Құқық

Мұраны иелену үшін не істеу керек?

Заң бойынша мұраға кіру үшін қандай құжаттар қажет, оны қалай рәсімдейміз?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мұрагерлік  қайтыс болған азамат (мұра қалдырушы) мүлкiнiң басқа адамға (адамдарға), мұрагерге (мұрагерлерге) ауысуы. Мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесiлi мүлiк, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен мiндеттерi кiредi.

Мұра қалдырушының қайтыс болған күнi, ал оны қайтыс болған деп жариялаған кезде, егер сот шешімінде басқа күн көрсетiлмесе, азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi күшiне енген күн мұраның ашылу уақыты болып табылады.

Қолданыстағы азаматтық заңнамада мұрагерліктің екі негізі қарастырылған - өсиет және заң бойынша. Егер өсиет бойынша мұрагерлерге, әдетте, олардың пайдасына өсиеттің бар екендігі туралы хабарланса, онда заң бойынша мұрагерлік Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген төмендегі кезектілік тәртібімен жүзеге асырылады:

  • бірінші кезекте мұра қалдырушының балалары, оның iшiнде ол қайтыс болғаннан кейiн тiрi туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады;
  • екінші кезекте мұра қалдырушының бiр әке, бiр шешеден туған және әкесi немесе шешесi бөлек аға-iнiлерi мен апа-қарындастары (сiңлiлерi), сондай-ақ оның әкесi жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесi - тең үлеспен алады;
  • үшінші кезекте мұра қалдырушының әкесiмен бiрге туған ағалары мен апалары, нағашы ағалары мен нағашы апалары тең үлеспен алады;
  • төртiншi кезектегi мұрагерлер ретiнде үшiншi туыстық дәрежесiндегi туыстар - мұра қалдырушының арғы аталары мен әжелерi;
  • бесiншi кезектегi мұрагерлер ретiнде төртiншi туыстық дәрежесiндегi туыстар - мұра қалдырушының туған немере iнi-қарындастарының, жиендерiнiң балалары (шөбере iнi-қарындастары, жиеншарлары) және оның аталары мен әжелерiнiң туған аға-iнiлерi мен апа-қарындастары (сiңлiлерi);
  • алтыншы кезектегi мұрагерлер ретiнде бесiншi туыстық дәрежесiндегi туыстар - мұра қалдырушының шөбере iнi-қарындастарының, жиеншарларының балалары, оның немере аға-iнiлерi мен апа-қарындастарының (сiңлiлерiнiң) балалары және оның екi атадан қосылатын аталары мен әжелерiнiң балалары шақырылады.
  • жетiншi кезектегi мұрагерлер ретiнде мұра қалдырушымен кемiнде он жыл бiр отбасында тұрған мұра қалдырушының өгей әкесiне не өгей шешесiне ерiп келген аға-iнiлерi мен апа-қарындастары (сiңлiлерi), өгей ұлдары, өгей қыздары, өгей әкесi және өгей шешесi шақырылады.

Мұра қалдырушының кәмелетке толмаған немесе еңбекке жарамсыз балалары, сондай-ақ оның еңбекке жарамсыз жұбайы мен ата-анасы, өсиеттiң мазмұнына қарамастан, заң бойынша мұрагерлiк кезiнде олардың әрқайсысына тиесiлi болатын үлестiң (мiндеттi үлес) кемінде жартысын мұраға алады.

Мұраны қабылдау мұра ашылған жердегi нотариусқа немесе заңға сәйкес мұра алу құқығы туралы куәлiктi беруге уәкiлеттi лауазымды адамға мұрагердiң мұраны қабылдау туралы өтiнiшiн не мұрагердiң мұраға құқық туралы куәлiк беру туралы өтiнiшiн беру арқылы жүзеге асырылады.

Құжаттарды қалай рәсімдейміз?

Мұраны иелену үшін азамат оны қабылдауы керек.  Мұрагер мұра ашылған күннен бастап алты айдың ішінде мұрадан бас тарта алады, бірақ бас тартудан кейiн күшiн жоюға немесе қайтарып алуға болмайды.

     Мұраны екі заңды жолымен қабылдай аласыз:

  1. мұра ашылған жердегi нотариусқа  мұраға құқық туралы куәлiк беру туралы өтiнiшiн беру арқылы жүзеге асырылады.
  2. Белгілі бір әрекеттерді орындау арқылы нақты қабылдай аласыз:
  • мұраға алынған мүлiктi иеленуге немесе басқаруға кiрiссе;
  • мұраға алынған мүлiктi сақтау, оны қол сұғудан немесе үшiншi тұлғалардың талаптарынан қорғау жөнiнде шаралар қабылдаса;
  • мұраға алынған мүлiктi ұстау шығыстарын өз есебiнен жүргiзсе;
  • өз есебiнен мұра қалдырушының қарыздарын төлеген немесе мұра қалдырушыға тиесiлi ақшаны үшiншi тұлғалардан алған болса, өзгеше дәлелденгенге дейiн мұрагер мұраны қабылдады деп танылады.

Бұл құжаттарды мұра қалдырушы қайтыс болған күннен кейін алты күнтізбелік айдан кешіктірмей беруге болады.

Заң бойынша мұраға кіру үшін қандай құжаттар қажет:

  • мұра қалдырушының қайтыс болу фактісін растайтын құжаттар;
  • мұраның ашылу уақыты мен орнын белгілейтін құжаттар;
  • туыстық немесе неке қатынастарын растайтын құжаттар;
  • мүліктің құрамы мен орналасқан жері.