Мұрағат

Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» романындағы «Тіршілік» газеті

Бүгінде бір ғасыр төрт жылды бағындырған «Арқа ажары» газетінің тарихы «Тіршіліктен» басталған болатын. 1917 жылы Ақмола (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында Сәкен Сейфуллин негізін өзі қалап шығарған «Тіршілік» газеті, қазір Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті болып жарыққа шығып жатыр. Тарихы тереңде жатқан «Тіршілік» Сәкеннің «Тар жол тайғақ кешуінен» орын тапқан

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Тар жол тайғақ кешу» романы – қазақ зиялыларының бірі Сәкен Сейфуллиннің туындысы. Бұл шығарманың басы «Қызыл Қазақстан» атты журналда жарық көрген. Сәкен Сейфуллин романда өзінің басынан кешкен оқиғаларын бүге-шүгесіне дейін баяндайды.

Романның тырнақалды бөлімінде Сәкеннің Омбының учительская семинариясын бітіріп, Ақмоланың бір ауылындағы жаңа ашылған мектепке оқытушы болып сайланғаны жайлы жазылады. Бірақ, оқу басталуына әлі екі ай мерзім бар болғандықтан Сәкен одан әрі санақ жүргізу ісімен айналысады. Санақ жүргізіп жүріп бірнеше елді-мекенді аралайды. Сілеті жеріне келіп тоқтауы, патшаның «19-43 жас аралығындағы жігіттерді әскерлік жұмыстарына алу туралы» бұйрығы шығып жатқан кезбен тұспа-тұс келеді. Сөйтіп жергілікті қорыққан қазақ бұларды жігіттердің санын алып, жоғарыға жібермекші деп, санақтан бас тартады. Алайда Сәкен тағы бірнеше елден санақ алып, Ақмолаға оралады. Ал романның ең негізгі, қиын-қыстау сәті бейнеленетін жері бұл Атаман Анненковтың «Азап вагоны» еді. Ол жердегі адамдардың қалай қиналғанын айтып жеткізу мүмкін емес. Бірқатар қазақтардың, Сәкендей азаматтардың азапталуы жанды қынжылтатыны анық. Алайда роман одан әрі шиеленісіп, тағы талай оқиға баяндалады.

           Ең алдымен, Сәкен Сейфуллин «Жас қазақ» ұйымын ашады. Бұл ұйым дәл «Бірлік» ұйымы тәрізді, бірақ, «Бірлік» сияқты патша үкіметінен жасырын емес-ті. Дәл осы «Жас қазақ» ұйымы «Тіршілік» газетінің демеушісі еді. Ең басында Сәкен «Сарыарқа», «Алаш», «Бірлік туы», «Ұран», «Қазақ» сынды газеттерді атап көрсетіп, «Тіршіліктен» басқасының бәрі бір бағытта болды деп жазады. Яғни, барлық аталған газеттер Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов басқарған «Қазақ» газетінің ықпалымен жүрді, барлығы ұлтшыл болды, байшыл болды деп көрсетеді. «Тар жол тайғақ кешуде: «Әр жерде-ақ газет шығара бастадық. Семейде – «Сарыарқа» газеті, Ташкентте – «Алаш» газеті, соңынан «Бірлік туы». Бөкейлікте, Астрахан қаласында – «Ұран» газеті. Ақмолада – «Тіршілік» газеті, Орынборда – бұрынғы белгілі «Қазақ» газеті»,-деп жазылды.

«Тіршіліктің» шынайы тарихы, алдына қойған мақсаты, мақалаларының тақырыптық сипаты  С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында дәл суреттелген: «Қаріп келіп «Тіршілік» деген газет шығара бастадық». Романда 1925 жылы Ташкентте газет тілшілерінің бүкілқазақстандық съезінде алаш қайраткері Абдолла Байтасұлының «Қазақ баспасөзінің тарихы туралы» баяндама жасап, «Тіршілікке» қатысты пікір білдіргені айтылады. Оған қоса зерттеуші З.Тайшыбайдың «Мағжанның Қызылжары» еңбегінде басылымға қатысты мынадай мәлімет бар: «Солтүстік өңірдегі қазақ баспасөзінің қалыптасуы дегенде Ақмолада 1917 жылғы сәуір айынан бастап, 1918 жылдың шілдесіне дейін шығып тұрған «Тіршілік» газетінің орнын көрсетпесе болмайды. Либералдық бағыт ұстанған бұл газеттің редакторы және шығарушысы – Рақымжан Дүйсенбаев. Газеттің жұмысына қаладағы мектептердің мұғалімдері Абдолла Асылбеков, Бәкен Серікбаев, Сәкен Сейфуллин сияқты азаматтар қатысты».

Газет редакторы Рақымжан Дүйсенбайұлы болды. Бұл туралы Сәкеннің еңбегінде былай делінеді: «Тіршілік» анда-санда шығып тұрады. Ресми редакторы – Рақымжан. Бірақ ауыр ісінің көбі менің мойнымда. Оның үстіне, мен школде беретін сабағымды да қоймадым. Және кешке ересектер оқитын курс ашып, мен онда да сабақ беретін болдым. Қысқасы, күні бойы, кеш бойы тынбастан қызметте аласұрып жүретін болдық».

