МӘДЕНИЕТ

«Қиямет күні таразыда көркем мінезден ауыр нәрсе болмайды»

Қазақы әдептіліктің негізгі көзі – әлбетте, халықтың нақ өзі. Өйткені, қазақ халқы әдептілік қағидалары мен қарым-қатынас ережелерін өмірге әкеліп отырған. Халықтың үлкенді құрметтеп, кішіні сыйлайтын қайырымдылық қасиеттері рухани өміршеңдік әдептіліктің бір көрінісі деуімізге болады.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ халқының әдептілік көзінің бірі – ислам діні. Өйткені, исламдық көзқарас пен қазақы тіршілік бір-біріне өте сай келеді. Халықтың баға жетпес әдептілік қағидалары ислам дініндегі хадистермен үндес келіп отырады. Мәселен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде адамның іс-әрекеті хақында: «Адамның бетіне бажырая қарама, айдын көлдей таза болсаң, ақ тілегің қаза болмас, адал адам биязы мінез танытар», - деген тәрбиелік мәндегі ұғым бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Аллаһ тағалаға қарсы болудан сақтаныңыз, балаларыңызға әділдік көрсетіп түсіндіріңіз», - деген. Сондай-ақ, «Нәби (с.ғ.с.): «Қиямет күні таразыда көркем мінезден ауыр нәрсе болмайды», - деді. Хадисті Әбу Дарда (р.а.) риуаят етті. Расулуллаһқа (с.ғ.с.) біреу жамандық істесе, Ол (с.ғ.с.) кек алудың орнына ол адамды кешіріп, Аллаһ тағаладан оны дұрыс жолға бастуын тілеп, жақсылық сұрайтын.Бұл ұғымдарда халқымыздың тыйым сөздерімен байланысып жатқан тәрбиелік астары бар дүние жатқандығын байқауымызға болады. Өйткені,қазақта басқа да халықтар сияқты жүздеген тыю заңдары бар. Мәселен, нанды теппе, тұзды баспа, жасы үлкеннің алдын кеспе, малды басқа ұрма, бос бесікті тербетпе, үйде отырып ысқырма т.с.с.тыю заңдылықтары мәдениетімізді, инабаттылығымызды сақтауға қызмет етеді.

Әдепті адамдар – қоғамның баға жетпес байлығы әрі мәртебесі. Қай қоғамда да әдеп жолға қойылса, сол қоғамның абыройы – жоғары. Егер қоғамда әдепсіздік етек алса, жақсылық атаулының сағы сынады. Әдептілік адамның өзімен бірге өсіп, жетіледі, оған айналасындағы адамдар, қоғам, отбасы, мектеп әсер етеді. Сондықтан, адамның әдептілігі оның адамдар арасындағы жүріс-тұрысынан, басқалармен қарым-қатынасынан көрінеді. Әдептілік сенімдері мен өлшемдері кісіліктің шарапатты негіздері, рухани ұйытқысы әрі мәйегі болып табылады. Жазушы Әбіш Кекілбаев: «Жалпақ әлемді аузыңа қарату үшін ерлік керек, жалпақ әлеміне қысылмай, қымтырылмай қарау үшін рухани байлық керек», - деп жазады. Мұның мәнісі– рухани ерлігіміз өрлене түссін деген тілеу, сол биіктерге шақыру. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын мұрат-міндеттердің ең бастысы– өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам қамын ойлау. Ойлы, пайымды, қабілетті азамат етіп өсіруде халықтық салт-дәстүрлердің тәлім-тәрбиелік, білім, танымдық рөлі зор.

Дәстүр (латынша, tradition – жалғастыру) – тарихи қалыптасқан қоғам үшін пайдалы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп және белгілі бір уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат тәжірибесінің жалғастығы мен жиынтығы, мәдени мұрасы: әдет-ғұрыптар, ырымдар, жүріс-тұрыс қалыптары мен тәртіптері, үрдістер, жөн-жоралғылар, мейрамдар т.б.  Адам қажеттілігін өтейтін барлық құндылықтар дәстүрді құрайды. Тамырын тереңге жайып, біте қайнасқан халықтық салт-дәстүр ғана мәңгі жасай бермек. Ол әр кезеңнің ыңғайына қарай өзгеріп, көркемдік пішіні жаңарып отырады. Кезінде сыншы В.Г. Белинский: «Әдет-ғұрып өзінің көнелілігімен бекиды, бірақ оған әркез уақыт сәулесі түсіп отырады. Ол ата-бабамыздан қалған мұра есебінде буыннан-буынға, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келеді. Әдет-ғұрып халықтың бітім тұлғасын жасайды, топтастырады, онсыз халық бет-пішінсіз соғылған мүсін тәрізді», - деп орынды атап өтеді.

Дәстүрсіз халық жоқ. Ол тарихи негізінде қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін әдет-ғұрып, жалпыға бірдей тәртіп, әдеп-инабат нормасы болып табылады. Дәстүр өзінің негізі мен қалыптасуы, өмір сүруі жағынан барынша ұлттық сипатта болады, әрбір халық жалпы адамзат мәдениетіне сонысымен үлес қосады. Сондықтан да, дәстүр, салт-сана, әдет-ғұрып – жалпының ортақ иігіктері болып табылады.

