Білім және ғылым
Дулат ақын өлеңдері хандық жойылып, қазақ даласын аға сұлтандар билеген кезеңдерді бейнелейді. "Аға сұлтан болу үшін енді ақсүйектердің отбасынан болу міндетті емес, қара халықтан шыққандар да бола береді" деген тәртіп халықтың жағдайын ауырлатпаса жеңілдеткен жоқ. Ол аға сұлтандардың, ірі феодалдардың, дін өкілдерінің сұрқия, арам қылығының бетін ашып "Жақсы болса ұлығы, өз елін жаудай таламас" деп қынжылады . Нағыз өз елін сүйетін, жері мен халқы үшін өз жанын құрбан етуге дайын азаматтар өзінің туған жеріне ешқашан зұлымдық пен қастандық ойламайды. Ұрпақ ұлттық рухпен неғұрлым жақын тәрбиеленген сайын, өзінің адамдық бейнесін ішкі рухпен қаруландырмақ. Ұлттың негізгі құндылығы ұрпақ болғандықтан ұлттық идея ұрпақ рухына қызмет етуден алшақ кетпейді.
Жырауларымыздың «Ел-жұрт» идеясының мақсаты – ұрпақ санасында қазақтың әлеуметтік өмір этикасы мен эстетикасының болмысын сақтап отыру. Дулат Бабатайұлының көтерген мәселесі – елдің, ұлттың бірлігі. Ел бірлігі азайып, аға сұлтан, бай феодалдар халықтың бірлігін, тыныштығын ойламай, өз құлқындарын ойлайтынын айтады. Ел боламын десең өсек, өтіріктен қаш, бірлігіңді бұзба деген өсиет айтады. Дулат ақын қоғамның көптеген кемсігін адамның өз басындағы адамгершілік сипаттарымен байланыстырады. Сондықтан да ол адамның бойындағы пайдакүнемдік, сараңдық, қызғаншақтық, жастардың үлкенді сыйламауы, еріншектік, қорқақтық, жауыздық, зұлымдық, өсекке, өтірікке бейімділік, жігерсіздік т.б. кемшіліктерін сынайды:
Келемеж қылып атасын,
Алмай ақыл, батасын,
Мойнына алмай қатасын,
Шаруа десе жиреңдеп,
Өсек десе сүйреңдеп,
Қымыз аңдып қыдырып,
Бейпіл сөзге сыдырып,
Жалаңдасып ұл кетті.
Мұндай қасиеттерді сынау Дулат ақынның көптеген өлеңінде кездеседі және бұл кемшіліктердің қоғамға көп зиян келтіретінін көрсетіп, өсіп келе жатқан ұрпаққа жаман қасиеттерден арылуға шақырады. Адам баласының бұзылуынан халықтың жағдайы, ұлттың да жағдайы нашарлайды. Дулат өлеңдерінде жазба әдебиетке тән сипаттардың молдығын бірқатар ғалымдар оның өзіндік ерекшелігі ретінде жазған. Ендеше «Айтқаны кітап сөзіндей» дерлік даналық қасиеттер Дулат ақында тумысынан бар, бұл оның өлеңдерінің әрбір жолында сайрап жатыр. Өз кезінде көңіліне жақпаса билікке өкпе айтып, оны сынап жөнге салмақ болып, тарихи жағдайлармен санаспай пікір айтып өткен ақындар да өткенде көптеп кездеседі. Бірақ олардан Дулат пен Махамбеттің жөні бөлек. Олар өз дәуірінің перзенті болып өздері шыққан ақыл-ой биігінен ақындық сөзін сөйлеп кетті. Қай кезде де тәуелсіз көзқарас білдіріп, ел мүддесін, адамдық ар-намысты бәрінен жоғары қоя білді. Ақыл-парасат биігінен өмірді жырлап өту – санаулы ақынның ғана қолынан келетін екінің біріне ғана бұйыратын шынайы бақыт, ерекше ақындық мәртебе. Еркін оймен қазақ даласына паш еткен жырлары неше ғасыр бойы ұрпақ санасында жаңғырып өшпей келе жатқан Дулат та, Махамбет те ел алдындағы мәртебесі жоғары, аспанға самғаған рухы ешқашан төмендемейтін, уақыт өткен сайын халық жүрегіне жақындап, жоғарылай беретін биік ақындар. .
Данат ЖАНАТАЕВ, Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ ф.ғ.к., доценті,
Мадиярбек Үміт,
қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының магистранты