Bugin

Өшпейтұғын артына сөз қалдырған

Абай атамыздың қара сөздерінің қазіргі қоғамдағы сипаты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

     Абай атамыздың жиырма төртінші қара сөзінде жер жүзінде миллиондаған адам болса,  миллиондаған көреалмаушылық, миллиондаған қарама-қайшылық, көрсеқызарлық болатыны туралы айтылған. Расында, адамдардың санасы барған сайын майдаланып бара жатыр ма дерсің.

Жалпы, барлық адам өз алдына арман немесе мақсат қойып, сол арман-мақсатқа жету жолында күш салып еңбек етуді емес, біреуден кем соқпайын деп немесе тек дүние қуып кеткен. Қарап отырсақ, өздері үшін емес, біреу үшін, яғни «Анау осындай дүние алыпты, мен одан қалмайын» деген сынды идеялардың тұтқынына айналған. Тек бір-бірімен жарысып өмір сүрсе бір сәрі, қазір адамдар бір-біріне деген аяушылық, адамгершілік атты ұғымдарды ұмытқан. Тек саналарында бірін-бірі аяқтан шалу, құлату, жою.  Алайда осы дүниедегі қол жеткізген атақ-даңқ, байлық, жылтырақтың барлығы уақытша екенін, дүниенің бәрі құр алданыш екенін, бұл өмірдің өзі уақытша екенін естен шығарып жатамыз.

Бұл өмірде жинаған дүниенің бәрін ана өмірге ала кетіп, сол жақта керекке жарататындай бір-бірімізбен жарысып өмірді өткізіп жатырмыз. Жұрттың қоры болып қашанға дейін өмір сүрмекпіз, бұны да ешкім білмес!...

   Сонымен қатар, отыз екінші қара сөзінде адам білім-ғылым алғанда, соны не үшін алып жатқанын, қандай мақсат үшін оқып жүргенін, сол алған білімінің болашағы бар ма, жоқ па соны айқындап, алған білімімен өмір сүріп кете ала ма, осыларға көз жеткізгеннен кейін ғана білім алу керек. Осы қара сөзінде жазылған дүниелерді өз ойыммен тарқатсам.

   Қазіргі кезде бәріміз көріп-біліп жүргендей, қазіргі жастар , мамандық таңдағанда , өздерінің жан қалауымен , құлшыныспен таңдап жатқанын аса көре бермейміз. Олар не ата-ананың айтқанымен немесе өзі қалап түскен оқу орнына түсе алмай қалса, мүмкіндігі келіп тұрған кез келген мамандықты оқи салып дос-жаран болмаса көршісі осы мамандық жақсы екен, ақшасы көп екен десе, еш ойланбастан көзді жұмып тұрып сол мамандыққа тапсырып, ақыры жылдап оқып, бітіріп шығады.

Ата – ананың ықпалымен түскен, ерке балаларды да көріп жатамыз. Олар тек диплом алып шықса болды деген ой, оқуына барады, келеді. Ал енді ойланайық, өзінің емес, біреудің сілтеуімен оқу оқыған адамнан жақсы маман иесі шыға ма? Осындай жастар көбейе берсе ел қалай дамиды? Болашақ бүгіннен басталады деп жатамыз, бүгін осылай құр сенделіп жүргендерден жарқын болашақ қалай күтпек керек?

   Мамандық таңдағанда, сол мамандыққа деген бірінші кезекте құштарлық  болуы керек деп білемін. Себебі өзің қаламай тұрған істің қайыры болмайды. Қаламаған ісіңмен айналысқаның – уақытыңның текке кеткені. Одан кейін сол оқудың, мамандықтың болашағы бар ма осы жағын да біліп алған жөн деп ойлаймын. Себебі сонша жылдап оқып алып, болашағы жоқ мамандықты бітіріп, оқу бітіргесін, құр сенделіп жүру –  бекершілік.  Білімді жастар, елдің дамуының себепкері екенін ескерсек, сапалы білім алып, кәсіби маман иесі болуға ұмтылуымыз керек-ті.

  Ал он сегізінші қара сөзінде адам анадан туғанда бәрін біліп, естіп, көріп, ақылды болып туылмайтыны жөнінде түсіндірілген. Расында да, ешкім есті болып өмірге келмейді. Бәрі уақыттың көмегімен біртіндеп ес жинап, көкірегі ояна бастайды. Жақсы адам болып қалыптасу үшін бастысы дұрыс тәрбие мен көркем мінез керек деп есептеймін. «Тәрбие тал бесіктен басталады» дегенді білеміз сонымен қатар Жүсіп Баласағұн атамыз «Адамда жақсы мінез болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды» деуі осы сөзіме дәлел секілді. Тәрбие дедік, тал шыбықтың жығылмас ағаш болуы үшін, оған бастапқыда өзіне керек күтімі секілді жас сәбидің адам болып қалыптасуы үшін, өмірге әкелген ата-анасының тәрбиесі басты рөлде. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» демекші бала бастапқыда тек ата-анаға қарап бой түзеп, ата-ананың нұсқауымен есейеді. Жақсы тәрбиеде қалыптасқан бала, ары қарай өзін сол тәрбиеде ұстай алады. Алайда  көп жағдайда ата-анасы керемет жандар болғанымен баласының ісі, тәрбиесі оларға кереғар болатынын да көріп жатамыз.      

Ата-ана қанша жерден жақсы тәлім-тәрбие бергенімен, адамның өзімен қабылдауы, құлақ асуы керісінше болса, ол адамды өзіңнің ығыңмен тәрбиелей алмайсың. Ондай адам тек өзімдікі дұрыс деген туын тік ұстап өз бетімен өмір сүреді. Өзіндік ойы, мақсаты бар адам тура жолынан таймай өмір сүреді. Қазір толық  емес отбасында өскен жеткіншек көп кездеседі, егер солар қателік жасап шалыс басса, кінәні не анасының, не әкесінің жоғына апарып қояды. Толық отбасында өскенімен, тәрбиесі керемет болып шыққан адамдардың жоқ екенін ескермей жатамыз...

  Қорыта келгенде, Абай атамыздың мен тарқатып жазған қара сөздерінде үлкен мән–мағына, терең философия жатқанын байқай алдық. Алайда Абай атамыз атап көрсеткен мәселелердің атадан балаға мұраға қалғандай, жылдан-жылға қайталанып, жалғасып келе жатқаны өкінерлік жайт.