Жамал Жақсытай: «Таңшолпанды» жазудағы мақсат – көрерменге титр оқыту

Көрерменнің журналистикаға деген көзқарасын өзгертетін отандық сериалды көрдіңіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Жамал Жақсытай – журналистика факультетін тәмамдаған кинопродюсер, сценарист. «Тағы да сүй», «Мұздағы жалын», «Таңшолпан» телехикаяларының сценарий авторы. Қазақ журналистикасының қазандай қайнаған ошағын көрсеткен «Таңшолпан» сериалы жайлы Жамал Жақсытаймен Bugin.kz тілшісі сұқбаттасты.

Отандық фильмге деген көзқарасыңыз қандай? Ең сүйікті отандық туынды?

– Қазіргі қазақ киносының жағдайы айқын. Бәсекеге қабілетті емеспіз. Мойындау керек. Алайда кино саласын дамыту үшін еңбек сіңіріп жүрген жан аз емес. Дамымаған екен деп үнемі жамандай беруге болмайды. Көрермен тарапынан қолдау қажет. Сондықтан отандық кино саласына деген ойымыз жақсарса екен деймін. Кейде айтылған сындар орынсыз. Бірден шетелдің деңгейімен салыстырады. Даму үшін уақыт керек.

Жүз пайыз көңілімнен шыққан туынды жоқ. Қазақ киносына деген сын мен пікірдің болары белгілі. Алайды айтар ойы, сюжеті, динамикасы жағынан 2019 жылы Серік Абас-Шахтың продюсерлігімен түсірілген «Зеркало» фильмі ұнады. Мінсіз туынды демеймін. Айтарлықтай кемшілігі де бар. Бірақ салыстырмалы түрде жақсы туынды.

– Журналист Жамал қалай сценарист Жамалға айналды?

– Мен 2018 жылы ҚазҰУ-ды журналистика мамандығы бойынша тәмамдадым. Десе де "журналист Жамал" деп айту орынсыз. Себебі бұл саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген қатарластарымның жанында мен айтарлықтай еңбек етпедім. Сәйкесінше ешкім сценарист Жамалға айналмады. Мен өз жолымды жаңа бастаған жас сценаристпін.

– ”Шабытсыз Жамал бақытсыз”дедіңіз. Сценарий жазуға шабытты қайдан аласыз?

– Сценарий жазу уақыт пен ізденісті талап етеді. Тек шабыттың болуы жеткіліксіз. Мені шабыттандыратын – тақырып. Тақырып маған ой сала алса, менің көрерменге де айтарым болары анық. Тақырып арқылы қызықты сюжет те, мақсат та туады. Егер мені тақырып қызықтырмаса, шабыттанбаймын. Өз фишкамды көруге тырысамын. Мәселен, «Мұздағы жалынды» кейде Медеуге барып жаздым. Атмосфера мен мұз мені шабыттандырды. Ал «Таңшолпанды» жазуға шабыттан гөрі көп уақыт қажет болды.

– "Таңшолпан" телехикаясы қалай туды?

– Ұлттық арнадан таңғы бағдарлама жайлы сценарий жазуға ұсыныс түсті. Алдымен журналистика жайлы кітаптар оқыдым. Кинолар қарадым. Осылайша оқиғаға база қалыптасты.

Сценарий жазылу барысында Диана Рахым мен Диляра Нүкен де атсалысты. Журналистика факультетінің студенттері болғандықтан, тез тіл табыстық. Маусым айында таңымыз офисте атып, кешіміз солай бататын. Демалу мен үйге қайтуды ұмыттық. Өзге қызметкерлер кеш батқан соң үйлеріне кетсе, біз осында тынбай жұмыс істеуді жалғастыра бердік. Үйге душқа түсуге ғана баратынбыз. «Демалдық» деп соған мәз боламыз. Осы процестер бізге ләззат сыйлайтын. Осындай үлкен еңбектің арқасында бүгінде «Таңшолпан» жайлы пікірлердің бәрі дерлік оңды. Сценарийдегі басты кейіпкердің мақсатын айқындау қиынға соқты. Соған біраз уақыт жоғалттық. Шынайы өмірдегі адамның мақсаты кино түсіру үшін жеткіліксіз. Мәселен, телехикаядағы Жұлдыздың мақсаты –  журналист болу. Алайда ол оны тек журналист болу үшін қалаған жоқ. Жұлдыздың ата-анасын табуға деген ұмтылысы оны «Таңшолпанға» әкелді.

– Парақшаңызда «Мұздағы жалынның» сценарийін жазғанда Денис Теннің, «Таңшолпан» жазылғанда Бейсен Құранбектің өмірден өткенін баяндадыңыз. Бір сала жайлы идея туғанда сол сала үздігінің өмірден өтуі сәйкестік пе?

– Мен желіде көңіл-күйіме әсер еткен жайттарды қалдырамын. «Мұздағы жалынды» жазғанда Денис Теннің, «Таңшолпанды» жазғанда Бейсен Құранбектің дүниеден өткені жайлы жазба қалдырғанмын. Мұның бәрі сол сәттегі эмоциядан туған еді. Барлығын ауыр қабылдамаймын. Жай ғана сәйкестік. Бұлай болды екен деп бәрін тағдырға тіремеймін. Өмірдегі кей оқиғаларды жай ғана қабылдаған жөн.

– Бүгінде сценарий жазу барысында осы жайттар үшін бойыңызда қорқыныш ұялай ма?

– «Таңшолпаннан» соң сценарий жазуға нақты ұсыныс алмадым. Әлі сценарий жазуға кіріспедім. Сондықтан бойымда қорқыныш пен үрей билейді деп айта алмаймын. Бәрін қатты қабылдамаймын. Осы күнге дейін енді не болар екен деп алаңдаған емеспін. Әрі қарай да солай болғанын қалаймын.

– "Таңшолпанның" көрерменге айтар ойы қандай?

– Біздің мақсатымыз – көрерменнің журналистерге деген көзқарасын өзгерту. Көрермен назарындағы жүргізушіден бөлек шығармашылық топтың еңбегі елеулі екенін көрсеттік. «Таңшолпанды» жазудағы мақсатымыз –  көрерменге титр оқыту. Титр дегеніміз – фильм аяқталған соң көрсетілетін ұжымның аты-жөні. Киноның сәтті немесе сәтсіз шығуына актерлерді кінәламау керек. Басты рөлді кім ойнағанынан бөлек «Фильмнің режиссері кім?», «Сценарийін кім жазды?», «Актерлерді кім киіндірді?» сынды сауалдар да көрерменді қызықтырғанын қаладық.

Кинотеатрдан көрген әр фильмнен соң 5 минут уақытымды бөліп, титр оқимын. Сонда залда өзімнің жалғыз қалғанымды жиі байқаймын. Бұл менің «Таңшолпанды» жазудағы мақсатыма шабыт сыйлады.

– Телехикаяда қазақ журналистикасы шынайы көрініс тапты деп ойлайсыз ба?

– Телехикаяға мелодрама араласқандықтан журналистиканың қазандай қайнаған ортасын толық көрсеттік деп айта алмаймын. Бірақ барынша тырыстық. Журналистерді ұзақ уақыт зерттедім. Әлеуметтік желідегі парақшаларына жазылдым. Олардың қызығушылығы, ойы, тіпті сөйлеу мәнері де ескерілді. Сондықтан телехикаядағы кейіпкерлердің прототипі жоқ. Олар барша журналистика жайлы түйсігімнен туған кейіпкерлер.

Сұқбаттасқан: Ақерке Еркімбек