Bugin
Поэзия-сөз өнерінің өлең үлгісіндегі қайталанбас ырғақтылығы. Г. Белинский «Өнердің кез келген түрі өз қызметіндегі материалдармен шектеледі. Поэзия-еркін, дыбыстық, картиналық, нақты ойға құрылған сөз көрінісі. Сондықтан, поэзияда басқа өнердің барлық элементтері бар» деп, поэзия өнерінің шексіздігін айтқан екен. Сөз өнерінің бұл түріне дүниежүзі көлемінде тойлану дәрежесі берілген. Ал бүгінгі әдебиетіміздегі поэзияның жауһарлары кімдер, оқырманның көңілінен орын алған поэзиялар қандай?
1999 жылы ЮНЕСКО бас конференциясының 30-сессиясында 21 наурыз Дүниежүзілік поэзия күні ретінде белгіленді. Бұл мереке алғаш рет Париж қаласында атап өтілді. Әлем елдерінің қайсы бірінде болмасын поэзия сүйер қауым жетерлік. Әрбірінің поэзиясы сол халықтың тұрмыс-тіршілігінен, әдет-ғұрпынан, өмірге деген көзқарасынан, ішкі сезімдерінен туындайды. Оқырман поэзия мен өлеңді жиі шатастырады. Өлең-шумағы мен бунағы ырғағы, мен ұйқасы біркелкі болатын шағын көлемді шығарма. Ғылыми анықтамасында өлеңді поэзиялық туынды дейді. Яғни, поэзияның ауқымы кең болғаны. Поэзияның ең алғаш қайда және қашан пайда болғаны белгісіз. Ал қазақ әдебиетінде поэзия үлгісі алғаш рет 13-15 ғасырларда ауызша түрде тарай бастаған. Оның өкілдері: аттары бізге аңыз болып жеткен Кетбұға, Қотан, Сыпыра жырау, Асан Қайғы. алғаш рет ғасырлар ауызша түрде тарай бастаған. 19 ғасырда Абай шығармаларынан да поэзияның айқын көрінісін байқауға болады. Абайтанушылар «Абай өлеңдері Г.Белинский шығармаларымен, одан әрі Пушкин және Лермонтавпен рухтас» деп баға беруде. Бұдан шығатын қорытынды Абай орыс классикасынан тәлім алып, олармен тең дәрежедегі поэзияның жаңа толқынын әдебиетімізге алып келді.
«Поэзия меніменен егіз бе едің?» деп, өзінің поэзиядан ажырамас тұлға екендігін айтқан Мұқағали Мақатаев 20 ғасырдағы поэзияның алып бәйтерегі. Оның өлеңдері өткенмен, бүгінмен және келешекпен үндес. Қандай да бір жыр сайысы, көркемсөз жарысы болса байқауға қатысушы үлкен-кішінің бәрі де бірден Мұқағали шығармаларынан өз керегін іздейді. Талай байқауларда Мұқағали жырын жатқа айтып, топ алдында жеңімпаз болғандарға куә болдық. Себебі, Мұқағали өлеңдері адам жанының айнасы іспетті. Өлеңдерін оқысаң, өзіңнің жайыңды айтып отырғандайсын. Оқырмандағы эмоцияның көрерменге де әсер етіп, шарықтау шегіне жеткен тұсында нағыз поэзияның не екенін ұққандай боламыз. Иә, Мұқағалидың шығармалары әдебиеттегі өз орнын ойып алған. Және бір ақын бар. Оның қайталанбас туындылары болса да, атын еске ала бермейміз. Ол-поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова. Оның өлеңдері өмірмен өрілген. Ол да махаббатты, өкінішті, айналасына деген барлық сезімін поэзияның күшіне ақтарып салған. Оның өлеңдері тек туған күнінде ғана емес, кез келген әдебиет кешінде оқылса, шіркін!
Осынау жыр жүйріктерінің ұрпағы мына біз қандай өлеңдермен сырласамыз? Бүгінде оқырман жиі оқитын ақындар бар. Оларды бейне бір Мұқағалидан тәлім алғандар дерсің. Ақберен Елгезек, Бақдәулет Арыстан, Досбол Беласаров сынды бүгінгі ақындарды айтып отырмын. Олар жаңа заманның жаңа поэзиясына еңбек сіңіріп келеді. Мұқағалидың өлеңдеріндей сырға толы болғаны үшін ерекше. Сенбесеңіз, инстаграмдағы қазақша поэзия хэштегін ашып қарасаңыз болады. Мұңдағы поэзия десе ішкен асын жерге қоятын жас буын осы ақындардың өлеңдерін жарыса айтып, видеосын парақшаларына жүктеуде. Бірақ, бізге халықтың жағдайын, арман тілегін өлеңіне арқау ететін бүгінгі күннің ақындары қажет дер едім. Олар бар, бірақ, саусақпен санарлық. Мүмкін оларға қолдау көрсетпейтін өзіміз шығармыз...