Bugin

Қытай әскерін күшейтіп жатыр: Қазақстан екі державаның ортасында қалды

АҚШ пен Қытай арасындағы қырғи-қабақ өршіп барады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

2021 жылдың наурызында Бейжіңде Бүкілқытай халық өкілдерінің жиналысы өтіп, Қытайдың әскери қорғаныс саласына бөлінетін қаржысын көбейтуге келісті. Қытайдың әскерді күшейтуге бөлінген биылғы қаржысы 200 млрд доллардан асып кетті. Нақтырақ айтсақ, 7 пайыз өсіп, 209 млрд долларды құрады. Қытай соңғы он жылда қорғаныс саласына бөлінген қаржыны үш есе көбейткен.

Қытай билігі әсіресе, қорғаныс саласының техникасы мен модернизациясына көңіл бөлуде. Бірақ қаржының дәл неге бөлініп жатқаны белгісіз.

Оның үстіне, Қытай тек қорғанысқа бөлінген қаржыны ғана атап отыр. Ал төтенше жағдай кезінде әскери қызметке қосылатын Қаруланған халықтық полиция мен Қытай криминалды полициясының шығыны бұған қосылмайды. Мұхит маңын күзететін жағалау қызметіне де бөлек қаржы қарастырылған.

Жоғарыда аталған 200 млрд доллар Си Цзиньпин басқаратын, Қытайдың ең жоғарғы органы – Орталық әскери комиссияның шығыны ғана.

Халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың есептеуінше, Қытайдың әскер саласына бөлінетін қаржысы 200 млрд доллардан әлдеқашан асып кеткен. Мәселен, Стокгольм халықаралық зерттеу институты 2019 жылы Қытайдың қорғанысқа кеткен қаржысын 240 млрд доллар деп есептеген. Бұл жылы Бейжің билігі қорғанысқа 183 млрд доллар қаржы бөлдік деген еді. Жоғарыдағы сома бұдан 40 пайыз артық.

Халықаралық стратегиялық зерттеу институты Қытай қорғанысқа 234 млрд доллар бөледі десе, осыдан екі жыл бұрын АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі 200 млрд сомадан асты деп көрсеткен.

Қытайдың жылдық жалпы ішкі өнімі оның қорғанысқа бөлген қаржысынан аз. Демек, Қытай қалай да әскерін күшейтуге тырысып жатыр деген сөз.

Қытайдың қорғаныс бөлетін қаржысы Үндістан, Ресей, Жапония мен Оңтүстік Кореядан асып түседі. Қазір АҚШ-тан кейін екінші орында тұр.

Қытайдың қорғанысты күшейтіп, әскерін сақадай сай етіп дайындап жатқаны АҚШ-тың шамына тиюде. Қазір қытай билігі Үнді және Тынық мұхиты маңындағы елдердің әскерін өзіне қаратып, АҚШ-қа қарсы коалиция құруға талпынуда.

Бұл жерде Қазақстанның қатысы не дерсіз? АҚШ державасы қытай билігіне қарсы тұру үшін Орталық Азияны пайдаланары анық. Екі державаның ашық шайқас алаңына да айлануы мүмкін. Қазір қытай мобильді топтарын, атап айтқанда, ауыл шаруашылық дивизициясының бөлімдерін Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы аумағына топтастыруда. Бұл дивизия Қытай Халық азат ету армиясына тікелей қарамаса да, тез арада әскери мобильді топ ретінде жасақталып, армия қызметін атқара алатын қабілеті бар. Сондай-ақ, Қытай билігі Орталық Азиядағы инвесторлары мен кәсіпкерлерін қорғау үшін арнайы күзет жасағын бөлгені белгілі. Бұлар Қытайдың халық милициясына қарайтын, азаматтық форма киген жансыздар.

Ал бұл күштерге қарсы тұру үшін АҚШ үкіметі Орталық Азия маңында әскери бірлестіктер жасақтап, қытайды әлсіретуге тырысуы мүмкін.

Мұндай жағдайда Қазақстанның мойнына үлкен жүк артылары анық. АҚШ-тың әскери ұйымдарын жауып, Пентагонның адамдарын елден шығарып жібере ме әлде оған рұқсат ете ме – белгісіз. Мұндайда Ұжымдық қауіпсіздік келісімі аясында ТМД елдерімен серіктестігін күшейту маңыздырақ болмақ.

Тұрар Каримовтың саяси шолуынан аударылды