Саясат
Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік сыртқы қарыздарына салыстырмалы талдау
Қазақстан мен Өзбекстанның экономикасының даму көрсеткіші әртүрлі. Бірі Орталық Азиядағы ірі экономика болса, екіншісі енді-енді дамып, бірізді жолға түсіп келеді. Алайда екеуінің мемлекеттік қарызы жер мен көктей. Ендеше екі елдің мемлекеттік қарызы қанша екенін, соған талдау жүргізейік.
Қазақстан
Қазақстанның сыртқы қарызы 2020 жылы 1 қазандағы жағдай бойынша 160,9 млрд долларды немесе ЖІӨ-нің 90,7%-ын құрады. Көрсетілген соманың басым бөлігі - жеке ұйымдардың қарызы. Үкіметтің қарызы емес. Өйткені сыртқы қарыздың 80%-ы мемлекет те, қарапайым азаматтар да жауап бермейтін жеке ұйымдардың міндеттемелері.
Үкіметтің сыртқы қарызы елдің 8,2% немесе 13,2 млрд долларын құрайды. Ал квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы 12,5% немесе 20,1 млрд доллар. Бұл жалпы ішкі өнімнің - 18,8%. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, бұл қауіпсіз деңгейгеге жатады.
Экономист Данияр Молдокановтың айтуынша, заңнамада жекеменшік ұйым алған қарызға мемлекеттің жауап бермейтіні айтылған. Мемлекеттік компаниялардың өз бюджеті бар жеке заңды тұлғалар болып табылады. Алайда жекеменшік ұйым банкрот болған жағдайда, мемлекет оған көмектесіп, қарызын қайтаруды мойнына алады.
Еліміздің сыртқы қарызының басым бөлігін (101,3 млрд доллар немесе 62,9%) жеке сектордың компанияаралық қарызы алады. Ондағы негізгі үш ірі жоба - Қашаған, ТШО және Қарашығанақ. Жобаларды іске асыру үшін шетелдік инвесторлар Қазақстанда тіркелген топтық компанияларды қаржыландырады. Халықаралық әдістеме бойынша мұндай инвестициялар елдің сыртқы қарызы болып саналады.
Өзбекстан
Сыртқы және ішкі нарықтарға Өзбекстанның мемлекеттік қарызы 2021 жылдың 1 қаңтарына 23,3 миллиард долларды немесе ЖІӨ-нің 40,4 пайызын құрады. Алынған қарызға мемлекеттің өзі кепілдік береді. Бұл туралы Өзбекстанның Қаржы министрлігі хабарлайды.
Елдің мемлекеттік қарызы 2020 жылдың 1 қаңтарына 17,8 миллиард долларды немесе ЖІӨ-нің 30,8 пайызын құрады.
Атап айтқанда, Өзбекстанның Азия даму банкі алдындағы қарызы - 5 миллиард доллар, Дүниежүзілік банк - 3,7 миллиард доллар, Қытайдың экспорт-импорт банкі - 2,2 миллиард доллар, Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігі - 1,9 миллиард доллар, Қытай мемлекеттік даму банкі және басқалары - 2 миллиард доллар, Ислам Даму Банкі - 0,9 миллиард доллар және басқа халықаралық қаржы институттары - 2,4 миллиард доллар қарыз.