Weekend
Бүгінде бизнес ашқысы келетіндер көп. Алайда, сала таңдауға келгенде көпшілігі қиналып қалып жатады. Кейіпкеріміз «Табыстың кілті – кәсібіңе жүрек қалауыңмен келуде» дейді. Бақытжан Өркенханұлы – «Shanyraq» жиһаз салонының иесі. Осы саладағы 15 жылдық тәжірбиесімен бөлісті. 1,5 минут уақытыңызды бөліп, танысып шығыңыз.
Ештен кеш жақсы. Осыдан 4-5 жыл бұрын шетел азаматымен танысқаным бар. Кәсібіме ерекше қызығып қалды. Сөйтсем, өзге елдерде жиһаз өндірісінің құндылығы жоғары екен. Екеуміз кәсібімнің жайын біраз талқыладық. Бір орында тоқтап қалмай, заман талабына ілесіп отыру керектігін айтты. Заман талабы деп отырғаны: интернет маркетинг екен. Онлайн сауда, инстаграм парақшасын дамыту тағысын тағы. Біз жеңіл қарағандай емес, ғаламтордағы бизнес едәуір күрделі сала болып шықты. Сонымен, өзім жіті таныс болмаған дүниенің білгірін, мамандарын іздей бастадым. Кеңесіп пішкен тонның келте болмайтыны анық емес пе?! Маркетологтардың талқысына салып, ребрендинг жасадық. Аудиторияны зерттей келе «Шаңырақ» деген атауға тоқталып, соған сай лого дайындадық. Визит карталарын жасаттық. Қазір әр іскерлік кездесуде визиткаларымызды міндетті түрде тастап кетеміз. Жоспарымызда сайт жасау жұмысы тұр. Байқағандарыңыздай, әр қадамға асықпай көшіп жатырмыз. Ұраным: жобының әр детальін «мынау мәңгілікке қалады» деп дайындау. Менің ұғымымда «әзірге» деген сөз жоқ.
Біріншіден, қандай қызмет атқарса да, кез келгеніне серіктесім есебінде қараймын. Ортақ келісіммен жұмыс істейміз. Екі жақтың да талаптары ескеріледі. Басшы ретінде мен ғана шарт қоя аламын дейтін ұғымнан аулақпын. Жиһаздың өзін әзірлеуге көмектесетін екі қызметкер бар. Онан бөлек, жеткізуші болады. Сату менеджерінің жұмысын әйелім атқарады. Және командамызға жуырда ғана маркетолог қостық.
Материалды «алыстан арбаламай», Алматыдан аламыз. Себебі, әр клиенттің тапсырысы түрліше болады. Бірінікі біріне ұқсамайды. Шет елдерден материал әкеліп сататын фирмалар бар. Солардан түскен тапсырысқа қарай біртіндеп алып отырамыз. Осы бизнеске келгісі келетіндерге материал табу жағынан еш қиындық жоқ секілді. Өйткені мына заманда ақпарат дейтін ашсақ алақанымызда тұр. Бір түймені басу арқылы жауабы табылмайтын сұрақ жоқ,сірә.
Айналысып жүргенім – ата кәсіп. Әкем үйреткен. Жеке өзімнің жүргізіп отырғаныма да он бес жыл болып қалыпты. Ес білгелі әкеме қолғабыс болып жүрдім. Сөйте келе, жеке адамдық екі орындығымен диван жасауды меңгердім. Ең алғаш қолымнан шыққан бұйымға қарап қуанғанымды, кеудемдегі толқынысты сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Өзіме де өзгелерге де қатты ұнады. Сол күнгі қабілетіме деген мақтаныш бүгінге жеткізген, жетелеген болар. Расында, мамандық таңдаудан қателеспеген дұрыс екен. Жұрт іздеп жүрген табыстың кілті де осы.