Әлеумет
Ер бойындағы жауыздық неден пайда болады?
2021 жылдың 20 наурызында Нұркент ықшам ауданында орын алған қылмыс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек қылмыскердің жеке басы туралы мәлімет бере алмаймыз дейді. Тергеудің әлі жүріп жатқанын және қылмыскердің «Т» есімді азамат екенін ғана айтады. Дегенмен әлеуметтік желіде халық қылмыскердің аты-жөнін хабарлауды талап етеді. Тіпті қылмыскерге өлім жазасын беру керек деген пікірлер қарша борап жатыр.
Бір қызығы 1999 жылы орын алған осыған ұқсас қылмыстың күдіктілері де медицинаға қатысты болған. Әйелдердің етін боршалап, тұшпара жасап жеген үш қылмыскер психиатриялық ауруханада жұмыс істеген. Михаил Вершинин Алматы медициналық колледжін бітіріп, психатриялық ауруханада мейіргер болып жұмыс істеген. Ал, Евгений Турочкин мен Сергей Копай санитар қызметін атқарған. Жақында болған қылмыстың күдіктісі де фармацевтика саласын оқығанын еске салайық. Алайда ол адам етін жемеген, тек әр бөлшегін қоқысқа лақтырған.
Ойда сан сауал: «Күнделікті қан көріп, науқастардың арасында жүрген азаматтар үшін бұл қалыпты жағдай болып қалуы мүмкін бе? Немесе олар күйзеліс пен психикалық ауытқушылыққа тез душар бола ма?»
Көршілері мен жақындарының айтуынша, 1999 жылғы қылмыскерлердің бойында теріс әрекеттер мен ақау болмайтын. Биылғы оқиғаның қылмыскерінен де ешкім бұрын-соңды күдіктенбегенге ұқсайды.
Сауалдарымызға психолог Мәулиқызы Анаргүл жауап берді.
Сырт көзге қалыпты тұрғынның бірі болып көрінетін адамдардың осынша жауыздық жасауына не себеп болуы мүмкін?
Мәулиқызы Анаргүл: Ауыр қылмыс жасаған адам көбіне ұстамдылық, өзіне сенімділік, ұқыпты киінген кейіп көрсетеді. Ондай адамды сырт келбетінен танып білу мүмкін бола бермейді. Ауыр қылмыс жасайтын адам не психопат акцентуациясы яғни жеңіл ауытқу болуы мүмкін, не жеңіл ақыл ойы бұзылған болуы мүмкін. Бірақ көп жағдайда ондай қылмыскер психологиялық сау көрсеткіш көрсетіп жатады. Қылмысқа бару тіпті мамандыққа да байланысты емес, дәрігер мамандар мысалы пациентті пациент деп көреді, ал қылмыскер өзінің жәбірленушісін қауқарсыз жан деп көреді. Қылмыскер жәбірленушісінің қиналғанын көргісі келеді және содан ләззат алады. Сол үшін де жәбірленушіні азаптайды.
Ауыр қылмысқа баратын көп қылмыскер көбіне бірнеше дипломы бар, тұрақты жұмысы бар, сырт көзге тәрбиелі көрінетін жандар екен. Қылмыс жасау - олардың қажеттілігі, сол қажеттілігіннің орнын толтыру мақсатында ауыр қылмысқа барады. Яғни қылмыскер өз жәбірленушісіне қажеттілігін қанағаттандыруға болатын төмен деңгейдегі адам ретінде қарайды.
Ауыр жұмыс адамның психикасының ауытқуына әсер беруі де ықтимал. Дәрігерлер көп жағдайда мәйіттермен жұмыс жасайды яғни адам психикасына әсер етуі де әбден мүмкін.
Қай кездегі қылмыс болмасын жәбірленушілердің барлығы дерлік әйел адам екенін ескерсек, бұл қыз баласын жек көру сезімінен болған жайттар деп айта аламыз ба?
Осы тұста айта кетейік, 1999 жылғы оқиғадағы қылмыскерлерің бәрінде әйелді жек көру факторы болған. Сондай-ақ, каннибализм бойынша ең көп қылмыс жасаған Николай Джумагалиев әйелдерді ерекше жек көретінін айтқан.
Наурызда болған оқиғаның ішінде мәйіттер бірнеше болуы мүмкін екенін ескерсек, бұрынғы қылмыскерлер сияқты осы күдікті азаматтың да әйелдерге деген көзқарасы теріс болуы мүмкін бе?
