Сараптама

«Z» буыны: Даму жолы, көзқарасы, құндылықтары қандай?

Әлеуметтану саласында «Ұрпақтар теориясы» деген ұғым бар. Сәйкесінше, әлеуметтанушылар әр жас аралығындағы адамдардың ерекшеліктеріне, көзқарастарына байланысты ұрпақтарды топ-топқа бөліп отырған. Осы теорияның негізінде 15-20 жыл сайын өмірге жаңа ұрпақ келеді.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

         Бүгінгі сіз бен біз мекендейтін ғаламшарда ең көп зерттеуді қажет ететін буын «Z» буыны. (9 бен 24 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер һәм жастар. )

        Олар өмірге келген тұста, жүруден бұрын гаджет қолдануды үйренген. Шет елден бөлек, біздің мемлекетті алсақ, “Z” буыны 2003-2004 жылдардан бастау алады дегенге толық негіз бар. Себебі, жаңа техологияның дамуы жағынан алдыңғы қатарлы мемлекеттерден қарағанда, еліміз көшке 5-10 жыл кеш кіргені бәріне мәлім.

        Ең қызығы, ұрпақтарды топқа бөлуде жастан да маңызды мәселе бар. Ол адамның өмірге деген көзқарасы. Мінезі, құндылықтары, даму жолы, дағдылары.

       Хош, бұл тұрғыда “Z” буыны өзгелерден несімен ерекеше?

  1. Амбициясы жоғары.

Бұл буында туылғандардың 60 %-дан астамы әлемді өзгертетініне сенеді. Олар ақпараттық, техникалық тұрғыдан жан-жақты қамтамасыздандырылған. Сондықтан да олар өздерінде бар нәрседен көбірек қалайды. Дамуға, өсуге құштар.

  1. Көшбасшы.

Z  буыны ер азаматтардың 63%-ы әйел адамдардың 61%-ы көшбасшы болуды қалайды.  Олар соңғы немесе ортасы болуға аса қызықпайды.

  1. Шексіз.

«Z» буыны өздерін шексіз әлемде жүргендей сезінеді. Олар еркін көзқараста. Кез-келген мәселеге жеңіл, жан-жақты қарауға ұмтылады. Еркіндікке ұмтылғыш.

  1. Өзі жасау.

Бұл буынның өкілдері кез-келген нәрсені ешкімнің көмегінсіз жасағанды ұнатады. Әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін кеңінен қолдануда оларға теңесер ұрпақ жоқтың қасы.

  1. Қарапайым.

Ең қызығы Z-тіктер сәнді жылтырақ брендтерден көрі, сапалы қарапайым киінгенді ұнатады.

  1. Табиғат жанашыры.

Ғалымдардың зерттеуінше, бұл буын өкілдері үнемшіл, экологияға аз залал келтіретін жандар.

  1. Ғылымға қызығушылығы жоғары.

Олар өз өмірін технологиясыз елестете алмайды. Зет-тіктердің көбісі инженерлік, бағдарламалау, робототехника саласын өз мамандығы ретінде таңдайды.

Әлбетте таяқтың екі ұшы болатыны секілді, «Z» буынының да өз кемшіліктері жоқ емес.

  1. Көзбе көз қарым-қатынастан көрі виртуалды өмірдегі коммуникацияны қолайлы санайды.

Олар өз эмоциясын смайликтермен білдіріп, әлеуметтік желідегі хат алмасуды жүзбе-жүз тілдесуден артық санайды.

  1. Сөз саптауы нашар.

Бәрі болмаса да зет-тіктердің ішінде көбісі сөзге шорқақ. Басым көпшілігі көркем әдебиеттен көрі, жеңіл-желпі жазылған кітаптарды оқуды жөн санайды. Тіпті, кітап оқымаса да болады деп ойлайтындары көп.

  1. Үлкен буынның ақылын аз тыңдайды.

Өз бетінше өмір сүргісі келіп, кей сәттерде қателліке ұрынады. Өмірлік тәжірибесі бар адамдардың ақылына жүгінуді жөн санамайды. Көп жағдайда мен бәрін білемге салады.

  1. Тұрақсыз.

Өмірлік қызығушылықтары жиі өзгеріп отырады. Бұл қасиеті олардың артықшылығы да бола алады. Олар бір жерде 5-10 жылдап тұрақты жұмыс істемейді. Тіпті өмірінде бір емес бірнеше мамандық меңгеруі әбден мүмкін. Өзі үйренген нәрсенің бәрін керексіз деп тапса, қайтадан 0-ден бастайды.

  1. Өзіне ұнамайтын ортада, салада көп жүре алмайды.

Кейде өзімізге ұнайтын жағдай жасау үшін, белгілі бір қиын кезеңдерден өтуіміз тиіс десек. Зет-тіктердің ең осал тұсы осы жерде. Олар көбіне сынаққа төзбей жатады екен.

Десе де «Z» буыны жастардан құралғандықтан бұл қасиеттер уақыт өте өзгеруі де ықтимал. Егер сіз осы буынның өкілі болсаңыз, бойыңыздағы жастық энергияны ойын-сауықтан бөлек тұлғалық дамуға, материалдық һәм моральдық тұрақтылыққа жетуге жұмсағаныңыз абзал. Өз еркіндігіңізді жоғалтпаңыз, сіз әлемді өзгертуге әбден қауқарлы жансыз.

Рысбек АРАПХАНҰЛЫ