МӘДЕНИЕТ
Қайырлы күн, Bugin.kz сайтының құрметті оқырмандары! Бүгін тарих бетіне алтын әріппен қалмаса да, әулет үшін үлкен тарих саналатын Шолпан әжемнің басынан өткен оқиғасын баяндап бергім келеді. Адам басынан өткен шытырманға толы оқиғаны көптің де біліп жүргенін қалаймын
Әжем Қазіргі Түркістан облысы «Қаратау тәжі» есептелетін Кентау қаласында, ауқатты отбасында өмірге келген. 1932-33 жылдар бай біткеннің бәрін үрім-бұтағымен қойша қырған заман деседі. Әжемнің отбасы да осы оқиғаның құрбанына айналған екен. Әжең қалай тірі қалды деген ой мазалап тұрған шығар. Әжем қашып кетті, Қаратау жотасынан асып жаяу жүре беріпті, жүре беріпті, Аштықтан есеңгіреп отырған жұрттың ешқайсысы бұралақтап құр сүлдері қалған Шолпан әжемді бауырына баспапты.
Жұрт үлкен әжемді көргенде қайрымсыз құбыжықты көргендей балаларын жертөлеге тығады екен! Сондағысы сондағысы «әрі кет, баламды жеп қоясың!» дейді екен. Жүрегі мейірімге толы әжемнің біреудің баласын жеу туралы ойы үш ұйықтаса да түсіне кірмес. Қаршадай қара қыз айналасынан тек қамқорлық күткен.
Сондағы адам бере алмаған махаббат пен қамқорлықты хайуан екеш хайуан берді.
Менің әжемді қыс бойы қасқыр асырады десем сенесіз бе? Әкем мен атамның әңгімелерінен естігенде мен де өз құлағыма өзім сенбедім.
Әжем қылышын сүйеп қыс келгенде жататын орын таппай қасқырдың апанына орналасыпты. Суықтан тоңған, ашыққан әжемді көрген қасқырдың өзі інін босатып шығып кетіпті. Онымен қоймай өзі жеген тамағын әжеме құсып беріп асыраған екен.
Қыс өткен соң әжем тоқтамастан кете беріпті. Осылайша жүріп бара жатқан жолында пойыз кездессе керек біріне мініп жүйткіген вагондармен өзі білмейтін, өзі көрмеген жерге келіп жетеді. Ол Қазіргі Өзбекстан мемлекетінің астанасы Ташкент қаласы.
Аштықтан құтылып, елдің енді етек-жеңін жиып жатқан кезі екен. Не тамақ ішпеген, үстінде дені дұрыс киімі жоқ әжеме әйтеуір бір мейірімді әйелдің көзі түсіп, үйіне қызметші етіп алады. Үстіне киім береді, асын ұсынады.
Әжем ол әйелдің қолында бірнеше жыл жұмыс істейді. Біраз уақыт өткен соң әлгі әйел өзінің ұлын әжеме үйлендіреді. Алайда ұлының жасы менің әжемнің жасынан едәуір кіші болады. Сондықтан әжемді асыраған әйел өзінің қателік істегенін түсініп, көп ұзамай әжемді 23 жасында менің үлкен атам (атамның әкесі) Пырменге ұзатады.
Екеуі отбасысын құрып 1 ұл, 2 қыз баланы тәрбиелейді. Атам үйленіп, келін түсіріп үлкен атам мен әжемді қуантады. Пырмен атам мен Шолпан әжем 18 немере сүйеді.
Қартайған әрбір адам өзінің туып өскен жерін аңсайды ғой. Елін сағынғаннан «Сарыарқа, елім-ау, сағындым жерімді-ау!» деп жылайды екен.
Әжемнің жылағанын байқаған келіні Ташкенттегі газеттердің біріне (нақты қандай газет екенін ұмытып қалыпты) Шолпан әжемнің туысқандарына іздеу салып, мақала жазғызады.
1980 жылдардың төңірегінде газетке жазылған мақала арқылы (нақты қай жылдар екенін ұмытып қалған) 70 жасқа таяп қалған Шолпан әжем өзінің тірі қалған туысқандарын, жақындарын табады.
Шолпан әжем
Әжемнің жақындары Кентауды әлі мекен ететін көрінеді. Туған жеріне барған әжеме 90 жастағы қарт ағасы келіп маңдайын сипапты (көзі көрмейді екен). Маңдайын сипап тұрып, бір тыртықты (шырам) іздепті. Тыртықты тапқан кезде «Сен сол Шолпан екенсің» депті. Жан-жағында отырғандар « Ата мұны қайдан білдіңіз?» деп таңырқай қарағанда, «баяғыда анасы мұны қолына алып, ет жеп отырған кезде сүйегі маңдайын жыртып тыртық қалып қойып еді, сол тыртық маңдайында әлі бар екен, содан байқадым» деген екен. Әжем Ташкентке қайтар кезінде туған жерінің бір уыс топырағын алып кетіпті.
Үйге келгенде келініне (әкемнің анасына) бір уыс топырақты ұстатып «мені жерлегенде туған жерімнің бір уыс топырағын тастаңдар» депті. Содан 5-6 жыл өткен соң әжем дүние салыпты. Балаларына айтып кеткен аманаты орындалып, туған жерінің бір уыс топырағы бұйырған екен.
Иә, адам баласы басынан өзі ойламаған нәрселерді өткереді. Шолпан әжемнің де маңдайына жазған тағдыры осы болған шығар.