МӘДЕНИЕТ
Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт тарихындағы жарқын тұлға. Өн бойына жауапты қызметті арқалаған ұлт ұстазының артында қалған мұрасы – мәңгі өшпес қазына. Ғалымның рухани мұрасы – ұлттық игілік, даналыққа толып тұрған жолбастаушымыз. Ол – оқымысты-педагог, әдебиеттанушы, лингвист, аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері. Шығармашылық әлемі бүгінге дейін талданды, сараланды, алайда, әлі де зерттеуді қажет ететін өзекті мәселелерге толып тұрғаны жасырын емес.
Өмірі толассыз күреспен өткен ұлт ұстазының біршама еңбегі, жалпы шығармашылығы 1912-1927 жылдар арасында жарияланды. «Қазақ» газетімен қоса, басқа да мерзімді басылымдарда жарияланған мақала-жазбаларынан бөлек, жеке кітап болып шыққан еңбегі де аз емес. Саналы өмірін халқының азаттығына арнаған Ахмет Байтұрсынұлы барлық қажыр-қайратын тағдырдың ауыр азабын арқалаған қанды сиямен еңбектерін жазуға арнады. Халықтың мәдениетін көтеру, ой-санасын ояту, халықты надандық құрсауынан шығарудың маңызын, оқу мен білімнің ең басты нәрсе екенін түсініп, соны жеткізу үшін шырылдап өтті.
Бұл мұра талай жыл шектеуде жатты, оқуға тыйым салынып, ғалым 1989 жылы ақталғанға дейін ауызға алу мүмкін болмады. Елу екі жыл шаң басып, үнсіз жатқан еңбектер Тәуелсіздік туы желбірегеннен кейін өз дауысына ие болды. Одан бері Ахмет Байтұрсынұлының мұралары жинақталып бірнеше қайтара басылған болатын. Бүгінгі таңда, ғалым мұрасын зерттеушілер де, Алаш арыстарының шығармашылығын талдап жатқан ғалым баршылық.
Ғалым қозғаған өзекті мәселелердің маңызын дәлелдейтін ғылыми мақалалар, зерттеу еңбектер мен тағылымды монографиялар басылған болатын. Р.Сыздықова «Ахмет Байтұрсынов», Ө.Әбдиманұлының «Ахметтану: оқу құралы», «Ахмет Байтұрсынұлы: зерттеу эссе», Р.Имаханбет «Ғасыр саңлағы», «Ұлағатты ұлт ұстазы», А.Ойсылбай «А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышындағы» сөз өнері мен поэтика мәселелері», С.Оспанұлы «Ахмет өскен ақындық орта», Татьяна Тугай «Ахмет Байтұрсынұлының Орынбордағы жолын» және т.б. еңбектерді атап өтуге болады. Зерттеулер әлі жалғасып жатыр, кемеңгердің қозғаған тақырыптары бүгінгі күнде де өз маңызын жоғалтпады.
Кез келген зерттеуге қызығушылық алғашқы қадамнан басталады. Алаш арыстарының еңбектеріне қызығатын тілші, әдебиетші жас мамандар ғылымға толық қадамды бірден жасай алмайды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білімгерлері кәсіби білімін жетілдіру үшін Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – Құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығында өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. А.Байтұрсынұлы музей-үйі жанынан ашылған ғылыми-зерттеу орталығының негізгі мақсаты – Алаш арысының мұрасын насихаттау. 10 аптаға созылатын өндірістік тәжірибе барысында әдебиетшілер ғалым еңбектерін жан-жақты қарастырып, үлкен миссияны орындайды. Музей-үйдің директоры Имаханбет Райхан Сахыбекқызының қолдауымен ауқымды істер атқарылып жатыр, сол себепті бүгінгі білімгерлердің ертеңгі білікті маман атанып, ел игілігі үшін қызмет ететіндігіне сенімдіміз.
Меруерт СОВЕТОВА
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология факультеті
Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті
Лейла МЕКЕБАЕВА
ф.ғ.к., аға оқытушы