Bugin

XXI ғасыр қыздары үшін қаншалықты материалдық құндылықтар маңызды?

Қазіргі таңда көп адамның аузынан қазіргі қыздар тұрмысқа шығар алдында «Үйің бар ма, көлігің бар ма, табысың жақсы ма?»,– деп сұрайды. «Қазір бәрінен ақша, байлық артық болып кеткен бе?»,– деген сауалды да қоғамда жиі еститініміз сонша, күнделікті үйреншікті сөзге айналып кеткен. Дәл осы тақырып жайлы ойлана келе сіздермен бірге талқылауды жөн көрдім.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Біріншіден, үй, жұмыс, көлік – байлық емес, күнделікті тұрмыстағы жәй қажеттілік. Отбасын құрған соң тұратын үй қажет, отбасын ары қарай асырау үшін жұмыс қажет, сол жұмысқа барып-келу үшін көлік қажет. Айтып отырғанымдай бұлар жәй қажеттілік қана. Қыздар «Үйің екі этажды, қаланың қақ ортасында орналасқан ба, көлігің camry 70 па, айына табатын табысың жарты миллион ба?» деп сұрап жатқан жоқ қой. Жәй ғана қажеттіліктер қамтылған ба, соны білгісі келеді. Түймедей нәрсені түйедей етіп, «Ойбай, мына қыз ақшаға құныққан екен, көздегені байлық екен»,–  деп жеке басына тисіп, күйе жағу – надандықпен пара-пар дүние. Барлық нәрсенің түбіне үңіліп, адами тұрғыда түсіністік таныту қажет.

Қазір айтуыңыз мүмкін «Бәріне бірге жетуге болады ғой» деп. Болады, әрине. Дегенмен үйленуге ниет қылған адам тапқан табысын жас екенмін деп күндіз-түні қыдыруға, иә болмаса жәй алыстан араласатын қыздардың шашбауын көтеріп, шақырса жүгіріп барып, анау- мынауын алып берудің орнына «Болашағым үшін» деп отбасын қажеттіліктермен қамтамасыз ету жолында ертерек қамданғаны дұрыс қой, бәрібір де.

Ауызбен айтуға оңай «Шын жақсы көрсе ештеңеге қарамайды» деп. Жарайды, қарамай-ақ та қойсыншы. Бірақ пәтерден пәтерге бала шағаңмен көшіп-қонып жүруге өзіңнің батылың жете ме? Меніңше, жауапкершілікті қыздың материалдық жағдайға қарамауына итере салмай, проблемаға тік қарап түйіткілді мәселенің орнымен шешілуіне әрекет жасау қажет. Қажеттілік, қажеттілік күйінде қала береді, тіпті оны материалсыз махаббатпен жасырғың келсе де.

Айтқым келгені – материалдық дүниені шынайы махаббаттан жоғары қою емес, шындыққа тік қарап үйренуге шақыру. Материалдық дүние демекші, өзіңізде жоқ нәрсені қызға бар қылып көрсету, қарым-қатынас басталмай жатып-ақ өтірік айту, «Бірінші үйленіп алайыншы, содан кейін шындықты білсе де  қайда кетер дейсің» сынды жаман ойларға бой алдыру өміріңізде жасаған ең үлкен қателіктердің бірі болмақ! Өйткені әу бастан-ақ өтірікпен өрбіген қарым қатынастың соңы happy end-пен аяқталуы екіталай!

Қоғамда ерлер мен әйелдер бірін-бірі осылай жүрек түбінде жатқан ізгілікті ойларын түсінбей, тек мәселеге өз беттерінше ғана баға бере беретін болса бастапқы мағынасы өзгеріске ұшыраған феминизм ауруының асқына түсетіні анық! Мен тек осы аурудың алдын алуға шамам жеткенше әрекет жасадым. Өзіңізге проблеманың қай тұста шешімін таба алмай, әлі түйін күйінде келе жатқанын түсіндіре алдым деп ойлаймын. Ең бастысы қоғам тыныш ,әрбір отбасы бақытты болсыншы!