Bugin

Сүю деген бір-біріне емес, бір бағытқа қарау

Жадыра Байбұланова – мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығының иегері, “Шексіздік”, “Қағаз жүрек” кітаптарының авторы, ақын

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

– Қайырлы күн, Жадыра әпке! Сізді алдымен жақында өткен “Шексіздік” атты жаңа жыр жинағыңыздың ресми тұсау кесерімен шын жүрекпен құттықтаймыз. Бұған дейін де сіздің бір кітабыңыз оқырманның  жүрегіне жол тартқан еді.

– Сәлеметсіз бе? Көптен-көп рақмет! Иә, бұл – екінші жинақ. 2017 жылы "Қағаз жүрек" жарыққа шыққан болатын.

– Өлеңге алғаш аяқ басарда біріне – ұстазы, енді біріне отбасы себепші болады. Ал сіздің өлең жазуыңызға кім себепші болды? Алғаш өлеңді қай жастан бастап жаздыңыз?

– Өлеңге тағдыр себепші болады. Ең алдымен маңдайға, сосын қағазға жазылады. Мен мектеп кезінде-ақ қағаз шимайлап жүрдім, бірақ оны "өлең" деп айта алмас едім. Шын өлең енді жазылып жатқандай көрінеді өзіме...

– Сіз болмысыңызбен, жырыңызбен елге сүйіктісіз. Ал жарыңызбен қалай таныстыңыз?

– Біз студент кезде таныстық. Өлең жазып жүрген соң, орта, араласатын достарымыз бір болды.    Достарымыз қалжыңдап, "Мирас – тұла бойына махаббат тұнған ақын" дейтін. Расымен де, ол – өлеңге де, өзгеге де қиянат жасамайтын, парасат биігінен ойлайтын адам. Өзінің де, менің де өлеңімді өлтірмей келе жатыр.

– Бала Жадыра қандай болды? Бүгінгі Жадыра Байбұлановадан айырмашылығы бар ма?


– Көп өзгердім деп айта алмаймын. Бала кезімде де осындай тұйық болдым. Кітап оқығанды жақсы көрдім. Көп ауырдым, содан ба, нәзік, ерке болып өстім. Қазіргіден қатты бір айырмашылық жоқ. Әлі де менің ішімде сол бала Жадыра өмір сүреді...

– Ақынның жары болған қалай? Өзіңіз де ақынсыз. Бір-бірлеріңізді тілсіз түсінетін шығарсыздар?

– Осы сұрақ көп жерде қойылады. Көбі "Отбасында екі ақын болса, бірі - құрбан" деген қағидаға сүйенеді. Оны кім, қашан ойлап тапқанын білмеймін. Сүю деген бір-біріне емес, бірге бір бағытқа қарау ғой. Ендеше, біздің бірге қарайтын бағытымыз – өлең. Мұндай отбасында түсіністік әркез бола береді деп ойлаймын.

– "Өлең деген тумайды жайшылықта, 
   Өлең деген туады қайшылықта" демей ме?! Ақындардың өлеңі көбіне неге мұңды болып келеді?

–"Ақын – мұңды, ақын – бақытсыз" деп, ақыннан "бейшара" жасайтындарға тағы қарсымын. Менің түсінігімде ақын – бақытты, ақын – сұлу, ақын – ерке. Онда өлең неге көңілсіз дейтін шығарсыз. Өйткені ол – "көңілдің кейбір кездері". Кез келген алам мұңаяды, сағынады, жылайды, өкпелейді, түрлі күй кешеді. Ақын сол сәтін қағазға түсіреді. Басқа уақытта бәрі қалыпты, өмірдегідей.

– Өзіңіздің бір сөзіңізде "Мен ақындарды екіге бөлемін. Сезімнің ақыны және ақылдың ақыны" деген едіңіз. Сіз қай топтағы ақынға жатасыз?

– Мен сезімнің адамымын. Ақынымын ба, ол жағы беймәлім.

– Сіздің сөзіңізге жазылған Роза Әлқожаның “Мен сені сүйем өмір” әнін тыңдағанымда көз алдыма қайсар қыздың бейнесі келеді.

– Өлім – хақ. Басқа қиындықтың барлығы шешіледі, маған сеніңіз деп айтқым келеді. Өліммен бетпе-бет келіп, күресе білгенде, басқасы саған түк емес деп қайраймын өзімді. "Өмірді сүре алу мен сүйе алудың арасы бір-ақ әріп". Өмірді сүйіңіз, әр сәтті бағалаңыз.

– Алтын уақытыңызды бөлгеніңіз үшін рақмет! Сізге шығармашылық табыс тілеймін!

– Рақмет! Амандықта жүздесейік!