МӘДЕНИЕТ

Әлихан Бөкейханның сіз білмеген тағы бір қыры

5-наурыз - қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіруде тарихи қызмет атқарып, ұлттық жаңару мен жаңғыруға серпін берген Алаштың қайраткерлерінің бірі Әлихан Бөкейханның туған күні. Мақалада Әлихан туралы жаңа деректермен танысасыз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

1866 жыл, 5 наурыз күні ұлттық саясаткер, ғалым, елін еркіндікке бастаған көреген көшбасшы, энциклопедиялық білім иесі, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың туған күні. Бірі білсе, бірі білмес - Әлихан Бөкейхан заманының озық ойлы білімпазы, синкреттілікті бойына дарытқан ерекше тұлға. Әлиханды тек ғалым деп атап қою жеткіліксіз, себебі ол ғалым бола отырып барлық саланы зерттеп шыққан кемеңгер.

 Әлихан Бөкейхан - қазақтың мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қойған бірегей ғалым. «Щербина экспедициясынан» кейін 1903 жылы ол C.П.Швецов бастаған Сібір темір жолы бойында орналасқан Челябі мен Том (Томск) қалалары аралығын мекендеген қазақтардың мал шаруашылығын зерттеуге бағытталған экономикалық экспедициясының басы-қасында болады. Экспедиция Сібір темір жол басқармасының тапсырмасы мен қаржысына жүргізілген. Әлихан Бөкейханов өзіне экспедиция жүктеген мақсатқа сай, қазақтың қой және қой шаруашылығының егжей-тегжейін терең зерттейді. Сол өңірдегі қой шаруашылығымен қоса ол бүкіл қазақ даласының түкпір-түкпіріндегі, атап айтсақ, Жетісу,
Сырдария бойындағы қазақтардың қой тұқымдарын, шаруашылықтарын түгел қамтып, бір-бірімен салыстыра отырып қарастырады. Соның нәтижесінде Әлихан Бөкейхан қазақтың қой тұқымдары және қазақтың қой шаруашылығы жайында бұрын соңды болмаған үздік монография жазып шығады.

Монографияда қазақы қойдың түрлі тұқымдары туралы, жем-азығы, жайылымы, малдың түрлі аурулары мен емдеудің әдістері жайында, қысқасы, қазақтың қой шаруашылығына қажетті алуан түрлі мәліметтер молынан берілген. Бұл еңбек экспедицияның басқа материалдарымен бірге «Материалы по экономическому обследованию районов Сибирской железной дороги» деген үш бөлімнен тұратын кітап болып 1904 жылы Том қаласынан жарыққа шығады. Ал осы монографиямен қатар жазылып,
жарық көрген, Қазақстанның батыс бөлігіндегі ірі қара мал шаруашылығы және қазақтың жылқысы жайындағы туындылары өкінішке орай әлі күнге дейін табылмай отыр деседі.

Міне, біз білмейтін Әлиханның ерекше қырларының бірі осы еді. Оның монографиясын тапқан, қолданатын адамдарға бұл еңбек мал шаруашылығы жөнінде үлкен көмекші білім, қайнар көзі болары сөзсіз.