Авторлық ертегі
Патша сарайында тұратын бұлбұл құстың оқиғасы. Оның әркез тек бір сарында әуен шырқауы ханға таңсық болып көрінді. Сөйтіп бұл жұмбақтың сырын шешпек болды. Қалай ойлайсыз, патша сұрақтың шешімін таба алды ма?
Ертеде атақты саудагер болыпты. Ол керуенін алып, елдерді аралағанды ұнатады екен. Күндердің күнінде ол өз әйеліне құнды жәдігер алу үшін бір қалаға тоқтапты. Қаланың патшасы еліне келген әрбір саудагермен ойын ойнайды екен. Сөйтіп патша бұл жолы да келген қонағын сарайына шақырады. Күткен адамы ішке кіргеннен кейін патша оған бірден торда отырған бұлбұл құсты көрсетті:
– Мына құсты көріп тұрсың ба? Осы бұлбұл менің сарайыма келгелі тек бір сарында ән шырқайды. Оның көңілді ән салғанын естімеппін. Тыңда! Егер осы құс ойын барысында басқа ән салып кетсе, менің жеңілгенім. Саған менің бар байлығым беріліп, өзім зынданға түсемін. Ал егер бұлбұл тек менің айтқанымдай шырқаса, сенің жеңілгенің. Осы қалаға алып келген керуеніңді алып, өзіңді зынданға тастаймын,– депті патша. Саудагер оның бұл шартына келіседі.
Сөйтіп ойын басталады. Екеуі үш күн, үш түн ойнайды. Алайда бұлбұл құс дәл патшаның айтқанындай мұңлы әнді шырқаудан жалықпайды. Құр сілдері қалмаған саудагер жеңілгенін мәлімдейді. Ашкөз патша оның бұл шешімін қабылдап, бар байлығын қолына түсіреді. Бұл оқиға туралы құлақдар болған әйелі, бірден патша сарайына аттанды. Ол патшаның алдына келіп:
– О, аса құрметті хан ием! Мен сізге бір іс бойынша келіп тұрмын. Сіздің жақында тұтқынға алған саудагереріңіз менің күйеуім еді. Сіз оған шарт қойыпсыз. Осы жолы маған оны құтқару күшін қандай шарт қоясыз?,– депті. Әйелдің батылдығына риза болған патша бұл жолы оған өзгеден ерекше шарт ұсыныпты. Ол:
– Естіген боларсың? Мына бұлбұл менің сарайыма келгелі тек мұңлы әуен шырқайды. Не істесем де, оны қуанта алмадым. Осының сыры неде? Егер бұл істің шешімін тапсаң, саған ат басындай алтын беріп, күйеуіңді зынданнан шығарамын,– депті. Бұл сөздерді естіген әйел бұлбұлдың қасына келіп, біраз тұрды. Содан соң бірден тордың есігін ашып, құсты босатты. Барлық терезелерді ашуын өтініп, құсты сыртқа шығарды. Патшаны өзімен ертіп, бұлбұлдың соңынан жүруді ұсынды. Сөйтіп, екеуі атқа қонды. Бұлбұл құс емін-еркін аспанда қалықтады. Өзендерге шомылды, бұлақтардан су ішті. Сөйтіп ну орманға да жетті. Бір ағаштың қуысына келіп, қуанышты ән шырқай бастады. Оның мұндай әуезді үнін тыңдаған патша қатты таңқалды.
– О тоба! Мен бұл құстың торын алтынмен аптап, күміспен қаптадым. Оған бар жақсыны жасадым. Сондағы бұған керек болғаны осы екен ғой!,– деді патша.
– Иә, аса мәртебелім! Бұл оның туған жері болуы керек. Себебі, кез келгеніміз үшін қашан да туып өскен жеріміз қымбат қой. Ең бастысы ол бостандықта. Бұл өмірде еркіндікке не жетсін?,– депті әйел. Бұл оқиғадан кейін әйел тапқырлығы үшін ат басындай алтынға ие болып, күйеуін зынданнан шығарып алыпты.