Әлеумет
Австриялық зоолог Конрад Лоренц этологияның — жан-жануардың жүріс-тұрысын зерттейтін ғылымның негізін қалады. Ол «Сүлеймен патшаның жүзігі» атты кітабында импринтиң («үйрек балапаны синдромы» деген атау көбірек қолданылады) құбылысы туралы сипаттап берді
Бұл синдромның мәнісі мынада: жұмыртқаны жаңа ғана жарып шыққан үйрек балапаны көзіне көрінген әрі қозғала алатын кез келген нәрсені өзінің анасы деп ойлап қалады да, оның артынан еріп жүре береді. Ол ит бола ма, қой ма, батареямен жүретін ойыншық па немесе ұлы австриялық ғалым Конрад Лоренцтің өзі бола ма, балапанға бәрібір.
Психологтардың айтуынша, мұндай мінез-құлықтан адам да ада емес.
Адам жаңа бір ортаға тап болғанда үйрек балапаны синдромы пайда болып, оның санасы бірінші көзіне түскен нәрсені ең жақсы, ең дұрыс деген ой қалыптастырады. Мұндай күйге түскен «балапанды» басқа бірдеңені байқап көруге көндіру қиынның қиыны — оған жаңа бір нәрсенің ескіден жақсы болуы мүмкін екенін дәлелдеу мүмкін емес.
Шынайы өмірден алған мысалдарды ұсынайық: «Қағаз кітаптар электронды кітаптардан жақсы» немесе «Лада — ең ыңғайлы көлік» я болмаса «Макинтоштан Уиндөуз жақсы», «Біздің ел — ең керемет, оған жететін ел жоқ»…
Үйрек балапаны синдромы кісіні сыңаржақ қылып, басқа жұрттың пікірін білуге және жаңа нәрсені көріп-біліп-үйренуге көп кедергі келтіреді.
Бұдан құтылудың бір амалы бар — жаныңызға не жақын, неге көңіліңіз құштар болуы себептерін тергеп-талдап шығу. Іштегі «балапанды» әлемге, жаңалыққа, жұрттың ой-пікіріне құшағыңызды ашу арқылы ғана тежеп-тыя аласыз. Әбден қаныңызға сіңген нәрсеге бүйрегіңізді бұра бермей, жаңа бір нәрсені істеп көріңіз, мәселен электронды форматтағы кітапты оқыңыз, басқа маркалы автомобильді жалға алыңыз, басқа бір елге саяхаттап қайтыңыз…
Алайда салған жерден бәрі оңды болып, синдромнан арылып, ләззатқа бөленемін деп иегіңіз қышымай-ақ қойсын. Біртіндеп-біртіндеп басқа нысандар, басқа кітаптар, көліктер соншалықты нашар емес екеніне көзіңіз жетеді.