Қоғам

"Адал ақша тапқың келсе..." Блогерлер былығы

Қазіргі уақытта ақпарат құралдарында блогер деген сөзбен жиі ұшырасамыз. Қоғамда өз орнын тауып үлгерген блогер дегендер кімдер және олар немен айналысады деген мәселеге жауап іздеп көрелік

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Блог деген сөздің түп негізі ағылшынша log – жазу дегеннен шыққан екен. Яғни, бұл әр адамның интернет алаңын пайдаланып, өз пікірін, көзқарасын жазуы, бір сөзбен айтқанда интернет-күнделік. Оның сайттан өзгешелігі де – сол жеке адамның жеке басына қатысты жайларды жазуында. Алғашқы кезде блогтар осындай тар ауқымды қызметті атқарып келді. Дегенмен, кейін келе өз кәсібіне, мамандығына қатысты жазған кәсіби кеңес түріндегі мақалалар блогерлердің оқырмандарының санын көбейтіп, блог арқылы жақсы табыс табуға негіз жасады. Осыған орай, енді блог жәй күнделік болудан қалып, табыс табудың құралына да айнала бастады. Блогер болу үшін өз ой-пікірін сауатты және әдеби тілмен тартымды етіп жаза білу ғана емес, оқырмандарға қажетті қызықты ақпараттарды  бере білу де қажет. Өкінішке орай, бізде мұндай жоғары талап деңгейінен көріне алатын кәсіби блогерлер аз.

Осыған байланысты, блогерлердің біразы әлеуметтік желілерді пайдаланып, өзіне оқырман тартады. Дегенмен, өзін блогер санап жүргендердің шын мәнінде блогтың не екенін түсініп жүр деп айта алмаймын. Көпшілігі ел алдындағы беделін, атақ-дәрежесін пайдаланып, халыққа көмек жасап жатқандай сыңай танытып, әлеуметтік желілерде түрлі «гив» ұйымдастырып, сыйлық таратып әлек. 
Басында мұны шындығында инстаблогерлердің қайырымдылығы деп ойлап қалдық. Кейіннен білгеніміздей, өз қалтасынан ақша таратып жатқандай болып көрінген кейбір инстаблогерлердің әлеуметтік желідегі оқырман санын көбейтіп беру үшін өзгелерден жинаған нәпақасы екені белгілі болды. Халыққа «мынанша оқырманға жазылып, оның суреттеріне «лүпіл» бассаң болғаны ақшаға кенелесің» деп жария салады.  Оған сенген қаншама адам берілетін сыйлық немесе ақша үшін 100 шақты адамның аккаунтына жазылып, қашан ақша ұтамын деп арамтер болады. Үш-төрт ай көлемінде үздіксіз жалғасып келе жатқан осындай ойындардан қажып шаршаған, үміті ақталмаған адамдар бұл ұйымдастырылатын ұтыстардың жалған екенін де ашына жазып жатыр. Мұндайда сонда бұл халықты алдау, ақымақ қылу ма деген ой қылаң етеді. Ал оны ұйымдастырушы блогерлер ойынның адал әрі жеңімпазды таңдау көпшіліктің көзінше «рондон» арқылы  немесе дырылдату әдісі арқылы өтетінін айтып ақталуда. Кімнің ісі ақ, кімдікі қара екенін тексеріп жатқан ешкім жоқ. Сол тағы да тұманды әлем, адасу, жол таппай, шындықты біле алмай даурығу. Міне, осындай ұтыстар ұйымдастыруға қатысты деп басы дауға қалған қаншама блогер бар. Осы ойынды күнбе-күн ойнатып, одан өзіне тиесілі қаржысын  тауып жүргендері жасырын емес. Осындайда блог жазуды түсіне алмай, сапасыз контент жасап блогер қауым осындай күмәнді істерге жақын болып кете  ме деген ой еріксіз санаңда қылаң береді. Осы ұтыстардың көпшіліктің санасын сан-саққа жүгірткені аздай,  талай жылдан бері ұмыт қалған қаржылық пирамидалар да бас көтере бастады. Блогерлердің парақшаларын, «инстастористерін» аша қалсаң «онлайн ойын ойнап 70000 таптым, сіз де таба аласыз»  деген жарнамалар  өріп жүр. «Адал ақша тапқың келсе», «Табысы көп жұмысқа шақырамыз» деген кейбір жарнамаларына сеніп, кірсеңіз қаржылық пирамиданың дәл ортасына тап боласыз. Адамдарды тарту мақсатында әртүрлі айла-шарғы қолданып қызықтыратын алаяқтарға нартәуекел деп бар қаржысын салып, алданып қалып жатқандар қаншама? Әлеуметтік желі арқылы ғана танитын адамның жарнамасы екенін  атап та, түсін түстеп те алданғаныңызды кейін дәлелдей алмай жатасыз. Осының бәрі адамдардың ақша табу үшін ғана жасап отырған пасық әрекеті екенін ойласаң ішің қан жылайды. Мына заман алаяқтардың уақытындай көрініп кетеді кейде маған.

Бірақ халыққа шын жаны ашып көмек көрсетіп жүрген блогерлер де жоқ емес. Соңғы уақытта қайырымдылыққа жетелеп, оқырмандарымен бірге мүгедек жанға көмек көрсетіп жүргендерге ризамын. Оқырмандарына жауапкершілікпен қарап, қызықты блог жүргізіп, сапалы контент ұсынып жүрген блогерлерге айтар дауым жоқ. Айтпағым, елді алдап, нәтижесіз іс жасап, одан өз пайдасын күйттеп жүрген кейбір адамдардың жан күйдірер қылығы жайы еді..