Bugin
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес
Қазақ халқында, салт-дәстүр атауы, қонақжайлығын, паңдығын, дархандығын көз алдыға елестететін тіркес. Біздің мәдениеттілігіміз, қандай ел екендігіміздің барлығы дерлік, дәл осы салт-сана, әдет-ғұрыптан көрініс табады.
Сол менталитет, тәрбиенің арқасында бұрындары қызға қырық үйден тыйым салып, тіпті қыз ешкімнің көзіне тіке қарай алмайтындай тәрбиемен бойжететін. Ұлдары әрбір қазақ қызына әкедей қамқор, ағадай қорған болып арын таптамаған.
Отаншыл, рухты жастар, қасық қаны қалғанша, отан үшін тер төккен. Бірін-бірі жақсы көрген Қозы мен Баян, Ләйлі мен Мәжнүн секілді бір бірі үшін, жан алысып, жан беріскен. Міне, бұрынғы қазақтың тәрбиесі осындай болған. Ал қазіргі тәрбие мен қазіргі жастарды бір шолып өтелік.
Бұрындары, соғыс жылдарында болсын, тәуелсіздік жылдарында болсын, отаншыл, рухты жастардың баршылық болғанын, естіп, оқып өстік. Ол кездері соғыс болып жатса қыз демей, ұл демей отан үшін жанын пида ететін, алаңға шығып, туған елім, әкем үшін, анам үшін, іні-қарындас үшін деп өз еркімен күресетін алып жүрек иелері жетерлік еді.
Қазіргі таңда армия десе, ер азамат атаулылары басын бүркеп ала қашады. Соғысқа шақырып жатқандай қамығады. Немесе армияға барып келгендердің өзінен аса бір өзгеріс байқамайсың. Бала болып кеткендер бала қалпында оралып жатады. Армияға барып келген деген аты болмаса, басқа өзгеріс жоқ.
Қазіргі отан алдындағы борышын өтеуге кеткеннің жайын сұрасаң, армияға емес демалысқа кеткен ба дерсің. Қолдарында күндіз-түні ұялы телефон болатын көрінеді. Қашып-пышып телефон шұқылап 1 жылын зорға өткізгендер жетерлік. Олар отан алдындағы борыш тұрмақ, өмірлік мақсат, арман атаулынының не екенін білі ме дерсің. Есіл дерттері «не кием», «не ішем», « ана қызды қалай қаратам» бар ойлары осы ғана.
Көшеде қыз көрсе, жазықсыздың масқарасын шығарып, келемеждеу болып, бір күнде он қызға көңілін білдіріп, уақытын текке кетіру болып кеткен олардың тірліктері. Кез келген қазақ қызы менің әпкем немесе қарындасым деп қорған болудың орнына, өз әпке-қарындастарының арын таптап жүргендері қаншама? Заманның ағысы осы болды ма әлде жылдан жылға атқа мінерлер ұсақталып бара ма? Міне бұрынғы бозбала мен қазіргі бозбаланың айырмашылығы.
Қыз емес, қыздың аты – қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын.
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын, – деп халқымыз қыз туралы жырлаған екен.
Бөтен адам тұрмақ, өзінің көршісінің көзіне тік қарай алмайтын бұрынғы қыздарымыз бен қазіргі қыздарымыздың айырмашылығы туралы да айта өтсем. Кешегіотан үшін отқа түскен рухты Мәншүк пен Әлия, Ләззат пен Сабирадай қазақ қыздарың бүгінгі ұрпақтары сөзі де, ісі де өзгерген бойжеткендер.
«Ақылына көркі сай» деген сөздің астарына біреу терең бойлай алса, біреулер жай ғана шолып өтеді. Кешегі біздің әпкелерміз болған ибалы, инабатты қыздарға арналған мақал болса керек. Ұлы ханша Томирис нәзік жанына қарамастан ел басқарып тарихта қалса, Томиристің бүгінгі тұяқтары , өз елінің тарихын өздері білмейді.
Бұрындары қызға қырық үйден тыйым болып, кешкі тұрым жас бойжеткенді даладан көріп қалса ұятты әңгіме болған болса, қазіргі кезде кеш батысымен, жырқақтаған күлкідегі бойжеткеннің кез келгенін кездестіреміз.
Үлкенін сіз деп сөйлейтін бойжеткеннің орнын әдепті білмейтін әпке-сіңілілеріміз басты. Тілі қысқа, етегі ұзын бойжеткендердің орнын, хайп үшін өз ел-жұртын масқаралайтын бойжеткендер алмастырғаны өкінішті.
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы «Жиырма жас – тарихи ерліктер жасайтын жас» деген екен. Алаңға шыққан Қайрат, Ләззаттар қаршадай жастарында-ақ ерлік жасап, ел жадында мәңгі қалды.
