Bugin
Ақпарат кеңістігі артқан дәуірде үйдегі теледидар да, қолымыздағы телефон да өз орнын жоғалтқан емес. Эпидемияға байланысты қалалар мен шағын аудан, ауылдарға дейін карантин орнатылды. Оған себеп – аспан асты елінің (ұзынқұлаққа сенсек) жарқанат жеп тапқан ауруы «коронавирус». Дәл осы сәтте ел болып, екі көзіміз төрт болды да, экранға үңілдік те қалдық. Жас та, кәрі де теледидардың, одан қалса телефонның алдынан табылды. Үйдегі жеткіншектің де, үлкеннің де көрері – бір. Не көріп жатырмыз, аңғармадық... Техникаларымыз да «Не беріп отырмыз?» деп саралай қоймады. Өзім де көгілдір экранға көппен бірге ілініп, зерттедім, баға беріп көрдім. Үңілетінім де, түңілетінім де бар екен... Ең беделді телеканалдардың рейтингінен түспей тұрған бағдарламаларын бақыладым. Балалар көретін мултфильмдерден бастап орта буын көретін кинолар желісін де мазмұндап көрдім...
«GTA-5» мультфильмінің мазмұны. Алғаш естігенде таңырқап қалуыңыз әбден мүмкін. Алайда, үйіңізде экранға үңілген кішкене балаңыз болса оған бұл ойын да, You Tube желісінде тарап жүрген мултьфильмі де әбден таныс. Рейтингтің төбесінен қарап тұрғандардың біреуі – осы. Барлық мултьфильмнің де, ойындардың да алдын орап кетіп тұратындай не құдіреті бар десейші!?
Әдетте кейіпкер саны үшеу болып келеді. Жүргізуші Франклин, банк тонаушы, психотерапевт Тревер. Мултьфильмін былай қойып, ойынын жүктеп алып жүрген балалар да бар. Ойын кейіпкері қала тұрғыны болады да адамдардың көлігін тартып алып, ең сотқар мафиялардың тапсырмаларын орындайды. «Нені үйретіп жүр?» деген сұрағыма жауап таптым да «Неден жиретіп жүр?» деген сауалыма жауап беруге қиналдым. Жасөспірім сәбидің санасын улап, ойлау қабілетін төмендетініне көзім жетті. Балаларды өзіне тәуелді ету қаупі жоғары.
«Война миров» фильмінің мазмұны. Көрерменін өзіне бірден баурап кетеді. Десе де психологиялық ауыртпалық сыйлайтыны тағы бар. Фильм әуелі автор әңгімесінен басталып, қазіргі заманғы адамзат өз мәселелерімен бастары қатып жүрген кезі, олар зұлым ниетті өзге ғаламшарлықтардың адамзат өмірі ортасында сұмдық тәжірибе қойып жатқанын мүлдем байқамайды, ешкімнің басына ондай ой келмейді. Нәубет күні жеткенде өзге ғаламшарлықтар адамзат баласын қынадай қыруды бастайды. Фильм сапасы жоғары болғанымен, ересек адамдарға ғана көруге лайықты деп бағаладым.
«Маша и Медведь» мультфильмінің мазмұны.
Карантин уақытында бұл мультфильм де өз көрерменін арттырмаса, жоғалтпады. Бүкіл бала атаулының сүйіп қарайтын мултьфильмі болса да зияны бар екенін аңғарып жатпаймыз. Ал психологтар бұл мултьфильм бала психологиясына зиянды деп дабыл қағып жатыр. Мульфильмде Маша аюға дегенін жасататын бірбеткей, тым ерке, шолжаң қыз, аюды мұқатумен болады. Әсіресе, қыз баланың санасына тигізер әсері едәуір жоғары. Көрермендері де 1-6 жас арасындағы балақайлар. Ал бұл жастағы балалар әр нәрсені талғап, саралауға қабілетсіз, көргенін тез жаттап, санасына сол қалпы сіңіріп алатын бүлдіршіндер. Машаның есер қылығын көріп өскен қызыңыз есерсоқ болып өссе, өзіңізді ғана кінәлауға тура келеді.
«Сумерки. Сага. Новолуние» фильмінің мазмұны. Мен үшін өтілімі өте жоғары кино деп бағалауға тұрарлық. Басты кейіпкеріміз Белла вампирлер отбасының бір мүшесіне ессіз ғашық болады, бұл қансорғыштардың арғы тегі жарқанаттан бастау алған. Қалаған адамын сілекейіндегі у арқылы өзіне ұқсас мақұлыққа айналдыра алатын қасиеті бар (бір нәрсені еске салмай ма?), кинодағы антоганист сол қасиетін пайдаланып, адамдарды жаппай құбыжыққа айналдырады. Соңы адамдардың өз-өзін қырумен аяқталады. Фильм мазмұнының идеясы – сирек кездесетін сценарий. Десе де бұл фильмді ересектерге арналған кинолар қатарына қостым. Жасөспірім үшін үлкен трагедия секілді әсер етуі мүмкін.
«Планета 51» мултьфильмінің мазмұны. Басқа ғаламшарға қонған адам баласын вирус көріп, қорқып, қашып жүрген өзге планеталықтардың шүәркеті... Карантин кезінде ұялаған қорқынышты тіптен ұлғайтып жібереді.
Бақылап көрсек, әрбір телеканал бір-біріне мүлдем ұқсамайтын бағдарламалар ұсынады. Ешбір арна көрерменіне бірдей контент көрсетпейді. Десе де көп арналар әлемді жайпаған аурудың күрделілігін көрсеткісі келді ме, біртекті мултьфильм мен киноларды көрсетуге ұмтыла бастады. Халықты аты жаман аурудан сақтандырығысы келді ме әлде саяси мәні бар ма ұқпадық...Тек «манипулация» деген ұғымның психологиядағы ізін көрдім. Жалпы айтқанда, адамдарды сендіру ұғымы. Бағана айтылған карантинге байланысты түсіріліп, көп көрілім жинаған фильмдер теледидар түгілі, кинотеатрларадан да билеттерін сатып жүр. Бөгде оймен баға беруге де болмас, ұлттық қауіпсіздікті ұғындыру, мемлекет тұтастығын сақтау үшін көрсетілуі де әбден мүмкін. Біздің билік ең керемет жүйе болмаса да халқын далаға тастап қашқан емес. Аққу, шортан һәм шаян болмай-ақ бұдан да өтерміз. Бастысы, бірлік ажырамасын, жігер мұқалмасын. Бағанағы телеаранымыз түзу болсын!
Дилназ Дидарқызы