнім бар. Сөзі тұрмақ әуенін еске түсіре алмай, балаға еміренуге уақыт таппай жатқанда бесік басына жайғасқан даусында ұлттық бояуы жоқ әншілердің «күйдім, сүйдім» әндері бала бойына сол ұлттық кодты тұмшалап жатқан жоқ па?
Бүгінде тек бесік жыры ғана айтылмай шетте қалған жоқ. Біздің бір өзі мың жырға татитын батырлар жыры, лиро- эпостық жырлар, айтыстар, ауыз әдебиетімен тараған өнеріміз барлығы дерлік тек беті ашылмаған кітап қалпында тұр. Оқуға уақытым жоқ деп жалтаратын жас буынға арналған не оның аудио түріндегі нұсқасы жоқ. Бұрындары күн- түн демей «Манасты» жырлаған, «Мың бір түнді», «Қырымның қырық батырын» жатқа соғып, эмоциямен елді баурап, сол жырдың ішінде жүргендей әсер қалдырған айтушыны да таппайтынымыз ақиқат. Жастарымыз бір сағатқа жетпейтін сабақ пен лекцяның өзінде маужырап отырса, таңды таңға атырып жырды қалай тыңдамақ. Бұрынғы айтыскерлердің айтысын түсірер камера, жазатын қаламы, қаламы болса да сауаты болмаған қазақ оның аузынан шыққан әр сөзді ұйып тыңдағаны соншалық жаттап алатын болған. Қандай құймақұлақтық десеңші. Бүгінде бізге айтылған сөз есіктен шыға ұмытылып кете береді.
Технология дамымаған заманның өзінде күйтабақтарда Мұхтар Өтебаевтың «Қыз Жібегі» секілді талай жыр тыңдалып, әкелеріміздің тәрбиесі дұрыс, отансүйгіш болсын деп, әжелеріміз жанына отырғызып, ұршық басын шыр айналдырып жатса да балаға да, жырға да көңіл бөліп үлгеруші еді. Бұл күндері тыңдау құралының неше мың сан түрі болса да, жыр тыңдайтын бір жас жоқ. Қынжылтары осы.
Егер қазірден бастап тыңдаушы мен айтушының рөлін жөнге келтірмесек, рухани қалай жаңғырмақпыз. Бүгінгі қоғамның тыңдаушысы мықты, айтушысы одан да мықты күн қашан туар екен, әлде Абай айтқан надан заман күліп қарсы алады ма?
Сіз қалай ойлайсыз?