Авторлық ертегі
Куардс деген кім? Жерге қандай қауіп төнді?
Күн қоңыраудың үнімен басталды. Ерте тұрып, айналаға көз салдым. Күнделікті күйбең тіршілік еш байқалмайды. Неліктен дала жым-жырт? Бір кезде аспандағы ұшып жүрген табақшаларды байқадым. Ішімнен өзге ғаламшырлықтармен Жер үшін күрестің басталғанын сездім. Менің бұлай ойлауымның себебі мен бұл күнді күтіп, дайындалып жүргенмін.
Осыдан үш ай бұрын кездейсоқ бір кісімен танысқан болатынмын. Ол адамның есімі – Куардс. Ол әлемнің барлық жерінен ерекше қабілеті бар адамдарды жинап жүрген еді. Әрине осы бір келімсектермен күресіп, Жерді сақтап қалу үшін. Мені де осы бір адамдар қатарына қосыпты. Мен өзімнің ерекше қабілетімнен хабарсыз едім. Маған бұл туралы білу қиынға соқты. Бірақ әртүрлі тілде сөйлейтін, түрлі аймақтан, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қаһармандарды көргенде, менің бойыма күш жиналды. Отаным үшін отқа түсуге дайын екенімді білетінмін, ал Жерім үшін қолымнан не келетінін көрсету менің басты мақсатыма айналды.
Менің қабілетім ол әрбір тіршілік иелерімен тілдесе алуымда екен. Мен қалайша Куардспен сөйлесе алдым десем, сондай-ақ мысық, күшік, тіпті балықтың да тілің біледі екенмін. Мен бұл қабілетімді ешқашан байқамаған екенмін әрі мән де бермегенмін. Ал ендігі міндетім – келімсектермен тілдесіп, ортақ шешімге келу және Жер мен басқа планеталар арасындағы бейбітшілікті сақтау.
Біз үшін беймәлім техникалар жерге от атқылап жатыр. Мыналар тіпті бізден бірнеше ғасыр бұрын дамып кеткен-ау, сірә, ауызым ашылып қалды. Біздің жасақ барлық елдің әскерлерінен құралған. Әсіресе әуе әскерлері жұмылдырыпты. Алпауыт мемлекеттер мен дамушы біздің Қазақстан секілді елдердің бір үйдің баласындай жұмыла әрекет етуі өте әсерлі көрінеді екен. Әскерилерден басқа жасырын қаһармандардан құралған топ өз жұмысына кірісті. Ұшатын қабілеті барлар өзге ғаламшарлықтардың атқылаушы табақтарына қарай бет алды. Әр істің бір майталманы болады емес пе, тура сондай уақыт кеңістігін басқара алатын қаһарман келімсектерді өз ғаламшарларына емін-еркін қайтарып жатыр. Өзге ғаламшарлықтардың біразы жерге түсті. Ээх, шіркін қазағымның кең жерін мыналар да біледі, ә! Тура біздің кең даламызға келіп, ойран салуларын қараңдаршы. Күте тұрындар бізде әлі ток күшінің шебері мен дауылды адамдардың қатары бар. Әлемнің неше түрлі ғажап адамы бар екен. Барлығы қалай жасырынып жүрген? Менің де кезегім келді-ау деймін. Ерекше қабілетті адамдардың жетекшісі Куардс маған бір өзге ғаламшарлықты алып келді. Менің ендігі жұмысым – онымен тілдесу.
Түрі күлгін түске жақын, шашы әр жерден бір қылтиып тұр, көзі ботадан да үлкен қып-қызыл. Бір қарағанда қорқынышты көрінгенмен өте сүйкімді екен. Әңгіме барысыңда түсінгенім, олардың планеталарында ресурстың бәрі таусылуға таяпты. Оларды аяп кеттім, сол сәтте ойыма тек бір нәрсе түсті. Егер бізде де солай болса, адамзат не істер екен? Олар секілді басқа планеталарға шабуыл жасай ала ма екен? Жо-жоқ бізде ешқашан бұндай жағдай болмас. Біз адамзат бір жұдырықтай жұмылып, Жерімізді сақтап қала аламыз. Одан бұрын осы бір өзге ғаламшалықтарға көмектесуді ойладым. Жерімізде оларға да жетерлік ресурс бар. Ойлана келе біз келісімге отырдық. Мен Жердің барлық тұрғынының атынан оларға керек ресурсты беретін болдым. Ал олар бізбен достық қарым-қатынасты сақтап, техникаларымен бөлісіп, қиын сәтте қолдау білдіруге уәде берді. Осылайша бейбітшілікті сақтап қалуда өз үлесімді қосқаныма қатты қуандым. Өзге ғаламшырлықтар керек заттарын жинап ұшатын табақтарына мініп кетуге дайындалды. Сол кезде бағанағы мен сөйлескен келімсек маған қарап тұрып «Айнұр, тұра ғой. Сағат сегізден кетті. Сабаққа бармайтын ба едің?» деді.