Bugin
Бүгін Халықаралық театр күні. Бұл күнде дүниежүзінің барша театр қайраткерлері кәсіби мерекесін атап өтеді. Осынау мейрам үстінде көпұлтты мемлекетіміздегі театр ұжымдарының жеткен жетістіктері мен тыныс-тірішлігі жайында тоқталып өту орынды.
Қазақ мәдениетінің ажырамас маңызды саласы – театр өнері. Бұл бекзат өнер тірі ағза ретінде тоқырау мен жаңғыруды басынан өткізіп, тіршілік заңдылығына сай ғұмыр кешетіндігі белгілі. Қазіргі таңда елімізде алты тілде, яғни қазақ, орыс, ұйғыр, кәріс, неміс, өзбек тілінде сөйлетін театр ұжымдары бар. Елімізде мемлекеттік және жеке меншік өнер ұжымдарын қоса алағанда 60-тан астам театр халыққа рухани-мәдени қызмет көрсетеді. Бұлардың басым көпшілігі дербестігімізді жариялағаннан кейін бой көтерген жаңа өнер ошақтары. Биылғы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы межесінде осы ұжымдардың атқарып жатқан еңбектері ауыз толтырып, мақтанышпен айтуға тұрарлық екені рас. Мемлекет тарапынан театрларға көрсетіліп жатқан қамқорлықта аз емес. Мәселен, 2020 жылы қазақ өнерінің қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы драма театрына ұлттық дәреженің берілуі жалпы ұлт мәдениетіне деген оң көзқарас деп таныдық. Одан бөлек, соңғы жылдары бірқатар облыстық театрларға, атап айтқанда, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда, Махамбет атындағы Атырау, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды т.б. облыстық театрларға академиялық статус берілді. Бұл сахна санаткерлеріне көрестілген биік құрмет екені сөзсіз.
Өткен жылы Нұр-сұлтан қаласында Музыкалық жас көрермен театры халыққа есігін айқара ашты. Елордамыздағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ академиялық музыкалық-драма театры жаңа ғимаратқа көшіп, еңселі ақ ордада жаңаша серпінмен өнерлерін ұштауға кірісті. Біле білген адамға бұл зор жетістік, ---.
Енді шығармашылық табыстарға ауыссақ, республикадағы бүгінгі сахнаның палитрасы сан-алуан. Опера және балет, оперетта, драма, музыкалық, қуыршақ, дәстүрлі өнер, т.б. театр түрлері қатар дамып, тың сахналық формалар мен жанрлардың көптүрлілігі көреременнің сұранысын толықтай өтеуге мүмкіндік беріп отыр.
Қазақстан театры Орта Азияда көшбасшылық тұғырында тұр. Халықаралық деңгейдегі фестиваль-бәйгелерден бас жүлдені талай мәрте қанжығалап жатқан ұлттық театрымыздың жетістігі ойымыздың дәлелі. Мәселен, 2019 жылы Ош қаласында өткен Халықаралық «Арт-Ордо» фестивалінде екі бірдей негізгі жүлдені (фестивальдің Гран-При жүлдесі Нұр-сұлтан қалалық Жастар театрының «Ғасырдан да ұзақ» спектаклі, режиссері Н.Жақыпбай; ал үшінші орынды С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық театрының «Қарагөз» спектаклі, режиссер Ф.Молдағалиев) қазақ театрларының жеңіп алуы осының айғағы деп білеміз. Басқа да халықаралық өнер бәйгелерінен оза шауып, өз ізденістерімен өзгелерді таңдай қақтырғандардың қатарын тізбектеуге қағаз беті көтермейді, әттең.
Жыл сайын әртүрлі деңгейдегі, сан-алуан мақсатты арқау еткен, актерлік, театрішілік, аймақтық, республикалық, халықаралық деңгйдегі фестивальдердің елімізде тұрақты өткізілуі бүгінгі театрымыздың бәсекелестікке қабілетті екенін айқындағандай. Фестиваль аясында өткізілетін форумдар, семинарлар, тренингтер, шеберлік сыныптары, т.б. іс-шаралар театр қайраткерлерінің өзара пікір алмасатын алаңына айналып келеді.
Соңғы жылдары қол жеткізген үстем жетістігіміз жас драматургтер мен режиссерлер қатарының көбеюі. Атап айтқанда, аға буын қаламгерлеріміздің ізін басып Әннас Бағдат, Мұрат Қолғанат, Айдана Аламан, Мерей Қосын, Әлишер Рахат, Әлібек Байбол, т.б. драматургияға жаңаша лебімен қосылып отыр. Сонымен қатар, ізденімпаз жас режиссерлер қатары да молаюда. Е.Нұрсұлтан, Д.Жұмабаева, Д.Базарқұлов, Ф.Молдағалиев, А.Оспанбаева, Г.Адай, А.Зайцев, т.б. режиссерлік ізденістері халықтың көңілінен ғана емес, театр мамандарының да тарапынан жоғары бағаны иеленіп жүр.
Бұл ретте болашақ театр мамандарын даярлайтын Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессорлық-оқытушылық құрамының сіңіріп отырған еңбегін ерекше атап өткен жөн. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» демекші, театр өнерінің ұстаханасына айналған Жүргенов академиясы драматургтен бастап, актер, режиссер, театр суретшісі, театртанушы, гример, т.б. мамандардың барлығын даярлап, ел мәдениетінің дамуына айтарлықтай қомақты үлесін қосып келеді.
Тәуелсіздікпен қатар келген шығармашылық еркіндікті бүгінде театрлық үдеріске тиімді қолданып келе жатқан сахна санаткерлерінің ізденістері әлі де талай жетістіктерін, жемістерін берері сөзсіз. Сондықтан Мельпоменаға қызмет ететін барша өнерпаздарды айтулы мерекесімен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз.
Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «Өнертану» факультетінің деканы, өнертану кандидаты,доцент
Меруерт Жақсылықова