Денсаулық
Көп адамдар сияқты Covid сізге қонаққа баруға тосқауыл емес. Себебі белгілі
Сіз Covid-тен қайтыс болды деген адамдар туралы көп естідіңіз, бірақ көрген жоқсыз.
Ал мен көрдім. Қандай азапты өлім екенін көрдім. Кеудеден жаны шыға алмай аласұрып, жанталасып жатқандарын көрдім.
Жоқ, бұл індеттен адам жылдам өлмейді. Ауа жетпей қиналып, азап шегіп, бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін жатады. Жағаға шығып қалған балық қалай аузымен ауа қармаса, бұл ауруда да адамдар дәл солай қиналады.
Соңғы күндерін науқастар әртүрлі өткізеді. Біреулер басынан бастап соңғы секундқа дейін алысады. Ал біреулері олай алыспайды, білмеймін әлде тағдырын қабылдағаны ма, әлде беріле салғаны ма, үндемей кете береді.
Науқас өлімнің жақындығын сезгенде көзінде үрей пайда болады. Бұл көзқарасты мен ешқашан ұмытпаймын. Саған сол көзбен қарағанда жаның шығып кете жаздайды. Құтқарғың келеді, бірақ қолыңнан еш нәрсе келмейді.
Үміт беруге тырысатынмын. Қолынан ұстап отырып, жасаураған көзіне қарап, «Апай, мен сіздің жазылып келе жатқаныңызды анық көріп тұрмын» деуші едім. «Рас па, балам?!» деп кәдімгідей үміттеніп сұрайды. Ішімнен жылап тұрып, «Апай, маған сеніңіз, мен білем ғой» дейтінмін. Сосын үйге барып Құдайға жалбарынасың ана кісінің жанын әзірше ала көрмеші деп...
Кинода көрген шығарсыздар реанимациядағы жанталасты. Өмірдегі реанимациядағы көрініс дәл сондай. Бірақ миллион есе ауыр. Себебі кеудеден жан оңайлықпен шықпайды екен, нағыз өлім мен өмірдің күресі орын алады. Ол жердегіні ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Өлімнің түрі көп қой, бірақ мына індеттен келген өлім нағыз жантүршігерлік өлім. Ешкімнің басына салмасын.
Ертең қонаққа барардың алдында менің осы айтқандарымды есіңізге алыңыз. Шешім өзіңізде.
P.S. Мен мұны барынша көп адам оқығанын қалар едім, оған сіздің көмегіңіз қажет, бөлісіп жіберуіңізді өтінемін...
Арман Рахметтің Facebook-тегі парақшасынан