Сұқбат

Суретші Әсел Бекжан: "көрмелерге тек туыстар келеді"

Еліміздің атын шетелге танытып жүрген талантты жастар өте көп. Сондай ерекше жастардың бірі – Әсел Бекжан. Әсел – Алматы қаласының тумасы. Бүгінде кәсіби суретші, кескіндеу өнерінің шебері, гиперреалист. Биылғы "Қазақстанның 100 жаңа есімі" байқауының қатысушысы. Сурет өнерін дамытып, көптеген халықаралық және республикалық байқаудың лауреаты атанған. Суреттері «Эрист және Янг» деп аталатын компанияның Лондондағы бас кеңсесінде ілулі. Оның есімі әлеуметтік желіде әнші Жанар Дұғалованың портретін салып, Шарын шатқалында бейнебаян түсіргенімен таныс. Желі қолданушылары өнерлі арудың салған суреттеріне тәнті болып, жұмысына жоғары бағасын берген. Ендеше, жас суретшімен жақынырақ танысайық

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

– Сурет өнеріне қалай, не себепті келдіңіз?
Мен бала кезімнен сурет салғанды ұнатамын. Кішкентайымнан менің суреттерім қатарластарымның ішінен ерекшеленетін. 2006 жылы өнер мектебіне оқуға түсіп, сол жерде сурет салуды кәсіби түрде үйрене бастадым. Суретшілік қабілетім 10 жылдық білімнің арқасында шыңдалып, лайықты бағасын алып жатыр. Маған шығармашылықпен айналысқан қатты ұнайды. Сондықтан, өмірімнің көп бөлігі суретпен байланысып кетті.

– Қазақстандағы сурет өнерінің бүгінгі жай-күйіне көңіліңіз тола ма?
Егер мен өнердің жай-күйін көрмелерден көріп қана әділ бағаласам, Қазақстандағы көрмелерге адамдар қатыспас еді. Көрмелерге адам өте аз баратынын көріп те, естіп те жүрмін. Негізінен көрмеге суретшінің туыстары мен жақындары ғана барады. Бұл қуантарлық жағдай емес. Менің ойымша, адамдарды өнерге, өнердің сұлулығына және оның идеясына қызықтыру керек. Қазіргі таңда мен өз өнерімді өзіндік «digital форматына» көшіремін. Өйткені уақытпен бірге қадам басып, еліміздің бейнелеу өнерінің дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Сондай-ақ, өз шығармашылығыммен Қазақстанның әсем табиғатын, ұлттық киімдерін және еліміздің даңқын шығарған тұлғаларды насихаттағым келеді.

– Шығармашылық сіз үшін хобби ме?
Мен үшін шығармашылық – хобби әрі жұмыс. Дәл осы салада өзімді жақсы сезінемін. Себебі, өзім жақсы көретін және онсыз өмір сүре алмайтын нәрселерден ақша табамын. Мұны көбі түсіне бермейді. Мен гипперреалист (көшіріп салушы) болғаннан кейін, айналамдағы адамдарға қарап, олардың бет-әлпеті ұнап қалса, шабытым ашылып, қандай бояуларды араластыру керегін сол сәтте ойластырып жіберемін. Бұл – менің сүйікті ісім. 

– Әлеуметтік желіге көз жүгіртсек, Жанар Дұғалованы салған суретіңіз қалың көпшілікті таңғалдырды. Бұл суретке қанша уақыт кетті?
Картинаға 100 сағат кетті. Бұл күнделікті жұмыстың шамамен 2 аптасы. Жанар Дұғалованың шығармашылығынан ерекше әсерге бөленіп, оның портретін салуды жөн көрдім. Менің ойым мен идеямды осы суреттен көре аласыздар. Жалпы, керемет туындыларды тыңдағанда қатты шабыт аламын. «Ізін көрем» әні де кез келген жанды рухтандырып, жігерлендіріп жіберетін туынды. Сондықтан, портретті салып, сол әнге Шарын шатқалында бейнебаян түсірдім. Осындай қажырлы еңбектен кейін адамдарға менің жасаған ісім ұнағанына қуаныштымын.

– Сурет салудың өзіндік құпиялары бар ма?
Әрине, тәжірибесі бар әр суретшінің өзіндік ерекше техникасы мен сурет салу құпиясы бар. Менің де өз құпиям бар. Бірақ, ол үшін еңбектену керек. Болашақта сурет салу бойынша арнайы сабақ бергім келеді. Яғни, өзім ғана біліп қоймай, жас ұрпаққа тәжірибемді бөліскім келеді.

– Тағы қандай суреттер салу ойыңызда бар?
Менің мақтан тұтатын көптеген шығармашылық жұмысым бар. Түрлі қызықты кескінделген суреттерім де баршылық. Қазір мен Қазақстанның даңқын асырған атақты адамдардың портретін ғана салуды ұйғардым. Тек заманауи ғана емес, сонымен қатар тарихи тұлғаларды басты назарға алдым. Олардың бейнесін жастар ұмытпау керек. Мен үшін бұл үлкен мәртебе болады деген ойдамын!

– Суретші болсам деп талаптанып жүрген жас суретшілерге айтар ақыл-кеңесіңіз?
Мен еңбектенуге кеңес беремін! Егер сіз сурет салуды таңдасаңыз, онда күн сайын сурет салыңыз. Кем дегенде 20 минут. Сонда картиналарды салу оңайырақ және қызықты болады. Әрдайым жұмыс істеңіз және еңбектеніңіз. Шыдамды болыңыз, себебі сурет деген сүйіспеншілік пен махаббатты қажет етеді.