Weekend

Бұрынғы дәстүр бүгінде қылмыс

Халқымызда тамырын тереңнен алатын дәстүрлер көп

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Халқымызда тамырын тереңнен алатын дәстүрлер көп. Әрбір салт-дәстүрдің өз заманына сай мән-мағынасы бар. Олардың ұрпақтан-ұрпаққа қалып бізге жеткендері қаншама. Солардың бірі ретінде «қыз алып қашуды» айтуға болады.

Қыз алып қашу бұрынғы заманда жас жігіттің сүйген қызына қосылуына, белгілі бір себептердің кедергі болуынан туындаған. Ол себептердің ең бастысы және бірегейі бойжеткен мен бозбаланың қосылуына ата-аналарының қарсылығы, жігіттің қалыңдығы үшін сұралған қалың мал құнын төлей алмауы. Сондықтан, көп жағдайда жігіттің сүйген қызын әйелдікке алу қиындық тудырған. Осы туындаған мәселелердің бір шешімі қызды өзінің келісімімен алып қашу. Тек осы жағдайда ғана, ата-аналары қарсылық білдіре алмайды. Оның үстіне «қайтып келген қыз жаман» - деп қызды барған жерінен қайтып әкетпейді. Сондықтан жігіт қалыңмал құнын өтей алса да, алмаса да қыз тұрмыста қалады.

Бұдан бөлек қыз алып қашуға жігіттің қалауы да себепкер болады. Ұнатқан қызды міндетті түрде алып қашып өзінің қалағанына қол жеткізе алатындығын көрсету. Бұдан басқа бір көріп ұнатқан қызды еш келісімсіз алып қашуда кездескен. Осы қыз алып қашу жағдайында, қыз келіспегеніменде сол отбасында қалуға келісім береді. Себебі, қазақ отбасы үшін және қыздың өзі үшін де «қайтып келген қыз жаман» - деп ұятқа қалмас үшін барған жерінде келін болып қалып қалады.

Дегенмен, бұл қыз баланың құқын қарастыратын немесе қызды қорғайтын заңның жоқтығын білдірмейді. Қыздың өзінің де, ата-анасының да келісімінсіз алып қашу үлкен дау туғызады. Оның үстіне құда түсіліп, сырға салынған қыз болса да сұраусыз қалмайды. Бұл жағдайда жігіт үшін заңмен шара қолданады.

Бүгінде «қыз алып қашудың» өзгеріске ұшыраған тұсы жетерлік. Салт-дәстүрді дұрыс түсінбеу оның парқына бармау себепті бір көрген қызды алып қашу жиі кездеседі. Бұл жағайда қыздар қауымының көпшілігі не істеу керектігін білмей, абдырап қалатыны анық. Қаншама көз-жасы төгіліп, қарсылық білдіргенімен, үлкен қарияның сөзінен асып кетпейді. Сол себептенде болар, бұл жайтты маңдайыма жазғанына балап көніп қалып қояды. Бірақ, кейінгі отбасылық өмірде қателік жасағанына көзі жетеді.

Қазақ халқында қалыптасқан салт бойынша, жігіттің отбасы алып қашқаны туралы қыздың ата-анасына хабаршы жібереді. Қызды алып қайту немесе қалдыру ата-анасының шешіміне қарай орындалады. Дегенмен, көп жағдайда қыз қалуға шешім қабылдайды.

Бүгінде қызды келісіммен алып қашуға ешқандай кедергі жоқ. Жастар шешімі бойынша қыз бен жігіт келісілген уақытта қызды үйіне алып қашып апара алады. Бұл жігіттің қалыңмал төлеу құнын жеңілдетеді. Дегенмен, қыздың келісімін алмай, бір көргеннен алып қашатын жағдайлар да жиі тіркеледі. Бүгінде ол үшін арнайы заң жобасы қабылданып та үлгерді. Келісімсіз қыз алып қашу көпшіліктің наразылығын тудырғандықтан «адам ұрлау»  - деп танылып бұл үшін заң жүзінде арнайы бап қабылданды. Сондықтан, ұнаттым екен деп алып қашу енді сіздің еркіндігіңізді бес жылдан сегіз жылға дейін шектей алады. Әрине, бұл да қыз немесе оның ата-анасы тарапынан шағым түскен жағдайда. Соған қарамастан өмірде жолыққан ғашығыңызға қосылуды таңдаңыз.