Қоғам
XXI ғасыр – білім мен озық технологияның заманы. Ал білім мен технология бір арнада тоғысқанда бәсекелестік орын алады. Бәсекелестік өте жоғары болған кезде, өзгелерден қалай ерекшеленесіз? Веб-сайттарды да қарастырып, жұмыс іздейсіз, бірақ әлі де жұмыссызсыз, сұқбаттаса алмайсыз. Түйіндеме толтыру мен кездесуде қиындықтар туындайды ма? Ең алдымен неге баса назар аудару керек екенін білмейсіз бе?
1. Жұмыс берушінің назарын аудару. Түйіндемені ретке келтіріңіз. Мысалы оның анық әрі мұқият жазылғанына көз жеткізіңіз. Өз салаңызға, мамандығыңызға сай етіп жасаңыз. Бұл өте маңызды. Менеджмент саласы үшін "тамақ әзірлей аламын" деп жазбайтыныңыз анық. Мұндай түйіндемемен жұмысқа орналаса алмайсыз.
2. Түйіндеме немесе өтініш хатта термин немесе клише сөздерді қолданудан аулақ болыңыз. "Мен фото, видеоны керемет өңдей аламын" деген секілді мақтану артық болады. Керісінше, талапқа сай жауап бере алатыныңызды нақты дәлелмен анық көрсетіңіз. Қарапайым сөздік қорын қолданыңыз.
3. Түйіндемені ешқашан Word форматында жібермеңіз. Себебі бұл форматта кез келген ақпаратыңыз өңделеді және пошта арқылы ашқанда әріптер жан-жаққа шашылып, ретсіз болады. PDF форматында жасаған жөн.
4. Ешқашан Mail. ru пошта жазбаңыз. Сондай-ақ, поштаңызда жылыңыз, лақап атыңыз немесе қай өңірден екеніңіз жазылмасын. Оқыған-тоқыған, көзі ашық адамның поштасы gmail.com сияқты әлемдік сервис болуы шарт.
5. Істемейтін телефон нөмірді, компаниядағы поштаңызды немесе университетіңіздің, клубыңыздың, группаңыздың поштасын беруші болмаңыз. Сондай-ақ, резюмені құжат ретінде емес, жеке чатқа, поштаға мәтін түрінде жіберуші болмаңыз. Аяқ астынан жұмыс шыққан соң, асығып-үсігіп жаза салған сияқты көрінеді.
6. Әлеуметтік парақшаңызды бүгіннен бастап әрлеңіз. Қазіргі заман – әлеуметтік желілердің тренд болып тұрған уақыты. Сондықтан сізді шақырып, әуре қылмай қандай маман екеніңізді білу үшін әлеуметтік желідегі аккаунттарыңызды да қосымша ақпарат ретінде қалдыра салу зиян болмайды. Болашақта осы парақшамды менің жұмыс беруші компаниям қарайды-ау деген стратегиялық жоспармен қазірден бастап, әлеуметтік желідегі әр салған фотоңыз бен жазбаңызға аса мән беріңіз. Инстаграм мен Фейсбуктағы анкетаңызды көрген адам резюме көргендей күй кешетін болсын. Сонда сізге жұмыс берушілер көптеп xабарласады.
7. Түйіндемелеріңізді веб-сайттарға қалдырыңыз. Өтініштер жіберіп, тәжірибеңізді жазыңыз. Қалай десеңіз, мысалы журналистика факультетінің студенттері түйіндемеде әсерлі көрінетін теледидар, жаңалықтар арнасындағы жұмыс тәжірибесін жазады. Жарнама, веб-сайт дизайны, барлық жағынан шығармашыл болыңыз.
8. Жақсы көңіл күйде болу. Эмоция ұстай біліңіз. Қолайсыз сұхбаттар орын алған жағдайда шыдамдылық пен позитивті көзқарас қажет. Сізге қарсы сөздер айтылса да, сіздікі дұрыс болса да сабырлы болыңыз.
Жалпы қазірден бастап, резюмесіз жұмысқа кіретіндей деңгейде мықты, кәсіби маман болуға тырысыңыз. Сіздің әлеуметтік желідегі жазған жазбаңызды көріп, бірден жұмысқа шақыратын немесе оффлайнда өзіңізді қалай ұстап, қалай сөйлегеніңізге қарай сізге аяқ астынан жұмыс ұсынатын деңгейде ақылды болыңыз. Ең бастысы түпкі мақсатыңызды қалыптастырыңыз. Міне, сонда ғана көпшілік бәсекеде алға шығасыз!