Қазіргі 20 жастағы әпкелеріміз, ерлік тұрмақ, өмірде белгілі бір арман-мақсаттары да жоқ, өмірді не үшін сүріп жүргендерін өздері де білмейтін секілді.
Бұрын ата-бабаларымыз, балаларын бесікте жатқандарынан атастырып, не ес білген кездерінде бір-бірінің разылығын алып, атастырып бастарын екеу қылатын болса немесе құда түсіп, рұқсатпен үйлендіретін болса, қазіргі кезде, «1 апта сөйлестім болды» деп , көзді жұмып, алып қашып әкеліп отау құрып жатқандар көп.
Алып қашудың соңы сәтті немесе сәтсіз де болып жатады. Көп жағдайда алып қашудың құрбаны болғандар ақыр соңында ажырасып тынып жатады. Екі ортада зардап шегетін – көздері жәутеңдеген, бейкүнә сәбилер мен тастанды балалар. Ата-аналарының қателігі үшін солардың қиналатыны өкінішті. Осы себептен де, жетім балалардың саны жыл сайын артпаса кемімейді. Бақытты болу үшін жаралған періштелердің, өмірінің бастауы осылай басталғаны жаныңды жаралайды..
Бұрын оқу оқып, еліме пайдамды тигізейін, бұл өмірге босқа келіп, босқа кетпейін, өмірдің бір кірпіші болып қаланайын деп тілеп, арман-мақсаттары өмірлерінің шындығына айналғанша бар күштерін салатын, ағаларымызбен әпкелеріміз жетерлік еді. Олар сол үшін жұмыс істеп, жатпай-тұрмай еңбек етіп, дайындалып, соңында еңбегінің жемісін көретіндер еді.
Ал бүгін ше? Бүгін де оқымаған деген атаққа қалмау үшін ғана, оқып жүргендерді көзіміз көріп, құлағымыз естіп келеді. Немесе ата-анасының миллиондап төлеп оқытқан оқу орнына, сенделіп барып келіп, білім алып жүрген бір-бір үйдің еркелерінде жақсы білеміз. «Болашақ жастардікі» деп жиі айтылады , жылдарын осылай білім алып жүргендерге болашақты сеніп тапсыру қиындау іс.
Кешегі жау жүрек аға мен рухты әпке елдің бостандығы, азаттығы жолында күресіп, кеудесін оққа төсеп, қаза тапқандар болса, бүгінде жастар суицидке бейім болып барады...
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жастардың өмірі тек жарқын жағынан көрініс бермейтінін де ескеруге тура келеді. Қазақстан 15-29 жас аралығындағы жастар арасында суицид бойынша үштікке кіріп отыр. Бұл дегеніміз қазіргі жас буындардың ,рухани жағынан болсын, психологиялық жағынан болсын осал, әлсіз екендіктерін білдіреді.
Бүгінгі біздер осындай үлгі көрсетіп отырсақ, ертеңгі артымыздан ерген болашақ жастар не істемек?
«Адам өмірінде бағаламайтын екі нығмат бар. Бірі денсаулығы, екіншісі бос уақыты» делінген. Қазіргі жас буын, біздер уақыттың қадірінің не екенін білмейміз. Уақыттымыз текке өтіп жатқанын аңғарсақта,өтсе болды дейміз. Білім алу, жаңашылдыққа ұмтылу, кітап оқу, іздену деген жоқ. Тек әлеуметтік желіде, күндіз түні байланып, елдің өмірін бақылап отырумен таң атып, кеш батады. Одан қалса, бос әңгіме, көреалмаушылық, көрсеқызарлық
Қазақ жастарының бет алысы осындай боларын білсе керек, кешегі ақын-жазушыларымыз жастар туралы, қанатты сөздерін текке жазып қалдырмаған секілді. Соның ішінде Сұлтанмахмұт Торайғыров былай деген: «Ақыр түбінде қара бұлт ашылып, қазақ жастарының да әлеуметтік теңдікке жететініне, өз елін бақытқа бастар азамат боларына, бүкіл қазақ қауымының қапастан құтыларына сенімім бар». Ол кісілер бүгінгі жастар осындай болатынын біліп жазған болса, жастардың бет алысының өзгеретінін де біліп жазған болар. Жастар андай, жастар мындай дейміз. Біздегі жастардың барлығына дерлік, мен айтқан қасиеттер тән емес.
Өз мініміз бен сынымызды өзіміз айтпасақ, бізден басқа кім айтады? «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Бесікте жатқан бүлдіршіннен бастап, жақсы тәрбие алып, тәрбие беру өзіміздің қолымызда.