Сұқбат

«Сабақта не тыңдап отырдың?»деп бетіңді қайтармайды: Түркияда оқыған қазақ студенті

Түркия – білім алуға ең ыңғайлы, жағдай жасалған мемлекеттің бірі. Ол жақтың білім жүйесінің артықшылығы қандай? Түркия мемлекетінде оқу кезінде нені ескеру қажет? Бұл сауалдарға «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша білім алған «Тұран» университетінің 3-курс студенті Ақниет Бектұрғанова жауап берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

– Ақниет, уақыт бөліп, сұхбаттасуға келіскеніңізге рақмет! «Түркия» мемлекетінде бір семестр болып келдіңіз. Нақты қай қалада оқыдыңыз? «Тұран» университеті ұсынған бағдарлама туралы толығырақ түсіндіріп берсеңіз?

– Мен Түркия мемлекетінің солтүстік бөлігінде орналаласқан Кастамону деген қалаға бардым. Анкараға жақынырақ орналасқан. Тарихы өте терең қалалардың бірі. Кейде Кастамону қаласын "жастар қаласы" деп айтады. Себебі көшеден егде жастағы адамдарды кездестірмейсің.

Көбіне Кастамонуда жергілікті тұрғындырға қарағанда өзге мемлекеттен демалуға, біз секілді оқуға келгендер өте көп екен. Қалада Кастамону деген бөлік-бөліктен тұратын университет бар. Ол Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ұқсайды. Біз сол жерге оқуға келдік.

Бағдарлама туралы айтатын болсақ...Тұран университетіне түсетін кезде мен түрік тілі қосымша жүретінін білдім. 1-курсты аяқтар кезде ұстаздарымыз «академиялық ұтқырлық» деген бағдарламамен таныстырып, тест тапсырып, бағымызды сынап көруімізді сұрады.

Мен құрбыларыммен ақылдаса келе тест тапсыруға бел будым. Құрбыларым да өз бағын сынап көрді. Тест тапсырып болған соң "Мен не үшін бұл университетте оқуым керек?" деген сұраққа жауапты хат ретінде жазып жіберу керек еді. Барлығын сәтті жазып болған соң, біз оқудан бөлек жұмыс істеуді бастадық. Себебі біз Кастамону университетіне бір семестр оқуға баратынымызға сенімді болдық. Сол үшін қаражат жинауды бастадық.

– Жеткілікті қаражат жинап бардыңыздар. Түркия мемлекетінде сіздерді кім күтіп алды? Ол жерде сіздердің тұрақты тұратын жерлеріңізді кім қамтамасыз етті?

– Бізді арнайы ешкім күтіп алған жоқ. Себебі бағдарламада күтіп алу, тұратын жер беру мәселесі қамтылмаған. Біз балаша қуанып, алып-ұшып барғанда Түркия бізді жылы қарсы алмады. Ақтаудан жолға шығып, алғашқы тұрақтаған жеріміз Стамбул болды. Стамбулдан түсіп, жүгімізді алатын жерді білмедік. Әуежайдағы адамдардан сұрастырып едік, бізге өте дөрекі жауап берді.

 Біз қыз болғандықтан қатты абыржып, бірден қайта туған жерімізге оралғымыз келді. Бірақ белді бекем буып келгендіктен бірден шешім қабылдамадық. Біз Түркияға бармас бұрын бір қазақ жігітпен сөйлесіп жүрген болатынбыз. Сол жігіт бізді жақын тартып, Стамбулдан Кастамонуға жетуімізге көмектесті, қайтарда жылы шыраймен бізді шығарып салды.

Кастамону университетіне келіп, жатақхана сұрап едік, олар бізді қатты таңғалдырды. Түркия елінде бірінші өз елінің адамдарын қамтамассыз етіп, одан кейін ғана өзге елдерді ойлайтынына көзім жетті. Бізге жатақхана бермеді, өзіміздің пысықтығымыздың арқасында жатақханаға ұқсас ақылы жер таптық. Сол жерде оқу аяқталғанша тұрдық.

– Сіздер сияқты Қазақстаннан Түркияға оқуға барғандар көп пе? Түркиядағы оқудың бізден артықшылығы қандай?

– Иә, онда оқып жатқан қазақ та, оқуға бара жатқан қазақ та өте көп. Біз Тұран университетінің өзінен 13 адам болып бардық. Бір байқағаным ол жерде әзірбайжандар өте көп және қазақтар да баршылық. Сондықтан Кастамону университетінің оқытушылары бізді «қазақ бандалары» деп те атайтын.

