Bugin

Ресей сарапшысы: Қазақ тілін латын қарпіне көшіру – оны өлтірумен бірдей

Қазақ билігі 30 жыл бойы қазақтандыру саясатын жүргізсе, еш нәтиже жетпеді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда қазақ тілі мүшкіл халде. Орыс тілі басым. Сондықтан қазақ тілін латын қарпіне көшіру – оны құртумен бірдей. Осылай деді Ресейдің Орталық Азия жөніндегі маманы, Еуразиялық аналитикалық клуб басшысы Никита Мендкович Stanradar-ға берген мақаласында.

Автордың жазуынша, Қазақстандағы қазақ тілінің таралуы мен қолданысы шенеуніктер ойлағандай берік емес. Бір қарағанда қазақ тілі басым болғанымен, негізінен орыс тілінің қолданысы анағұрлым мықты.

"Эборт қорының 2020 жылы жүргізген зерттеуінде қазақстандықтардың 51,4%-ы орыс тілін еркін білетіні белгілі болады. Ал қазақ тілін еркін білетіндер – 31%-ды ғана құрады. Ал қазақтардың арасында ана тілін білетіндердің үлесі 51% ғана. Яғни, жартысы. Ең жаманы – қазақ тілі күнделікті тұрмыстық қолданыста да мүшкіл халде. Халықтың үштен бір бөлігі ғана жанұяда қазақ тілінде сөйлеседі", - деп дерек келтіреді автор.

Сондай-ақ автор социолог Гүлнар Исмуханова мен филолог Дастан Елдесовтің пікірлерін ұсынады.

Социолог Гүлнар Исмуханова "Зерттеу көрсеткендей, қазақ тілі Қазақстанда көп қолданылмайды. Тек отбасылық қарым-қатынас деңгейінде көбірек қолданылады" десе, Дастан Елдесовтің ойы "қазақ тілі әдеби және мәдени ортада кең қолданылып, көркемдігі басым болғанымен, қазіргі заман техникалық және заңнамалық тілде сөйлейді, бұған қазақ тілінің қауқары жетпейді" дегенге саяды.

Сондай-ақ автордың жазуынша, қазақ тілі – кітаби тіл болғанымен, ол тілде жазылған кітаптар аз. Кітапхана қорындағы кітаптың 35%-ы, газет-журналдың 20-42% ғана қазақ тілінде. Бұл – өте аз.

"Ал сатылым нарығындағы кітаптың 90%-ы – Ресейден келген, орыс тілінде жазылған кітаптар. Қазақстан баспалары негізінен мектеп оқулығын шығаруға маманданған. Оның өзінде, орысша оқулық көп", - деп жазады автор.

Мендковичтің жазуынша, Қазақстанда орыс тілінің қолданысы басым. Үздік ғаламтор басылымдарының, Google-да ізделетін сөздің, телевидениеде көрілетін бағдарламалардың басым көбі – орыс тілінде.

"Қазақстан халқының 68%-ы қазақ ұлты болғанымен, қазақстандық азаматтардың басым бөлігі ресей ақпараттық кеңістігі мен орыс тілді ақпараттың ортасында өмір сүріп жатыр", - деп жазады автор.

"Қазақстан 30 жыл бойы қазақтандыру саясатын жүргізсе де, орыс тілді аудитория әлі азаймады. Қазақстан қоғамы қостілді екенін мойындауымыз керек. Орыс тілі шын мәнінде – жетекші тіл. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болса, да дамуы баяу. Сондықтан оны латын тіліне көшіру жағдайын мүлдем мүшкіл етпек. Әкімшілік ресурс ештеңе істей алмайды. Өйткені құжат пен білім және ғылым саласы түгелдей орыс тілінің еншісінде", - дейді сөз соңында Никита Мендкович.