Саясат

Әлеуметтік мәселе шешілмей жатса, болашаққа кіммен бірге барамыз?

Мәселе көтерілді: не істедік?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Өткен жылға өкпе артып, жаңа жылдан жақсылық күттік. Өкініштісі, өткен жылдың соңы да, жаңа жылдың басы да қайғылы оқиғалармен аяқталып, қайғылы жағдаймен басталды.


2019 жылды «Жастар жылы» деп жар салып, бөрікті аспанға атып қуанып жатқан кезде әлі «жастар» деп айтуға жасы да жетпеген сәбилерден қапыда көз жазып қалдық. Өткен жылдың еншісінде кеткен қателіктерден қандай сабақ алдық? Қандай жұмыстар жасалды?

2018 жылды «шүкір» деп аяқтап жатқан қазақтың қабырғасын қайыстырған Денис Теннің өлімі болды. Түн ортасы емес, жарық күннің астында пышақтап кетті. Сондағы қателік көліктің айналарын ұрлау еді. Алайда, қазір Денис Теннің анасы сотқа қайта шағым түсіріп, мұның тапсырыспен жасалғанын алға тартып отыр. Бұл сот кезінде анықталатын жұмыс екенін ескерсек, спортшының өлімінен кейін де ұрлық азайған жоқ, керісінше көбейіп кеткен жоқ па?!

Айнасы ұрланып жатқандардың жазбасы қаптап, үнсіз жатқан халықтың көлігін қайда қоярларын білмей есі шықты.

Бір қазаға қабырғасы қайысқан халықтың кеудесі енді көтеріле бастады ма деген кезде, Алматы қаласында жантүршігерлік жол апаты орын алды. Бір емес, үш бірдей адамның өмірін алып кеткен Ильяс Қарғаның әрекеті тағы да жұрттың үрейін алды. Қаза болғандардың ішінде қазақстанға белгілі актриса Шолпан Елгезек болған. Одан бөлек басында несиесі бар, отбасы бар көлік жүргізушісі және Шолпан ханымның құрбысы болды. Елімізге белгілі ақын әрі Жазушылар Одағының Төраға орынбасары Бақыт Беделханның жұбайы да осы көлікте болған. Қазір ауыр жарақат алған Айзада Сатыбалдиева  ауруханада жатыр.

Оқиғаны суреттей бергеннен жүрек жылып, мәселе шешіліп кетпейді. Мәселе, осыдан кейін қандай шара қарастырылды? Алматы қаласында қала ішіндегі жылдамдық өлшемі қысқарды. Тек бұл сол қысқарған жылдамдыққа қарай ма? Дөкейлердің баласы, адамның ақылы жетпейтін бағаға сатып алған көліктерін тізгіндей ала ма?

Хош, 2018 жылды қос бірдей оқиғамен аяқтап, жұрт жаңа жылдық көңіл-күйге еніп, бәрі өз ағасымен жүріп жатты. Қаңтар айы бастала салып, төбелес орын алды. Қарағандыдағы орын алған жаппай төбелес кезінде өзге ұлт өкілдерінің қолынан қаза тапқан қазақ баласының қайғысы елді бұ жолы жатқызбады. Анық, көшеге шығып, биліктен жауап беруін талап етті. Бір апта үнсіз, ешқандай ақпаратсыз қалған журналистер де мәселенің байыбын білу үшін Қарағандыға жол тартты...

Ұлтараздық қақтығыс болмағанын, тұрмыстық мәселе екенін алға тартқан биліктің жауабынан кейін халық тынышталды. Шындығы, іште өкпе мен наз қалды.

Ақ қарда ақ бөкен қорғап, ешкімге қиянаты жоқ жүрген инспекторды да мына дүниеде көп ұстамадық. Өлтіріп тындық. Халық болып шулап, мәселенің түйінін шешуге бармағанда, бұл жағдайға биліктің үнсіз қалатыны, тіпті жылы жауып қояры анық еді. Халық оянды. Бұл жолы қателікке жол бермеу керектігін жақсы түсінді. Бірақ, жоқ адамнан бар жасау тәңірдің қолынан ғана келеді. Сабыр дедік.

Жұрт түгілі, БАҚ өкілдерінің өзі білмей қалған, айтпай қалған Қызылордадағы оқиғаның мәні енді белгілі болып жатыр. Бір үйдің үш бірдей ұлы өрттен қаза болды. 2011, 2012, 2014 жылдары дүниеге келген үш ұл. Бір үйдің үш азаматы қапыда өртке оранып кетті. Неге үнсіз қалдық? Неге осыдан кейін мәселе көтеріліп, арнайы шаралар жасалмады?

Ақыры салғырттықтың сапалағы Астанаға барып тиді. Астана іргесінде болған оқиғаны ғана көз көріп, жүрек сыздағаннан халық шу ете түсті. Шулап қана қойған жоқ, қайғысын  елге жеткізді. Бес бірдей қыздан бір түнде айырылып қалу дегеніңіз, бір халықты қойыңызшы, сол отбасына қандай ауыр екенін сезіне аласыз ба?

Әлеуметтік проблеманың қандай жағдай екенін енді сезінетін, оны билікке жеткізетін кез келгенін қоғам белсенділері де аяқсыз қалдырған жоқ. Жазды, жаппай жазды. Тек бұл жазылған дүниелердің жауабы бар ма? Қандай әрекеттер орындалады?

Оннан астам қаза. Түрлі жағдайда орын алған өлімнен кейін кім не түйді? Билік одан әрі үнсіз қала ма? Қандай шара қолданылады, жаппай елде не өзгереді? Талап халықтан жетті, қойылды, бірақ кім оған «орындалады» деп тіл қатады?

Осы болып жатқан оқиғалардан кейін екі жұмыстың атқарылғанын аңғардық: БАҚ өкілдерінің шыр-шыр еткен сұрақтары мен үні және биліктегі жауапты органдардың диктофон ішіндегі дауысы ғана. Яғни, халыққа ақпаратты жеткізу, айту және сұраққа жауап алу бар. Ал әрекет, жұмыс, іс жоқ.

Мемлекеттің әлеуметтік (ішкі) мәселесі шешілмей жатып, болашаққа кіммен бірге барамыз?