Қоғам
Келешекте мемлекетіміздің тұғырын биік ететін бас байлығымыз, еліміздің болашағы - жастар. Қазіргі таңда жастардың білім алуы үшін біршама жеңілдіктер жасалынып отыр. Алайда елімізде көптеген салаларда білікті мамандар жетіспейді. Сол себепті де Қазақстанның кей ғылыми, әдеби салалары дамусыз тоқтап қалды. Ал осы мәселенің түп-төркіні неде? Жастардың қажетті білім алмауларына не кедергі?
Айтылған мәселелер мемлекетіміздің экономикасына, әсіресе қоғамның дамуына айтарлықтай кесірін тигізуде. Бұл мәселелердің себебі неде? Жастардың білім қуып шетелге кетіп, сонда қалып қалуы ма? Әлде «аға, көкеге» сеніп, дипломды сатып алатын білімсіз жастардың көбеюі ме?
Алдымен жоғарыда аталған сұрақтарды жеке-дара ашып қарастырсақ. Жастар қазірде ескішенің ойымен «мектепті тәмамдап, жоғары оқу орнын аяқтап қолыма диплом алсам, ары қарай тамыр-таныс арқылы жұмыс істеп кетемін не әкемнің кәсібін жалғастырамын» деп өздеріне құрғақ мақсаттар қойып алған. Көбі емес, әрине. Жадқа сіңіп қалған бір ой: «туыстарым менің де жоғары білімді болғанымды білсе, «жұрттың баласынан» кем түспеймін». Осы тұрғыда жоғары оқу орынды бітіруге ізденісі, талабы, ақылы жетсе, орынды. Бірақ бұл білімді өз күшімен емес, лас жолдармен иеленіп жатқандар жетерлік. Мұндай жастарды кім, не және қалай жүгендейді?
Мәселенің өрімін тарқата берсек, мемлекетіміздегі «сыбайластық» атты уы етек-жеңге жеткен жыланға кезігеміз. Уды қайтару кеш емес, дегенмен қиын іс. Себебі жемқорлық бұрынғыдай тек мемлекеттік органдарда ғана емес, қарапайым халық арасында кеңінен етек жайып кеткен. Тіпті білім бастауы саналатын мектептердің өзі парамен сыбайлас болған. Аталмыш уды қайтару мінбедегі басшыларымыз екпінімен, қатаң заңдарымен ғана ауыздықталмақ. Десе де жемқорлық сөз болғанда әрбір адам өзінен байқау керек.
Кезекті мәселеге бет бұрсақ. Мәселе емес, жастардың бүгінгі таңдауы деуге келеді. Статистикалық комитеттің деректері бойынша, жыл сайын елімізде 14 пен 28 жас аралығындағы 8 мыңға жуық жас білім жолында шетел асады екен.
Қазақ жастарының 32 %-ы, яғни әрбір үшінші қазақ баласы шетелге кетуге құмартады. «Egemen Qazaqstan» газетінің мәлімдеуінше, 2018 жылы еліміздің әр өңірінен 7838 жас өзге мемлекеттерге «жайлы өмір» іздеп кеткен көрінеді. Бұған не түрткі?
Әрбір саналы түлек сапалы білім алу керектігін ұғынады және соған қарай әрекет етеді. Мысалға, медицинасы бізден әлдеқайда дамыған Корей Республикасына немесе радиоэлектроника, ақпараттық жүйелері жоғары дәрежеде дамыған Ресей, АҚШ секілді мемлекеттерде оқып, тәжірибе жинау. Иә, бізде тапжылмай бір орында тұрақтап қалған салаларды басқа елден тәжірибе жинақтап келіп өз елімізде неге дамытпасқа?
Жастардың осы тектес ойлары өте орынды, ұнамды. Ал, бірақ жастар шет елге білім ізденіп кетсе, ойлары ауытқып, сол жерде қалып өмір сүруге құлшынысы оянып, қалып қойып жатады. Айтар сылтаулары: Қазақстан шет елдегідей жаңа құрылғылармен жабдықталмаған.
Негізінде тұрақты жұмыстың болмауы, жалақының мардымсыздығы, бірінші мәселедегі «улы жыландардың» көбейіп, тамырын тереңге бойлап жатқаны және ең бастысы патриоттық сезімнің бойда жоқтығы қазақстандық жастардың шетел асуына түрткі болып отыр.
Жастардың шет елде оқуға барып қалып қоюлары еліміздің халық санының өсу пайызын жыл сайын айтарлықтай кемітіп отыр. Оған қоса, біліксіз мамандардың әсерінен жастардан өзге бала, қариялар да басқа елдерге емделіп, сол мемлекеттердің қалтасын толтырып жатыр. Міне, бұл мәселелер шиеленісте қалып, ашып берер адамды яки бір «сиқырды» тосып жатыр.
Ол үшін әрбір бүлдіршінге бала кезінен отбасының тарапынан, мектеп тарапынан ұлтжандылық сезімді қалыптастырып, өн бойын сол бір тамаша сезіммен, үлгілі тәрбиемен толтыру керек. Сонда әрбір азаматымыз бен азаматшамыз елі үшін, елінің өркендеуі үшін адал еңбек етпек. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлы ойшыл Әбу-Насыр Әл-Фарабидің нақылы осы тақырыпқа арқау іспеттес.