Авторлық ертегі

Екі қолдың дауласуы

Белгісіз бір ауылда өте еңбекқор, жалғызбасты бір жігіт өмір сүріпті. Байлардың жалшысы болып, сол ауылда кімге көмек керек болса соған асыға келіп көмек қолын созып жұмыс істеп, бар тапқанын өзінің қара дорбасына жинайды екен

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Белгісіз бір ауылда өте еңбекқор, жалғызбасты бір жігіт өмір сүріпті. Байлардың жалшысы болып, сол ауылда кімге көмек керек болса соған асыға келіп көмек қолын созып жұмыс істеп, бар тапқанын өзінің қара дорбасына жинайды екен. Ақшасы әжептеуір жиналып қалыпты. Жігіт дорбасына сүйсіне қарап отырып, өзіне ай десе аузы, күн десе көзі бар ажарлы аруды армандап, арман қиялында төсегіне қисайып ұйықтап кетіпті. Сол ұйықтағанын пайдаланып жігіттің қолдары әңгімеге кірісіпті. Сол қолы оң қолына қарап тұрып:

– Сен көп еңбек етесің, барлық қиындықты көресің, қарашы өзіңе, терілерің ашылып, тілім-тілім болып кеттің. Ал мені қарашы, тап-таза болып, сенің еңбектегеніңе қарап жаным ашиды! Мен дым еңбек етпесемде барлық мадақ, барлық тілеу екеумізге айтылады. Ол жеген тамақтың нәрі екеумізге бірдей әл береді6 – деп мазақтай күліпті.

Сонда жігіттің оң қолы ашуланып:

– Мен еңбек етсем, тек жігіттің қамын ойлап жасаймын. Сенде еңбектенсең, жігітке бір пайдаң тиіп, ол жеген тамақтың қадірін түсінетін едің. Бұлай болмайды. Келесі жұмыс істегенде мен тырысып, қақсап тұрып аламын, сені көбірек пайдалансын, – деп ашуға ерік беріпті.

Сағаттар сырғып жігіт ұйқысынан оянып, жұмысына келеді. Басында бәрі жақсы, жұмысы өніп, енді қыза бастағанда, жігіттің оң қолы кешегі айтқанын істеп, қақсап, жұмысқа кедергісін келтіріпті. Сол қолмен істейін десе ебін таппапты. Сол қолдың шамасы, әлі жетпепті. Жігіт жұмысты аяқтамаса еңбегінің ақысын алмайтынын жақсы біледі. Сөйтіп жігіт жұмысы өнбегеніне өкініп, көзіне жас алады. Оң қолын ұстап отырып жыламсырап былай деп үн қатады:

– Сен болмасаң қайтіп күн көрем, армандарым көзден бұлбұлдай ұшты-ау. Сол қолым сенің көмегіңсіз ештеңе бітіре алмайды. Бірің-біріңе көмектесіп, біріңді-бірің демеп отырмасаңдар жұмысым өнбейді ғой, – деп көзінің жасын мөлтілдетіп, жылайды.

Сонда жігіттің оң қолы ақылға келіп сол қолға қарап:

– Сол қол, мен көп еңбек жасап, барлық қиындықты көрсем, жаралансам, сен соның емдеушісі, жараланған жерге дәрі жағушы өзіңсің. Екеуміз бір-біріміссіз ешкім емеспіз, – депті

Сонда сол қол:

– Дұрыс айтасың, Оңеке, бір-бірімізге демеу болып, бір-бірімізге қамқор болмасақ жұмысымыз өнбес, – дейді.

Жігіттің қолының ауырғаны басылып, жұмысын ары қарай дөңгелетіп әкетіпті. Осылай жігіт жұмыстан – жұмысты қоймай, ақшаны қырып тауып. Өзі армандаған аруын тауып, бақытты ғұмыр кешіпті. Бай – бағландар қатарына қосылып, өзіне жалшы жалдап алыпты. Осы кезде екі қолы дем алып, оларда еңбегінің жемісін жепті.

«Бірлік бар жерде - тірлік бар» деген қанатты сөзі татулық пен бауырластықтың айғағы секілді. Жоғарыда аталған мысалда екі қол солай татуласпай, бірліктің не екенін білмей жүре берсе, бұндай жеміске, бұндай бақытты өмірге қолдары жетпес еді. Бірлік – ел болудың, бақытты болудың ең негізгі, бірден-бір  алғышарты. Бірлігіміз ешқашан ажырамасын!