Bugin

Ұлт ұстазының ізімен

"Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы"

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында" деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей,  Қазақстанның әр түкпірінде білім алып жатқан ұлт болашағының жеке дербес тұлға болып қалыптасуындағы негізгі тірек – ұстаз. Біз де күні ертең осы саланың бір бұрышында жүреріміз хақ. 

​Қазіргі таңда егемен елімізде 570 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Статистикаға сүйенер болсақ, оның 6 мыңға жуығы педагогика мамандығын бітіріп, Қазақстанның түкпір-түкпіріне ұстаз болуға барады. Мен және менің курстастарым да осы қатарда. Ал біздің төрт жылдық біліміміз осы ұлы істе қаншалықты жеткілікті?

Соңғы курстың өндірістік тәжірибесі басталғалы бірнеше ай өтті. Имаханбет Райхан Сахыбекқызының жетекшілігімен "Ахмет Байтұрсынұлы "Тіл – құрал" оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығында" қашықтан тәжірибе алмасып жатсақ та, ұлт ұстазының осы уақытқа дейін біз білмеген қаншама еңбегімен танысып, біраз ақпаратқа қанық болып жатырмыз. 

Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану, тіл ғылымдарының негізін қалап, шығармашылық зертханасының сан алуан бағыттағы зерттеулердің нысаны болғаны бәрімізге белгілі. Ұлт ұстазының педагогика саласына қосқан сүбелі үлесі бүгінгі күн талабына сай мемлекеттік білім беру аясында жаңаша көзқарас пен жаңаша ойлау тұрғысына ие болып отыр. Бірнеше зерттеу еңбегімен танысқалы болашақ шәкірттерімді оқытуда ерекше мақсат пайда болды.

Оған ұлт ұстазының мына бір сөздері себеп: "Қазақ балаларын ана тілінде төте жолмен, қолайлы құралдармен оқыту жайын жақсы білетін мұғалімдер үш жыл оқытқанда бірталай білім үйретуге болады".

 Ал менің осы мақсатқа жетудегі дайындығым қалай? Мектепке қерек ең басты қажеттілік туралы Ахмет Байтұрсынұлы 1914 жылы "Қазақ" газетіне жарыққа шыққан "Мектеп керектері" атты мақаласында мынадай пікірін білдірген: "... ең әуелі, мектепке керегі – білімді педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім".

Бұл пікірге сүйенсек, қазір оқыту шеберлігінің жоғары дәрежеде талап етілуі – ұстаздардың білім берудегі кепілдігі. Жасыратыны жоқ, кей ұстаз білім көкжиегін, қарым-қабілетін кең түрде көрсете алмай жатады. Бұл аталмыш жағдайға басты себеп – оқушы мен ұстаз арасындағы қарым-қатынастың бірізділікке түспей, мұғалім методикасының кемшіл тұстарының басым болуы.    

Биылғы қашықтан білім берудің олқылықтарын көріп те, естіп те жүрміз. Дегенмен, нағыз білгір мамандар жаңа инновациялық технологиялардың көмегіне сүйене отыра, оқушыларды жаңа білім беру форматына дағдыландырып, өз шеберлігін көрсетті .   

Өндірістік тәжірибе нәтижесінде, болашақ мұғалім ретінде мен де саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы білім беру ісіне айқын мақсат қоя отырып, маман болып қалыптасуыма қажет ақпараттар қорымен таныс болдым. Алдыма қойған басты мақсат – ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, нағыз ұлтжанды шәкірт тәрбиелеу. Осы орайда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әр еңбегі, ой толғамы ұлт қазынасы һәм әр ұстаздың бойтұмары болмақ.