Әлеумет

"Грантқа түспесең, оқымайсың" деді ата-анам

Статистикаға сәйкес, елімізде жұмыссыздар саны 400 мыңнан асады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мамандық – әрбір адам баласының жан қалауы. Десек те мамандықты мәжбүрлі түрде тайдайтын азаматтар көп. Әлемде 40 мыңға жуық мамандық түрі бар. Алайда жұмыссыздар саны да көп. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2020 жылы жұмыссыз ерлердің саны 216,3 мың, әйелдер – 237,7 мың адамды құрады.

Адамның мамандығын мәжбүрлі түрде, жан қалауынсыз таңдауын жұмыссыздықтың басты факторына жатқызуға болады.

Бала шақта бәріміз биіктерге жетуді армандаймыз. Ал ер жете жүрек қалауын мүмкіншілік аясына сарп етеміз.

Әсіресе 11 cынып оқушысы үшін мамандық таңдау көбіне амалдың жоғынан іске асады. Оған екі себеп бар, бірі – қайтсе де грантқа түсу керек, екіншісі – ата-анасының қалауы. Бүгінгі түлектердің  мамандық таңдау процесін келесі бөліктерге бөліп қарастыруға болады.

Түлектердің басым бөлігі оқу орны мен мамандығын таңдауды ата-анасының еркіне салады. Ал алдыңғы буын «дәрігер ,мұғалім» сынды ауылға қайта оралуды талап ететін немесе ақшасы тасып тұрған мамандық түрлеріне жүзіңізді бұруға тырысады.

11 сынып оқушысы: «Журналистика саласына түскім келеді. Бірақ ата-анам қарсы. Болашақта жұмыс табу қиын болады дейді».

«Грантқа түсуім қажет»

Кез-келген түлектің арманы грант иесі атану. Ал, грант иесі  атануға грант саны көп бөлінген пәнді таңдау ұтымдырақ.

Диана, 11 сынып оқушысы: «Жыл сайын техникалық мамандықтарға грант көп бөлінеді,әрі түсу баллы төмен. Сондықтан біздің сыныпта физматты таңдап отырған  5 бала бар. Көбісінің ата-анасы грантқа түспесе, оқытпаймыз деп отыр».

Грантқа түсу үшін: 2020 жылы 140-тан 100 балл жинаған түлек (қазақ әдебиетін таңдаған) грант иегері бола алмады. Ал келесі 50 балл жинаған (физиканы таңдады) түлек грантта оқиды. 2020 жылы жаратылыстану ғылымдарына 7718 грант, ал өнер әдебиет саласына 1510 грант бөлінген.

Грант үшін…

 Мамандығын грант үшін таңдаған Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының 1 курс студенті Тұхпатолла Айым Қайржанқызы өз оқиғасымен бөлісті:

«Екінші курсқа дейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің биология ағылшын  факультетінде  грантта оқыдым. Оған дейін колледжде оқығанмын. Бірақ маған бір нәрсе жетіспейтін сияқты көрінетін. Грант үшін түскен едім. Ол кезде қай мамандыққа түссем де грант болса болды деген ой болды. Ақылы оқуды қалтамыз да көтермейтін. Бертін келе жүрегім қалап тұраған мамандыққа бет бұруды ойладым. Дегенмен іштей қорқыныш болды грантқа түсе алмай қалсам ше деген ойлар мазалады. Осы оқуымды аяқтап диплом алып алайын, кейін тағы көре жатармыз дедім. Бала кезден театрға қызығатынмын. АГУ-да оқып жүргенде театрға жиі барып жүрдім. Сондықтан   тәуекел етіп Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының өнертану факультетіне тапсырдым. Алла шүкір, театртанушы мамандығының грант иесі атандым.

Негізі бүгінгі жастардың басты мәселесі де сол. Өзімнің грант үшін мамандық таңдаған таныстарым да бар.»

«Жалақысы аз,жұмыс табу қиын болады»

Болашақта мамандығы бойынша жұмыс істегісі келеді ғой бәрі. Бірақ жалақысы күнделікті тұрмысынан артылмайды.

Ілияс, 11 сынып оқушысы: «Менің ойымша қазіргі таңда ақша табу үшін не өз бизнесіңді ашу керек,не блогер болу керек. Қазір сабақ оқымай-ақ көтеріліп жатқандар бар. Сондықтан жоғарғы оқу орнына түсу маңызды емес деп ойлаймын».

Дегенмен өзге мамандықты бітіріп, жүрек қалауымен жұмыс істеп жатқан жандар да аз емес. Мәселен, актер, продюсер Нұрлан Қоянбаев тарих факультетін тәмамдаған. Ал бүгінгі таңда ең сапалы фильмдер ұсынып отыр.

Ал,сіз сүйікті мансабыңызды таңдай алдыңыз ба?