Денсаулық

"Дәрігер сыйқырлы таяқпен жүретін сыйқыршы емес"

Бақытжан Расул «Аяжан МЕД» шығыс медицина орталығының бас дәрігері. Он үш жылдан бері адамдардың дертіне шипагерлік қызмет көрсетіп, көптеген адамның аурудан айығуына жәрдемдесіп жүр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Дәрігерлік мамандықты таңдаудаға кім ұйтқы болды?

Дәрігер болу менің  бала күнгі арманым. Біздің әулетімізде дәрігер мамандығын таңдағандар көп. Атамыз кезінде Қытай еліндегі атақты дәрігердің бірі болған. Жалпы, атамның он екі баласы бар, соның  алтауы, немерелерінің тоғызы   бүгінде ақ халатты абзал жандар.  Үйде медициналық кітаптар көп болды. Мен соларды оқып өстім. Сол себепті осы салаға қызығушылығым  арта түсті.  Қытайда білім алып, елімізге келіп өзімді дамыттым.

Дәрігер болып қалыптасқанға дейін көптеген ұстаз демеу көрсетті.  Елге оралмай тұрғанда Мүтәл есімді дәрігер болды. Сол кісі маған бағыт-бағдар сілтеп, үнемі ақыл-кеңесін айтып отырды.  Мен үшін орны ерекше бірден-бір кісі сол – Мүтәл.  Мен көптеген дәрігерлердің алдынан өттім. Шәкірті болдым, ал өзімнің осы салада жүргеніме 13 жыл болғанымен шәкірт тәрбиелеу мен үшін әлі ерте секілді. 

Қазіргі медицина саласындағы білім беру сапасының деңгейі қандай ?

Қазақстанда медициналық тұрғыда біраз кемшіліктер бар.  Техника жағынан болсын, дәрі-дәрмек немесе білікті мамандар болсын . Әсіресе, қазақ тілінде жазылған медициналық кітаптар өте аз. Осы сынды әртүрлі себептер медицина саласын ақсатып тұр. Жалпы, кез-келген салада мамандарды тәрбиелеу үшін адамдарды алдымен  зерттеу қажет. Оның білім деңгейі қандай, қызығушылығы қандай? Осы сынды сауалдарды алдын-ала зерттеу арқылы болашақта мықты кадрларды даярлауға болады.   Қытай елінде медицинада жастарды оқытқан кезде ең алдымен тәжірибеге баса назар аударады. Кітаптан көріп, білген ақпаратты  тәжірибе жүзінде тануға көп мүмкіндік жасайды.

Білікті дәрігердің бойында  қандай қасиеттер болу керек?

Білікті дәрігер болу үшін білімділік пен қатар мейірімділік деген сезім болу қажет. Бұл ең басты дүние. Жаны қиналып келген емделушінің көңіл-күйін сұрап, онымен сөйлесе білу дәрігерлік өнер.  Сонымен қатар жанына шипа іздеп келген науқастың көңіл-күйіне қарап, түсіністік таныту кәсіби біліктілігіңді арттыра түседі. Жүрегінде иманы және адамгершілігі , сонымен қатар халыққа деген жанашырлығы болу қажет.  Қазақстанда көптеген дәрігерлер іздене бермейді. Маман болу үшін көп оқып, іздену қажет.  Өзін үнемі дамытып отыруы керек.  Ең бастысы қарапайымымдылық. Дәрігер болсаң халық үшін дәрігер боласың, ақша, мансап үшін емес.  Сонымен қатар дәрігерлер адамдарға ауырмаудың алдын ала жолдарын ұсыну керек. 

Адамдар  дәрігердің алдына келгенде үлкен сеніммен келеді. Адамға ешқашан оған «болды, уақытың бітті, емделмейсің» деп айтуға болмайды. 

Бүгінгі дәрігерлердің мәртебесі қандай?

Қазіргі таңда дәрігерлердің  қадірі  қатты артып кетті деп айта алмаймын. Көзқарас төмен. Lәрігердерді көбісі сиқыршы деп ойлайды. Ауырып, жаны көзінің ұшына тақалғанда ғана келеді. Сол кезде дәрігер сыйқырлы таяғымен тездетіп емдеп жібереді деп ойлайды. Дәрігерлердің ауыру деңгейін түсіндіріп, емдеу жолдарын айтқанша сабырсыздық танытады. Дәрігерлер осынша күнде жақсы болады деп уәде бере алмайды. Себебі, әрбір адамның ағзасы әртүрлі. Біреу екі күнде, енді бірі он күнде жазылады.  Көптеген адамдар өздерін халық емімен емдеп-домдап жатады. Оның пайда-зиянымен санаспайды. Басқадан естіген емдеу әдістерді де жиі қолданылады. Ол қате де қауіпті түсінік. Алдымен, адамдар дәрігерлерден аурудың себебін анықтап алу қажет.

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан медицина саласына барынша мүмкіндік жасалуда. Енді соны пайдаланып, халыққа жақсы көңіл бөлу керек. Елімізде білікті дәрігер  мамандарды даярлау керек. Еліміздің түкпір-түкпірінде дарынды, қабілетті жастар көп. Оларды демеу керек, көбісі қаражаттың қыспағынан білім ала алмай жүрген жастар. Сауатты дәрігерлердің санатын көбейту үшін ең алдымен жас буынды мықтап тәрбиелеу керек. Аурухананың барлық жағдайын жасап қойсаңда, білікті мамандар болмаса одан түк пайда жоқ. Фундаментті осы бастан мықты етіп қалау керек.