Bugin
Алаш зиялыларының көшбастаушысы бола білген А.Байтұрсынұлының ғибраттары күні бүгін әр қазақтың жүрегінен орын табатыны хақ
"Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді"-деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атамыз айтқандай, расыменде әлемнің алдыңғы қатарлы қай мемлекетін алып қарасаңыз да, білім беру саласын басты назарда ұстап отыр. Бiлiм-қоғамның әлеуметтiк – экономикалық дамуында жетекшi роль атқарады, сондай – ақ оны әрi қарай айқындай түседi. Н.Ә. Назарбаев жолдауында айқандай: "Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет".
Қазіргі уақытта, даму бағыты халықаралық білім беру стандарттағы жоғары оқу орны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Университет жоғарғы білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім кеңістігінде интеграциялауға, өндіріске енгізілетін іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған кең көлемдегі білім, ғылым, рухани-тәрбиелілік, инновациялық және өндіруші негізіне ие. Университет құрамында 14 факультет, 98 кафедра, 20 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар қызмет атқарады. Филология факультетінде қазақ тіл білімі және әдебиеттану салаларында елеулі еңбек етіп,ғылыми зерттеу жұмыстарымен танылған ғалым-ұстаздары жетерлік.
2021 жыл студенттерге қашықтықтан білім беру аясында жүргізілді. Онлайн формат жүйесінде студенттер білім алдып, тәжірибе жұмыстарын атқарды.Филология факультеті«Ахмет Байтұрсынов «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығымен” келісімшартқа отырып, студенттерге үлкен тәжірибе алуға мүмкіншілік жасады.Өндірістік тәжірибе барысында, Ахмет Байтұрсынұлының поэзиялық шығармаларын, прозалық туындыларын мерзімді басылым беттерінен жинастырып, түрлі конференция материалдарын қарастырып, бұрын-соңды кездестірмеген жаңа мәліметтер талданды. Ұлт ұстазының мұражай-үйіндегі мол мұрамен танысып, студенттердің ғылыми тұрғыда білімдері жетілді. Ғылыми зерттеу жұмыстарын атқару кезінде, филология факультетінің аға-оқытушылары Имаханбет Райхан, Шортанбаев Шоқан, Есентаева Айжан, Мекебаева Ләйлә Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне ғылыми зерттеуіне бағыт-бағдар көрсетіп, студенттермен тығыз қарым-қатынас орната білді. "Ұлттың ұлы ұстазы" атанған ел көсемі Ахмет Байтұрсынұлының тағылымды еңбек жолын зерттеу жастар үшін үлкен мәртебе. Қазақ даласында тыңнан түрен салып, ағарту ісіне өлшеусіз үлес қосқан ғалымның өмір жолы кім-кімге де үлгі-өнеге.
Адамзаттың даму тарихына зер салсақ, жұрт жұмысын жасаған, елі үшін еңбек еткен ұлдарын пір тұтып, ұлықтай білген. Әрі ұрпақ тәрбиесінде кемеңгерлердің күресіндері мен тыныс-тірлігін тәлім еткен. Ахмет Байтұрсыновтың “Әліпбиi” қазақтың алғашқы ұлттық сипаттағы әліппесі. Ол араб графикасымен жазылған нағыз ұлттық “Оқу құрал”. Бұл оқулықты жазудағы оның алға қойған мақсаты —қазақ халқының ұлттық санасын ояту, тұрмыс — жағдайын жақсарту, ол үшін халықты жаппай сауаттандыру еді. Алаш зиялыларының көшбастаушысы бола білген А.Байтұрсынұлының ғибраттары күні бүгін әр қазақтың жүрегінен орын табатыны хақ.
Айсұлу ҚАЛҚАБАЙ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
филология және әлем тілдері
факультетінің 4-курс студенті
Райхан ИМАХАНБЕТ,
ф.ғ.к., аға оқытушы