    Романның енді бір бөлігінде Сәкен «Жас қазақ» ұйымын, «Тіршілік» газетін күшейте бердік дей келе, комитеттің кімдікі екенін газетте жазды. Тіпті, байларға, молдаларға, болыстарға қарсы жазды. Өзінің «Тіршілікте» басылған «Күзетші иттер» атты өлеңіне Құсайын Қожамбердіұлының шамданғанын жазады. Бұл өлеңде, комитеттің губерниялық комитеттің әмірімен елден ақша жинамақ болғаны, сорақысы үй басына жеті жарым сом, яғни, байың да жеті жарым сом, кедейің де жеті жарым сом төлейтіні жайлы жазған.

          «Тіршілік» газеті романның тағы бір бөлігінде діншіл деп көрсетіледі. 1925 жылы Ташкентте болған «Ақжол» газетінің Жалпықазақстандық съезінде, Байтасұлы деген азамат «Қазақ баспасөзінің тарихы туралы» деген баяндама жасап, онда: «...Ақмоладағы «Тіршілік» сондағы газеттердің бәрінен кедейшіл болды. Бірақ бұ да діншілдік, ұлтшылдықтан аман болған жоқ», - деп баяндаған екен. Иә, бұл сөзге Сәкен: «Бұл – әншейін бос сөз. «Тіршілік» діншіл де болған жоқ. Ұлтшыл да болған жоқ. Ұлтшыл болса, «Алашқа» қосылар еді», - деп жауап жазады. Ал діншіл болды ма? Бұл сұраққа Сәкен «Мүфти керек» деген мақала арқылы жауап қатады. «Қазақ» газеті «Тіршіліктің» Мүфтиге қарау керек емес деген пікіріне өздерінің пікірін жазып, керісінше қараған жөн деп жазады. Дегенмен, «Тіршілік» газеті: «Қазақ әзір мүфтиді қоя тұрып, өзге бас билігін түзетсін», - деген пікірде қалады. Міне, біз бұдан «Тіршіліктің» діншіл де болмағанын аңғарамыз.

          Романның тағы бір бөлігінде Спасск заводының жастары «Жас жүрек» деген қауым ашқанын, олардың «Жас қазақпен» байланыс жасап, осы ұйымның бір бұтағы болғаны, тіпті, «Жас жүректің» басындағы бір түрік жігіті «Тіршілік» газетіне сөз жазып отырғаны жазылады. 

           Енді, бір бөлігінде Сәкен «Тіршіліктің» әлі шығып тұрғанын, ресми редакторы Рақымжан Дүйсенбайұлы екенін және ауыр істерінің көбін өзі де атқарғанын жазады. Өзінің мектепте сабақ беріп, онымен қоса ересектерге курс ашып, оны жүргізетінін, күні-түні босамай қызмет жасайтынын айта келе, «Тіршілікте» қозғалған тағы бір мәселе жайлы жазады. Ол Омбыда оқып жүрген Ақмоланың нашар балалары жайлы еді. Мәселенің төркіні Сәкендер комитет құрамынан шығып қалған соң, «Қазақ комитеті» Омбыдағы балаларға жиналған ақшаны жібермей, өздерінің жұмсап қойғаны, ал жіберген ақшаны Омбыдағы комитет, өздерінің мұқтаж емес жандарына бергені жайлы. Бұл жайлы Сәкен «Тіршілік» газетіне мақала жазып, «Жас қазақ» арқылы жанжал көтергені жайлы да жазып көрсетеді.

          «Тар жол тайғақ кешудің» тағы бір бөлігінде қазақ зиялыларының бірі Омар (Ғұмар) Қарашұлының «Терме» деген кітапшасы шығып, онда Әлихан Бөкейханды мақтап жазатынын айтып, Сәкен былай дейді: «Қазақтың барлық газетін мақтайды. Жалғыз «Үш жүз» газетін боқтайды. «Тіршілік» туралы ептеп, жұмбақтап, ноқат қойып жазады», - дейді. Міне, осыдан біз Сәкеннің қазақ зиялыларының көбімен қандай қарым-қатынаста болғанын, газеттің ұлтшыл болмағанын байқаймыз.

          Кітаптың «Тіршілік» туралы жазылған тұсын нақтылап оқып, сол уақытта газетте басты екі мәселенің қозғалғанын аңғаруға болады. Соның біріншісі – «Тіршілік» газетінің басым бөлігінің байларға, болыстарға, молдаларға қарсы мақалалар жазып тұрғаны. Өйткені олардың елден ақша жинамақ болғаны, бай мен кедейдің қаражат жайғдайын салыстырмай екеуінен де жеті жарым сом салық алып тұрғаны ашу-ызаға тигені айтылған. Шындығында ақылға салып қарар болсақ нағыз газетке жазуға тұрарлық мәселе. Екіншісі – «Тіршіліктің» діншіл де, ұлтшыл да болмағаны. Ұлтшыл болмағанын «ұлтшыл болса «алашқа» қосылар еді»- деген сөзден білуге болады. Ал діншіл болған-болмағанын мынадан біле аламыз.

          Сол бір кезеңде «Қазаққа мүфти керек пе?» деген сұрақ белең алған (Мүфти (mufti) — исламда соттың немесе жеке тұлғаның жүгінген мәселесіне шешім шығаруға өкілетті, құқық саласындағы беделді адам. Мүфти (парсы тілінен – пәтуа, шешім шығарушы) – шариғат заңдары негізінде даулы мәселелерге билік айтып, шешім шығаратын дін басы). Сонда «Тіршілік» мүфтиге қарау керек деген шешімді қолдаған. Осыдан діншіл болмағанын аңғара аламыз. Міне кітаптағы  баса мән беріп қарау керек басты екі мәселе осы болды.