Анаргүл Мәулиқызы: Ауыр қылмыс жасаған адам міндетті түрде психикалық ауытқуға ие. Психикасы сау адам ешқашан басқа адамға азап көрсетпейді. Барлығына себеп отбасындағы тәрбие және ата-ананың қарым- қатынасы. Егер әке анасын ұрып азаптағанын бала көрсе, соны өскенде қайталауы да әбден мүмкін. Ауыр қылмыс жасайтын адамдарды екіге бөлуге болады: 1. Байқаусызда, яғни өлтіруді жоспарламаған 2. Әдейі барлығын ойластырып, алдын-ала дайындалған.
Психиканың бұзылуы бала кездегі психологиялық жарақат салдарынан болады. Анасы баланы ұрып қатаң жаза қолданса (қараңғы бөлмеге қамау, қораға қамау сияқты жазалау) балада қорқыныш сезімі пайда болады. Салдарынан балада анасына деген реніш іштей қалып, әйел адамға деген ашу-ыза пайда болады. Содан азаптаушы әрекет жасап, жәбірленушінің қиналғанына қарап мен сенен күштімін, мен енді өзімді қауіпсіз сезінемін деп қанағаттану сезіміне бөленгені туралы өзіне-өзі дәлелдеп жатады.
Айта кетейік, қазір ең ауыр қылмыс жасаған Николай Джумагалиев Алматыдағы Ақтас жындыханасында емделіп жатыр. Тіпті бірнеше мәрте қашып шыққан. Сондай-ақ, өзі өлім жазасына кесу туралы өтініш білдірген деген ақпараттар бар. Ал, әлеуметтік желіде осындай жауыздық жасаған адамдарға өлім жазасын беру туралы пікірлер талқыланып жатыр.
Жалпы ондай жауыздарды қалай жазалаған дұрыс? Емделу оң әсерін бере ме? Бұрынғы ахуалдың орын алуына жазаның дұрыс болмауы әсер етті ме ?
1999 жылы қылмыс жасаған азаматтар да әйел адамның басын қайнатқан. Осы жылғы оқиғамен ұқсастығы бар екенін аңғарсақ, «Т» есімді азамат сол жылдардағы оқиғаны қайталауға тырысты ма деген ой туады.
Анаргүл Мәулиқылы: Жауыз адамдарға ем оң әсерін бере алмайды, себебі ми зақымы терең болады. Жауыздық танытатын адам ешқашан түзелмейді, жаза өтеп шыққаннан кейін де сол қылмысты қайталайды, себебі интеллектісі сол әрекеттерді жасау норма ретінде көреді.
Жаза жеңіл болуы адамға ой салуға да әсері көп. Қатаң жаза қолдану да қажет. Адам баласы ақпаратты көру, есту арқылы қабылдайды. Қатаң жаза туралы естіген кезде адам баласын қорқыныш сезімі билеп, теріс іс-әрекеттен бас тартуға көмектеседі.
2019 жылы 6 қазанда күйеуі өзінің жарын өртеп жіберген. Сондай-ақ, 2019 жылы желтоқсанның 12-і өзінің қызы мен әйелін өлтірген оқиға да болды.
Жалпы осындай жантүршігерлік әрекеттердің көбеюін қалай тоқтата аламыз? Мүмкін Еуропаның экшн-фильмдеріне тыйым салу керек шығар. Немесе мектеп пен үйдегі тәрбиені қадағалау керек шығар? Қандай өзгеріс енгізуге болады?
Анаргүл Мәулиқызы: Адамға биологиялық әлеуметтік факторлар әсер етеді. Сондықтан жауыздық әрекеттерді тоқтату мақсатында отбасындағы жағымды тәрбие мен қоғамдағы қатаң тәртіп қана тоқтата алады.
Жауыздық белең алу себептеріне интернет желісіндегі жауыздықтар жайлы жиі айтылуын жатқызар едім. Технология заманы деп жатамыз, ол да адам психикасына әсер етеді. Сондықтан жантүршігерлік ақпараттан аулақ болуға тырысу, ата-ана тарапынан қандай ақпаратқа баса назар аударған жөн және қандай ақпаратты қарамауға тырысу керектігі туралы тәрбие жұмыстарын жүргізу, түсіндіру қажет. Үйде ұрыс-жанжалдарды балалар алдында тудырмауға тырысқан жөн.