Менің көз қарасым бойынша «Түркиядағы оқудың артықшылықтары» деп атап өтетіндей, бөліп-жарып қарайтындай артықшылық жоқ.

Маған ұнағаны: ол жерде сабақта түсінбей қалған тақырыптарыңды еркін мұғалімнен сұрай аласың. Біздегідей «сабақта не тыңдап отырдың?» деп бетіңді қайтармайды. Бір тақырыпты қамтуға тұтас 3 сағатты арнайды. Бірінші сағатында лекция оқыса, екіншісінде тақырыпқа қатысты видео ұсынып, үшінші сағатында түрлі ғалымдардың көзқарасын мысал ретінде келтіреді. Сондықтан тақырыпты ұқпай қалу деген болмайды.

 Сонымен қатар қосымша ақпарат алу үшін интернетке үңілудің қажеті жоқ, өте үлкен 3 қабатты кітапхана бар. Ол жерде қай тілде болсын, қай тақырыпта болсын қалаған ақпаратыңды таба аласың. Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханамен салыстырғанда әлдеқайда үлкен және кітап қорына бай.

Емтихандарында да айырмашылық бар. Қазақстанда бір семестрде 2 аралық бақылау, 1 сессия болса. Түркияда тек 1 аралық бақылау, 1 сессия ғана болады. Бар айырмашылық – осы.

– Емтиханда неден қиналдыңыздар? Жақсы нәтиже көрсете алдыңыздар ма?

– Біз грантта оқыған соң, 75 баллдан төмен нәтиже көрсетпеуіміз керек. Сондықтан емтихан бізге өте қиынға соқты. Себебі түрік тілін толық меңгермегендіктен көп ізденіп, көп жұмыс жасауымызға тура келді. Түрік тіліндегі ақпаратты орыс тіліне аударып, оны қазақшаға аударып, түсініп, қайта түрік тіліне аудару, біздің уақытымызды алды және уақытты тиімді пайдалануға үйретті.

Тест тапсырмалары ашық түрде емес, тек жабық түрде, жауап нұсқаларынсыз берілді. Сондықтан 75 баллдан асыру өте қиын болды. Сонда да біз берілмей грантымызды сақтап қалдық.

– Сабақтан бос уақыттарыңызда Түркияның қандай көрікті жерлерін араладыңыздар? Қандай көрікті жерлер сізге ерекше әсер қалдырды?

– Иә, біз әр сенбі, жексенбі күндері қаланың көрікті жерлерін аралап көруге тырыстық. Ең ерекше әсер қалдырғандарының бірі Каппадокия болды. Таңертеңгі көрінісін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әуе шарлары көздің жауын алады және тамаша көңіл-күй сыйлайды. Түркияның әр жері әдемі, бір тарих қойнауына түсіп кеткендей әсер қалдырады. Табиғаты да, ғимараттары да бәрі-бәрі керемет.

– Түркияда көрікті жерлерін, оқудағы артықшылықтарын есепке ала отырып, Түркияда оқуды жалғастырғыңыз келді ме? Толыққанды Түркияға оқуға ауысу туралы ой мазалаған жоқ па?

– Біз оқу аяқталып, кететін кезде Түркияның атмосферасына бейімделіп алдық. Көп дос таптық. Аз уақыттың ішінде тұрақты тұрғындарына айналып кеттік десек те болады. Қайтатын кезде шынында да қимастық бір сезім болды. Маған қайта оқуға мүмкіндік туып, бар десе, мен бірден бас тартар едім. Түркия оқитын жерге қарағанда, қыдырып, демалатын жерге көбірек ұқсайды.

– Түркия мемлекетіне барып оқығысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз, нені естен шығармағаны дұрыс?

– Түрік халқы – өте патриот халықтардың бірі. Олар өз елдерінде ағылшын немесе басқа тілде сөйлеп тұрғандарды онша жақтыра бермейді. Сондықтан түрік тілін толық меңгермей жатып, барудан аулақ болыңыз.

Баяғды Түрік елінің ер азаматтары «қызқұмар» болады деп жиі еститінбіз. Расында, халық айтса, қалып айтпайды. Шын мәнінде көзім жетті. Сондықтан, бірінші кездескен адаммен ашық сөйлесіп кетуге болмайтынын ескертемін.

Соңғы ескеретін мәселе: баратын кезде материалдық тұрғыда дайын болу керек. Ол жақта дәмді тағамдарға, көрікті жерлерге көп қаражат жұмсайтыныңыз анық.

 – Сұқбатыңызға көп рақмет! Сәттілік!

 

 

Мәлік Мади Арманұлы

Тұран университеті

3 курс студенті