МӘДЕНИЕТ

Ана құрсағынан кіндігі кесіліп туылған Әлихан Бөкейханов жайлы тың деректер

Әлихан – асылдың сынығы, тектінің жалғасы. Әлихан – хан ұрпағы, арғы атасы – Сұлтан Барақ, бабасы – Бөкей хан.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлиханның дүниеге келуінің өзі қызық. Ол кісі кіндігі кесіліп, сүндеттеліп туылған. Содан-ақ оның жәй адам болмағаны белгілі.

Алтыбақан тепкенде жасы үлкен зорлықшыл баланы сабап алады екен арасында. Ел көшкенде түйесі ауған балалы әйелдердің түйесін басып, шаңырағын көтере алмай жатқан жесір кемпірлердің шаңырағын көтеріп береді. Ауыл қонғанда құдық қазады екен, жылқыға барса ұйықтамайды екен. Мұның өзі бала Әлиханның халқына жанашыр бала болып өскенінің айқын дәлелі.

Ол кісі қазаққа қызмет ету жолында ешқашан аянып қалмаған. Қолынан келгенше қазақ даласын зерттеп, орыстың, шетелдің басылымдарына қазақ ұлты туралы танымдық мақалалар жариялап отырған.

Ол кісі тіпті Ленинград университетінің профессоры атанған. Қоғам қайраткері В.А.Радус Зенкович "Әлихан қазақ тұрмысының нағыз әмбебеп энциклопедиясы, өлке тарихының оқымыстысы. Ешқандай кітап оны алмастыра алмайды" деп, Әлихан атамыздың соншалықты білгір,алғыр азамат екеніне тамсанады.

Қошке Кемеңгерұлы Әлекеңді: "Жүрегі бала, иманы таза, шыншыл, сенімшіл Әлиханға қара тұрмыстың кіріне былғанып, саясат сандалына түскенше пән жолына түсіп, жоспар көрсетуі керек еді" дейді. Расында, Әлихан саяси іске езілген езілген елі үшін амалсыздан кірді деп жазды.

М.Әуезовтың жанжары Валентина Әуезова өз естелігінде: "Бөкейханов –  бұлардың көсемі. Ол сондай сұсты, мысы басым адам. Ленинградтағы біздің үйімізге келерде Мұхтар сондай қатты әбігермен дайындалатын. Оның алдында балаша елпек қағатын. Менің де бетіне қарап сөйлеуге батылым жетпейтін. Қорқатынмын" - деп Әлекеңнің бойындағы ханға, патшаға тән ерекше дара қасиет болғанын көрсетеді. Әрине, Әлекең хан ұрпағы емес пе?! Қыраннан қыранның туатыны заңдылық...

Інісі Смахан төре өз естелігінде: "Әлекеңнің мінезі еш қазақпен аразбын демейтін, қастық қылмайтын, жек көретін адамымен амандаспайтын, сөйлеспейтін. Қазақтың еш нәрсесін алмайтын. "Өлгенде екі жарым кез жер керек" дейтін жан болған. Тіпті сонша еңбек етіп жүріп "Кейінгілер ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп алғыс аламыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп қарғыс лағынет аламыз ба?" деп болашаққа үлкен үмітпен қараған", - дейді.

Әлиханды кейбір әңгіме тасушылар исламға қарсы болған деседі. Бұлай айтуға тіптен негіз жоқ. Әлиханның соқыр наным-сенімге қарсы болғаны рас. Ойдан, қырдан қашып келіп, қазаққа молда болып бар айтқанын істетіп отырған сарттарды, тәжіктерді тіптен білімсіз қазақ молдаларын да сынады. Әлихан қазақты арамза молдаларға сенуге емес, шын білім ғылым үйрететін молдалардан оқуға насихаттайды. Ол кісі бір жазбасында "Күштіге сыйынсаң, Құдайға сиын" деген, әуелі Құдайға сеніп ,екінші, Құдайдан соңғы күшті халыққа сүйеніп, Қазақ газетінің алдағы жасына аяқ бастық" деп жазған.

Осыдан соң да  Әлиханды дінге қарсы болған деп санасақ, ұлт көшбасшысына жасаған қиянатымыз болар еді.

Ұлт көшбасшысының көрген азаптары

1919 жылы Алашордашыларға кешірім берілгенімен Сталин Әлиханды жайына жібермеді. 1927 жылы Мәскеуге алдырып үй қамақта ұстады, 10 жыл бойы туған өлкесіне жібермеді. Оны 1937 жылдың шілдесінде ұстап әкетеді.

Ол туралы Лиза Бөкейханова былай дейді: "Әкемді ұстауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде ол саспастан "Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Бұлар мәдениетті кісілер, дәстүр аттамайды" деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: "Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?" деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: "Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат" деді де маған қарап "Лиза! Сен анда мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл – "барсакелместің командировкасы" деді сабырмен. Тергеушілер мұның бәрін үнсіз тыңдап тұрды, үндеуге бата алмады. Мен соған таңқалдым деп сөзін аяқтайды. Осы сөзін оқып алған соң қатты жылағым келді. Себебі ұлт көсемі көрер жарығының таусылғанын сезгендей ақ еді...

Жаныма қатты батқаны – Әлихандай дара тұлғаға, өмір бойы ұлты үшін жан аямай күресіп келген алыпқа бір уыс туған жерінен топырақ бұйырмауы. Тұрсын Жұртбайдың дерегінше, інісі Смахан төре алыптың рухы екі дүние арасында көшіп жүрмесін деп әрі ары-бері өткен муминнің дұғасы бұйыруы үшін алыптың тірі күнінде киген құлақшынын Талдыбейіттегі әкесі Нұрмұхамедтің жанына көмген екен.

Құлпытасқа інісі Смахан төре:

Қыр баласы,

Ел ағасы,  

Қазақтың болған данасы.

Жел жағында панасы,

Ұмыта ма Әлиханды,

Қазақтың баласы, – деп қашап жаздырыпты.

Әлихан Ахмет пен Міржақыпқа Мәскеуден жазған хатында "Елдің игілігі үшін өліп кетсек, арман не?" деп жұбатқан екен. Халқына қызмет ету жолында осындай кесек тұлғалардың ерлігін халқымыз ешқашан ұмытпауы тиіс. Елдің бәрі арзан дүниеге құмартқан заманда осындай тұлғаларды лайықты түрде ұлықтап, оны болашақ ұрпаққа аманаттау біздің мойнымыздағы парызымыз замандас!

Мақала Марфуға Шапиянның "Тұлғалар өміріндегі Ислам" атты кітабын негізге ала отырып жазылды