Білім және ғылым
«Ахмет Байтұрсынұлы кім?» деген сауалға сіз қалай жауап берер едіңіз?
Қазіргі таңда жетістікке жету жолында әр адам өзіне бір ғана өмірлік бағыт таңдайды. Ол таңдау бірінің маңдайына туабітті дарын болып жазылса, біріне мектеп табалдырығын аттарда беріледі. Ал келесі бірі онымен өмірінің бел ортасына келген шақта жолығуы мүмкін. Қалай да болмасын біздің шектеусіз ғаламатта бір ғана іспен шектеліп жүргеніміз жалған емес. Әрине, бір істің соңына түсіп, сол жолда биік белестерді бағындырып, халық қалаулысы атанып жатырсақ оның несі айып? Алайда өз миындағы шектеуді бұзып, бір емес бірнеше салада ойып тұрып орын қалдыратындар - мыңның бірі ғана. Сол мыңның бірі – Байтұрсынұлы Ахмет.
«Ахмет Байтұрсынұлы кім?» деген сауалға сіз қалай жауап берер едіңіз?
Осы сұрақ аясында ғаламтор желісінде ауқымды сауалнама жүргізген болатынбыз. Сауалнамаға жүзден астам әр түрлі жас өкілдері қатысты. Нәтижесінде үлкен бір жаңа зерттеу жұмысына жол ашылды.
XXI ғасырдың өскелең ұрпақтары үшін Ахмет Байтұрсынұлы - ең алдымен, «Алаш» деп ұрандатқан қазақ зиялыларының басын біріктіруші, «Алаш» партиясының, кейін «Алашорда» үкіметінің негізін қалаушы азаматтардың бірі, халқымыздың тыныштығы үшін жанын пида еткен ұлт жанашыры. Бұлай қорытқандардың пайыздық үлесі 42% құрады. Халықтың 28% Ахмет атамызды «Тіл құралы» мен «Әдебиеттанытқышы» арқылы қазіргі біз қолданып жүрген терминдердің жүйесін қалыптастырушы, қазақ тілі мен әдебиетінінің атасы деп таниды. Ал қарапайым халықтың көзі мен құлағы болған, XX ғасырдың басты ақпарат көзі атанған «Қазақ» газетінің бас редакторы, тілші ретінде танитындар саны алдыңғы үлеспен тең түсті. Өкінішке орай өз ұлтын ызыңдап, маса болып оятқан, ұлт тәрбиесі үшін шырылдап, өзгеде бардың ең жақсысын өзімізге аударып «Қырық мысал» сыйлаған Ахмет атамыздың ақындығы елеусіз қалып отыр. Олай дейтініміз соңғы нұсқаны таңдаушылар тек 2% ғана құрады. Аталмыш ақпарат Ахмет Байтұрсынұлы "Тіл-құрал" оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығында өтіп жатқан тәжірибелік зерттеу жұмысымды ұлт қалаулысының поэзиясына арнауға түрткі болды.
Шәкәрім десе «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық» деп, Мағжан десе «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, Мен жастарға сенемін!» деген жалынды жыр шумақтарын, ал Сұлтанмахмұт есімі еске түссе «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып, күн болам!» деген алаш айбаттысының сөздерін, Міржақыпқа келгенде «Кім сендерді, балалар, сүйетұғын» секілді жолдарды тілге тиек етеміз. Бес арыстың бірі болған ұлы Ахмет атамыздың жоғарыда айтылған жыр шумақтарымен қатар ойға келетін қай туындысын атай аламыз? «Қазақтың бас ақыны» дейін десек, ол – мақала. «Маймыл мен көзілдірік» дейін десек, ол – аударма. Тағы басқасы - тұнып тұрған терминдер. Сонда «Қазақ қалпын», «Қазақ салтын», «Жиған-тергенін» жырға қосып көрсеткені, «Маса» болып ызыңдап, елін оятып, «Оқуға шақырғаны», қиын қыстау кезеңде «Жұртына» әлдилеп, «Жұбату» айтқан ақын поэзиясының бағалау орны әлі бос тұрған іспетті. Оның әр өлеңін алар болсақ, әрқайсысы тұнып тұрған тарих. «Қанған жоқ па әлі ұйқың, Ұйықтайтын бар не сиқың?!» деп ащы айтса да, «Адасқанын Алаштың түзу жолға түсір, хақ!» деп жылы айтса да, бәрінің бірдей астарында тұп-тұнық шындық, ел қамын жеген қазақ ұлының қайтпас қайсар мінезі, көреген ел ұрпағының бойына біткен тым ерекше даналық жатыр.
Заман - жылғалардан бірде қатты, бірде бәсеңдетіп тоқтамай жылжи беретін тұрақты ағыс. Сол ағыспен бірге жүзіп келе жатырған дүниелер де бар. Жарты жолда тасқа соғылып, тарамдалған дүниелер де бар. Жағаға шығып қалған дүниелер де бар. Сол сандаған дүниелер арасынан ең асылын таңдап алу – ұрпақ мойнына жүктелген міндет.
Анель ДАРКЕНБАЙҚЫЗЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология факультеті,
қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті,
жетекші – Айжан ЕСЕНТАЕВА,
ф.ғ.м.