Bugin

Барды бағалай алып жүрміз бе?

Қолда барда алтынның қадірі жоқ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Біз, адамдар, көп жағдайда көп нәрсенің бағасына жете алмай жатамыз. Қолда бар алтынның қадіріне жете алмай, кейіннен сан соғып отырамыз.

Мысалға уақытты алайық. Уақыт деп айта салсақ , жай сөз секілді. Алайда Мұхаммед пайғамбарымыз айтып кеткен хадисте бір сөз бар «Адам өмірінде бағаламайтын екі нығмет бар: бірі денсаулығы болса, екіншісі – бос уақыты» делінген. Иә, шындығында біз бағаламайтын нығметтердің, қасиеттердің көшін босқа кеткен уақыт пен денсаулық бастап тұр. Адам еңбек етуден қашады қазіргі таңда. Тек ішсем, жесем ақша өзі келеді деген түсінік бар секілді. Бос, жұмыссыз, ешнәрсеге жандарын қинамай, жақсы өмір сүрудің жолын іздейді. Бос уақытын тек болмайтын бос істерге ( телефон, ойын ,сериал т.б. ) кетіріп жатыр.

Өз уақытымызды ұтымды пайдалана білеміз бе? Бірде өзінің салыстырмалылық теориясын түсіндіру кезінде белгілі ғұлама Альберт Эйнштейн «Қолыңызды бір минут ыстық оттың үстінде ұстап тұрсаңыз, бұл минут сізге бір сағаттай көрінеді, ал сүйіктіңізбен өткізген бір сағатыңыз бір минуттай болып өте шығады» деген екен. Біздің өміріміздегі ең қымбат нәрсе – ол уақыт. Адам белгілі бір уақытта жаратылды, уақытша жаратылды. Уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Уақытты қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Уақыттың адамға бағынбайтын өз заңдылығы бар. Қазақта уақытқа қатысты "қас қағым сәт", "көзді ашып-жұмғанша", "қамшының сабындай қысқа ғұмыр" тәрізді сөз тіркестері бағзы заманнан қалыптасқан. «Уақыт – емші», «уақыт – төреші» деген де бар. Осылайша, ата-бабамыз уақыттың бағасын жете түсініп, оның қадір-қасиетін ұрпақтарына жеткізуді қалаған. Уақытты зая кетіру – ең ауыр өкініш. Уақытын қадірлемеген жан көптеген мүмкіндіктен айырылып қалады. Адам баласы уақытын ұтымды пайдалана білгенде ғана көздеген мақсатына жете алмақ.

«Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: Қартаймай тұрып жастық шақтың қадірін біл, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін біл, кедейліктен бұрын байлықтың қадірін біл, қысылтаяңнан бұрын бос уақытты қадірле және өлмей тұрып, тірілігіңді ғанибет біл» деген сөз содан қалса керек.

Екінші нығмет – денсаулық. Кей адам болады  тек ақша, ақша деп ақшаның соңын қуып, өзіне қараудан қалып, ауырып жығылғанда, бірақ тоқтап жатады. Олар өмірін керісінше сүретін секілді, ақша табу деп денсаулықтарын нашарлатып, денсаулығын жақсарту үшін сол жиған-тергенін жұмсайды. Адамда біріншіден, денсаулық болмаса, барлық істе қауқарсыз болады. Ойға алған ойларын, армандаған арман-мақсаттарына жету жолында адам бойында күші, қуаты, денінің сау болуы – маңызды шарт. Он екі мүшеңнің біреуінен кінәрат болса барлық жоспарыңды қалайша жүзеге асырмақсың?!

Ал қазіргі кездегі мен байқаған, ең маңызды бағаланбас дүние – отбасының жылуы. Қазір адамдар, біз тым асығыспыз. Асығып қайда бара жатқанымызды өзіміз де білмейміз. Тырбың-тырбың тіршіліктің қамы деп, бір-бірімізге деген мейірім-шапағаттан, қадірлеуден айырылып барамыз. Қадірлеу деген жаныңа жақын адамдар үшін өз өміріңді пида қылу да емес, жай ғана оларға деген сүйіспеншілікті білдіріп тұру. Бір ғана жылы лебіз, бір ғана қоңырау, “Бар болғаныңызға рахмет” деген бір ауыз сөз...

Отбасына көңіл бөлу, отбасымен уақыт өткізу, отбасыға деген махаббат атаулы өшіп бара жатқандай көрінеді... Қашан соңғы рет анамызға себепсіз гүл сыйладық, бұл да есімізде жоқ шығар. Қарапайым дүние болғанымен бұның барлығы – адамның жанына жылулық сыйлап, езуіне күлкі ұялататын дүниелер. Ал бұл қарапайымдылықты біз істеп жүрміз бе? Әрине, жоқ. Ата-ана, бауыр қасымызда жүргенде ештеңе де білінбейді, ертең өмірден сол жақыныңның біреуі өтсе, мен сол кісі тірі болғанда осылай жасар едім деп қапа боламыз. Ол кезде тым кеш...

Былтырғы жылы, наурыз айында карантин басталғаны белгілі. Карантин адамдардың бір-біріне қаншалықты дәрежеде ара-қатынас жасап жүргенін сездіріп қойғандай болды. Бір-біріне көңіл бөлмейтін адамдар, біраз уақытқа үйден шыға алмай, тек уақытты отбасымен өткізді. Кейде ойлаймын  бұл Хақ Тағаланың осылайша мейірімсіз жүрекке айналып бара жатқан адамдарға бір-бірінің қадір-қасиетін осылайша сездіргісі келген секілді.

Сонымен қатар жастар жастығының қадіріне жете алмай жүр. Мәңгілік күш қуаты тасыған жас болып қалатындай көп нәрсені кейінге қалдырамыз. Болмаса жастығымызды тиісті дәрежеде бағалай алмай өзімізге керексіз әрекеттермен айналысамыз. Әр нәрсенің де шегі болатыны секілді, жастықтың да шегі бар. Бүгін күш-қуатың тасыған, қалшылдап тұрған жас болсаң, ертең бір-ақ сәтте бәрі өзгереді. Өмірдің өзі мәңгілік емес екенінен қорытынды жасап, ой түсе алмайтын жастарымыз да жоқ емес.

Бұдан шығатын қорытынды адам қолында бар кезде ештеңенің де қадірін білмейді. Бағаламайды. Қолындағы баға жетпесінен айырылғанда ғана санасына жақсы түрткі болады. Ешнәрсе де мәңгілік емес, барлығының соңы бар. Бар кезде бәрінің қадіріне жетейік. Барымызды дер кезінде бағалап үйренейік, ертең не болатынын ешкім білмейді. Ертең бәрі де өзгеруі мүмкін.