Үлкен-кіші болсын әдеп сақтау – халықтық тәлімнің аса үлгілі, тәрбие ісіндегі қалыптасқан заңы, жолы бар ерекше қасиетті тәлімдік дәстүрі. Ұлтымыздың үлкеннің кіші алдындағы, кішінің үлкен алдындағы әдеп сақтаудың тамаша үлгілері өте көп. Мысалы, үлкеннің жолын кеспеу, бұрын сөйлемеу, келінге сыпайы сөйлеу, ата алдындағы иба, халық ортасындағы инабат,  мешіт ішіндегі әдептілік, сәлем беру, сәлем алу жолы тағы сол сияқты адамгершілік, сыйлау – халқымыздың  ертеден келе жатқан әдеті әрі ғұрпы. Бұлардың бәрі жасына  қарамастан  тәртіп, тәрбие жолына  үздіксіз әрі үзіліссіз қызмет етіп келеді. Әдептілік – әр  адамның   бет-бейнесі, өзін-өзі таныту жолындағы үлгісі, игі қасиеті.

Әл-Фараби: «Тәрбиелеу дегеніміз – халықтардың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту әдісі деген сөз», - деп ақыл-парасат пен тәрбиенің рөлі туралы айта келіп, тәрбиесіз дағды, дағдысыз тәрбие болмайтынын ескертеді. Тәрбиесіз дағды болмайды дейтін себебі, мысалы, жас нәрестені алғашқы күннен бастап-ақ ізгілікті істерге бағыттап, тәрбиелесе ғана, оның бойына сол істер дағды ретінде қалыптасады. Сол сияқты дағдысыз тәрбие болмайды дейтіні, тәрбиенің нәтижесінде қол жеткен қайырымды іс-әрекеттерді, мінез-құлықты дағды арқылы түрақты күйге айналдырып отырмайынша, адам ізгілікті бола алмайды. Сондықтан да бүгінде кейбір жастардың мінез-құлқы, іс-әрекеті заман талабынан шыға бермейді.

Психолог мамандардың пікіріне сүйенер болсақ: «Есі жаңа кіріп келе жатқан балаға барынша әділетті болу, ретсіз жекіп, жерлемеу керек. Және атыс-шабыс пен ұрыс-керіске толы бейнефильмдерді көруіне жол бермеуіміз керек. Жаман сөздерді баланың құлағына үйретпеуіміз  тиіс», - екен. Сондай-ақ, баланы алдап тәрбиелеуге дінімізде тыйым салынған. Себебі, көп алдағаннан бала бойында қоршаған ортаға деген сенімсіздік пайда болады. Сенім болмаған жерде мейірімділіктің калыптасуы өте қиын.

Ұлы Абайдың: «Осы күнде, хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз», - деген сөзі бүгінгі өмірдің айнадағы кескініндей ап-айқын. Ғасыр бойы әдеп, таным, тәрбие академиясында болған Абай тәлімі бүгінгі күні кісіліктің киелі кітабындай. «Надан ел қуанбас нәрсеге қуанады. Һәм қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмейді, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады. Ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі – надандық, ақымақтық әсері», - деп ескертеді (26-шы сөз).

Бүгінгі жастардың бір сыпырасы жанын қинамай, қамсыз өмір сүріп, ырду-дырдумен уақыт өткізуді мұрат санайды. Бірақ олар қатты қателеседі, өйткені еңбексіз келген ондай «бақыт» баянды болмайды, ол көп ұзамай, опық жегізеді. Ең жаманы, Абай атамыз айтқандай, адамды аздырады. Бұл тұрғыдан алғанда, еңбек адамның жан дүниесін жаңғыртып, ой-қиялына қанатбітіретін бірден-бір күш екенін көреміз. «Еріншек, жалқаулықпен өмір кешкен адамдардың көп жасағаны болған емес». Бұл сөздердің этикалық терең мағынасына шүбә келтіруге болмас.

Грек философы Демокрит: «Заң қолданып, мәжбүрлеп тәрбиелеген адамнан  санасын сеніммен, дәлелмен тәрбиелеген адамның артықшылығы басым»  деген. Адамның жеке тұлға ретіндегі мінез-құлқының қалыптасуы, өзін-өзі басқаруы, табанынан тік басып, мығым тұра білуі іс-қимыл шеберлігі мен игілікті еңбегіне байланысты. Ерікті еңбек адамның шығармашылық мүмкіндігіне кең өріс ашып, оны жүзеге асыруға жігерлендіреді. Адамға әсіресе, қоғамдық еңбектің игі әсері зор. Себебі, оның әдептілік, инабат-парасаттылық, тәрбиелік ықпалы орасан. Қоғамда еңбек әлеуметтік сипатта бола отырып, топтық және жекелік іс-қимылдар түрінде көрініс береді. Сол арқылы қоғамдық мұратты іске асырудың бірден-бір тәсілі, жеке адамның өзін-өзі көрсете білуінің, өмірден өз орнын табуының жолы болып табылады. «Ағашты миуасынан, адамды қылығынан таниды», - демекші, адамның адамдық болмысы, кісілік тұрпаты мен парасаты мінез-құлқынан, әдептілік-инабаттылығынан көрініс береді.