Bugin

Геноцидті дәлелдеу: АҚШ пен Қытай "қырылудың" алдына тұр

Бұл - әлі басы ғана

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазір АҚШ бастаған мемлекеттер Қытайдың геноцид ұйымдастырып отырғанын дәлелдеуге тырысуда. Әсіресе, АҚШ қытай билігінің геноцид жасағанын толық дәлелдесе, Қытайдың жағдайы қиындайды. Бұл жайлы Ресей Жоғары экономика мектебінің орталық директоры Василий Кашиннің Профиль басылымына берген мақаласында айтылған.

Сарапшының айтуынша, Джо Байден билікке келісімен АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынас қалай өрбиді деген сауал болғаны рас. "Трамп кезіндегідей дұшпандық орнай ма әлде Байден бәрін жеңілдетеді ме" деген сұрақ тұрды.

"Бірақ мұның екеуі дұрыс емесін кейін ұқтық. Өйткені Байден билікке келе салысымен Бейжіңге шүйлікті. Қытайға қарсы қысымды бұдан да күшейтетінін түсіндік. Вашингтон билігі қазір Қытайдың Шыңжаңдағы мұсылмандарға геноцид жасағанын дәлелдеуге тырысуда. Егер халықаралық аренада дәлелдей алса, онда мұның арты Қытайға үлкен соққы боп тимек. Әлем елдері бірінен кейін бірі Қытайға экономикалық санкция жариялауы мүмкін", - деп жазады Кашин.

Былтыр қазан айында АҚШ сенаты қытай саясатын геноцид деп табу жөнінде резолюция жобасын дайындап, Сыртқы істер жөніндегі комитетке жіберді. Ал 27 желтоқсан күні Конгресс мүшелері Мемлекеттік департаменттен 90 күннің ішінде аталмыш резолюцияны қарап, Шыңжаңдағы мұсылмандар геноцидін бүкіл адамзатқа қарсы жасалған қылмыс ретінде тануын талап етті. Ал осы жылы 14 қаңтарда Конгрестің Қытай жөніндегі комиссиясы Шыңжаңдағы жағдайды адамзатқа қарсы жасалған қылмыс, тіпті, геноцид деп тұжырымдап, арнайы баяндама әзірледі.

Осыдан кейін көп созбай АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео Шыңжаңдағы жағдайды геноцид деп мәлімдеп, қытай билігінің оны әлі тоқтатпай отырғанын сынады.

"Бұл мәлімдемені Помпео пиар не атақ үшін айтқан жоқ. Өйткені екі-үш сағаттың ішінде Байден ұсынған мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен де Помпеоның айтқанымен келісетінін әрі қытайдың геноцид ұйымдастырып отырғанына сенімді екенін жеткізді. Мұның бәрі Вашингтон билігінің Қытайға мақсатты түрде қарсы екенін білдіреді", - деп түсіндіреді автор.

Геноцид – өте үлкен айып, оның салдары мен зияны шаш-етектен. Кремль билігі қанша Батыспен, АҚШ-пен қырғи-қабақ болса да, Мәскеуге геноцид жасады деген айып ешқашан тақпаған. Ал Қытайға сондай ауыр айып тағуы – тегін емес.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің заңгерлері Шыңжаңдағы жағдайды адамзатқа қарсы қылмыс екенін дәлелдеп мойындағанымен, оның геноцид екенін дәлелдейтіндей фактілер таппай жатыр.

"Сондықтан АҚШ өзінің позициясының рас екенін білдіру үшін дерек пен мәлімет табуға тырысып жатыр. Сол үшін өршеленіп барады", - деп жазады автор.

АҚШ-тың деректеріне сүйенген басқа елдер де қытайдың геноцидке қатысы бар не жоғын өздері тексере бастады. Жақында Нидерланды мен Канада Шыңжаңдағы жағдайды геноцид деп табу үшін резолюция жариялады. Енді Австралия парламенті де наурызда дәл осындай резолюция қабылдамаймыз деп мәлімдеді.

Ал Ұлыбритания сот шешімі арқылы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағындағы жағдайды геноцид танығысы келеді.

Әзірше Бейжің билігі айыптаудың бәрін жоққа шығарып, саясатының дұрыс екенін дәлелдеп бағуда. Қытай үкіметі Шыңжаңдағы оқиғаға куәгер болған азаматтардың өзін қылмыскер, қашқын деп көрсетуде.

"Бұл әлі басы ғана. АҚШ пен Қытайдың қарым-қатынасы да бір қарағанда шиеленіскен, қиын боп көрінгенімен, әзірше жағдай тұрақты. Мұның өзі жағдайдың әлі қиындап, өрши түсетінін көрсетеді. АҚШ айтқанын қатпай, геноцидті дәлелдеуге тырысса, Қытай оны мойындамай қарсы күш көрсетумен болады. Егер АҚШ геноцидті дәлелдесе, Қытайға келер шығын шаш-етектен болары сөзсіз", - деп ойын аяқтайды автор.