Bugin

Ол қайғыны сөзбен айту қиын: Азамат Мұсағалиев өкінішін айтты (Видео)

Әкесі барлар онымен таласпаңыздар, бар екеніне шүкіршілік етіңіз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресейдің танымалы әзілкеші, ұлты қазақ Азамат Мұсағалиев әкесінің өлімі мен өкініші жайлы айтып, көңіл босатар, ой түйер оқиғасын баяндады. Оны ол LABELCOM PODCAST-қа берген сұхбатында айтты. Аударған – Арман Әлменбет.

Он алты жасымда әкем жол апатынан қайтыс болды. Ол кезде мен көп нәрсені түсінген жоқпын. Тіпті жерлегенде көзімнен жас шыққан жоқ. Соным үшін өз-өзімді жазғырдым да. Әкем қатал адам еді. Егер жылағанымды көрсе, ол ұрсар еді, сол үшін жыламаған шығармын деп өз-өзімді ақтаған болдым.

Содан бері жиырма жыл уақыт өтіпті. Қазір көлікте жалғыз келе жатқанда, кейде ойша әкеммен сөйлесетінімді байқаймын. Қазір кім болғанымды көрсетіп, қандай жетістікке жеткенімді әңгімелегім келеді.

Тіпті мен бір түсті қайталап көріп жүрдім. Түсімде солай, әкеме қазіргі жағдайым туралы айтып, мақтанып жүремін.

Жақында Қамысөзекке барғанда әкемнің басына бардым. Мазар үлкейіп кеткен. Әкемнің көктасын да күн жеп қойған, жазуы да, суреті де көрінбейді. Жолын білетін болған соң ғана, тауып бардым. Әйтпесе түк қалмаған. Жиырма жыл өтті ғой. Жиырма жыл.

Әкемнің басында тұрып, іштей сөйлесе бастадым. "Кіші қыз бірінші сыныпты бітірді, үлкенім алтыншы сыныпқа көшті".

Қайтқан адамға бір жақсылық жасағың келеді. Бірақ оның жолын тек діннен ғана табасың. Өлген адамның о дүниедегі жағдайын жақсартудың жолдары айтылған. Діннен басқа қайда барып ондайды үйренесің?

Ал енді, жігіт ретінде әкемнен тәрбиені көп алып үлгермедім ғой. Бала болдым, тек он жастан бастап әкемнен жігіт болып бірнәрсе үйренуге жараған шығармын. Содан он алты жасқа дейін, осы екі арада ғана тәрбие көрдім.

Он жасымда әкем маған сағат сатып әперген. Сол сағатты отыз жасқа келгенше тақтым. Жиырма жыл істеді сол сағат.

Менің бір досым бар. Әкесімен ренжісіп жүргеніне көп болды. Ылғи келіп шағым айтады, менен бір қолдау күтеді. Ойлашы, олай деді, қарашы, былай деді деп бірнәрселер айтады. Мен мүлде қолдау көрсете алмаймын. Ішімнен, сен бәрібір мені тыңдамайсың ғой деп ойлап тұрамын.

20 жыл бұрын әкемнің тірі кезінде мен де сөйттім ғой. Мүмкін менің уәждерім әділ болған да шығар. Бірақ әкем өлген кезде, соның бәрі түкке тұрмайтынын түсіндім. Ұсақ, майда нәрселер. Оған мінез көрсетіп, бірнәрсені дәлелдегім келіп... Соның бәрін бір жаққа қойсаң, енді әкеңнің жоқ екенін екінші жаққа қойсаң, ананың бәрі түкке татымай қалады. Өкінемін.

Әкем тағы тірі жүре тұрғанда ғой деген өкініш емес. Әкем тірі кезде әлдеқайда көп жылу беруге болар еді ғой деген өкініш.

Біреу қазір әкем анау-мынау деп әңгіме айтып тұрса, бәрібір саған түсіндіре алмаймын ғой деп ойлаймын. Қандай реніш болса да, әкең өлген кездегі қайғының жанында ештеңе емес. Ол қайғыны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қанша жерден реніш болса да, оның бәрі жоқ болып кетеді. Оны мен әкесі бар адамға қалай түсіндіре аламын?

Мен 84 жылы тудым. Әкемнің әкесі, яғни атам содан екі жыл бұрын қайтыпты. Сол атамның қайтқан күнінде, әкем көңілі босап, жылап, қиналып жүретін. Әкем дәу, күші көп, мұрты бар адам ғой, былай қарасаң. Тоқтамай жұмыс істейтін, демалып жатқанын көрген емеспін. Әкем ұйықтаған кезде біздің үй әлемдегі ең тыныш жер сияқты көрінуші еді. Шешем бізді қуып шығатын. Ол үшін күйеуінің тыныш ұйықтауы өте маңызды еді. Сөйткен әкем, әкесі өлген күн келгенде, жыл сайын қиналатын.

Сондықтан, әкенің орны оңай емес.